Бауыржан Момышұлының қолжазбасы бар карта табылды

15 Мамыр 2023, 16:15 1295

Әлкей Марғұланның жеке мұрағатынан Бауыржан Момышұлының қолжазбасы бар карта анықталды, деп хабарлады El.kz ақпараттық агенттігі.

Halyq Uni сайтының мәліметінше, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің тарихшылары Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының Әлкей Марғұланға табыстап кеткен картасын анықтаған. Тарихи құжат академиктің жеке мұрағатынан табылған.

Аталмыш құжатты көпшілікке Марғұлан университетінде өткен конференция барысында Margulan Centre археологиялық орталығының қызметкері Еңлік Әбеуова таныстырды.

Картада Шымкент облысының 1972 жылғы әкімшілік территориясы көрсетілген. Аталған тарихи құжатты Халық қаһарманы академик Әлкей Марғұланға 1973 жылдың желтоқсан айында берген.

Картаның басты бетіне Бауыржан Момышұлы өз қолымен:

Таразыда – Тастария,

Сайрамдағы Сансызбай,

Арыстанда – Албарбарыс,

Жуалыда – Жолбарыс,

Түркістанда – Түйменбап деген сөздер бар біздің елде, сол сөздердің тарихтары терең, астарлары жер астында (археология) жатқан болар, - деп жазып қойған.

Ал картаның артқы бетіне сызба мен оның қысқаша анықтамасын келтірген, яғни ата-бабалары бойынша ақпарат берілген.

Бұл құжаттың бүгінде тарихи маңызы өте зор. Себебі 60-тан асып, 70-ке таяған кездегі екі тау тұлғаның арасындағы қарым-қатынасы, туған жеріне, тарихына деген ықыласы сезіліп тұр. Бауыржан Момышұлы жер атаулары мен батыр бабалары бойынша ақпаратпен бөлісе отырып, әрі қарай зерттеуге, тарихты зерделеуге, жаңа мағлұматтар алуға қолқа салып отырғандай, - деді Еңлік Қабыкенқызы.

Равиль Ашығали
Бөлісу: