Бауыржан Байбектің әкесі кінәлі деп танылды

13 Шілде 2023, 11:09 10464

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке тиісті лицензиясыз кәсіпкерлікпен немесе өзге қызметпен айналысқаны үшін 51 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Atameken business арнасына сілтеме жасап.

Бұл туралы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының отырысында белгілі болды.

Бұған дейін Астананың әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қыдырғали Байбекке қатысты екі істі қарап жатқаны туралы жазғанбыз

Қыдырғали Байбекке ҚР ӘҚБтК-нің 319-бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап тиісті жер құқығынсыз өндірістік, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық  немесе тұрмыстық объектілерді заңсыз салғандарға қатысты қозғалады.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ оған ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының бірінші бөлігі бойынша тағы бір айып тағылады. Бұл бап бойынша кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысуға, сондай-ақ тіркеусіз, рұқсатсыз әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға, сол сияқты, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, хабарламаны тіркеу, рұқсат беру, жіберу міндетті болған жағдайларда хабарламаны жібермегендер жауапқа тартылады.

Айта кетейік, Қыдырғали Байбек еңбек жолын теміржолшы болып бастаған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін бірнеше жыл бұрын "Алматы бойынша Жолаушылар тасымалы" КМК басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бір сыныпта оқыған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: