Бауыржан Момышұлының құрметіне челлендж өткізілді

25 Желтоқсан 2022, 18:25 1821

Даңқты қолбасшының өмір жолы – халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің нағыз үлгісі

Қарулы күштерде аты аңызға айналған қолбасшы, әскери өнер жайлы танымал кітаптардың авторы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған челлендж аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның қанатты сөздері мен нақыл сөздері қатардағы жауынгерден бастап генералға дейін жанына жақын, әрі тайға таңба басқандай нақты.

Қазақстандықтар ауқымды пікір қалдырған челлендж екі айға созылды. Оған барлық әскер түрлері мен тектерінің генералдары мен командирлері, келісімшарт бойынша әскерилер, мерзімді қызметтегі сарбаздар қатысты. Олар даңқты қолбасшының қанатты сөздері мен нақылдарын жатқа айтып, әлеуметтік желілерде бейнероликтер жариялап, эстафетаны басқа гарнизондардағы әріптестеріне жолдады.

Ұлы Отан соғысының сынағынан өткен жауынгер ретінде батыр Отан, ғалам, ақиқат, мақсат, адамгершілік, патриотизм, ерік пен батылдық сияқты маңызды тақырыптарды арқау еткен. Мұнда оның әскери стратег, ерекше ойшыл және психолог ретіндегі таланты толық көрінді.

24 желтоқсан – қазақтың ұлы қолбасшысының туған күні. Еліміздің түкпір-түкпірінде әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері аты аңызға айналған батырдың ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімдеріне қатысты. Батырдың есімі ауылдарға, көшелер мен мектептерге берілген. Ол туралы талай фильмдер түсіріліп, көптеген кітаптар жазылды.

Ел армиясының әскери қызметшілері қазақтың біртуар даңқты ұлын еске алуда. Оның «Соғыс психологиясы» еңбегі – әскердегі әр командирдің үстелінде тұр. Бауыржан Момышұлының өмір жолы – халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің нағыз үлгісі.

EL.KZ
Бөлісу: