17.08.2025
08:40
463
Бауырға ең зиянды өнім анықталды

Бауырға ең зиянды өнім анықталды

Алкоголь о бастан-ақ бауырдың басты жауы болып саналады. Тіпті аз мөлшерде тұтынудың өзі уақыт өте келе гепатитке, циррозға және басқа да ауруларға әкелуі мүмкін. Бірақ жаңа зерттеулер көрсеткендей, спирттік ішімдік жалғыз қауіп емес. Бұл туралы DoctorPiter сайтында жарияланған зерттеу нәтижелерінде көрсетілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ғалымдар нені анықтады

Луисвилл, Бостон және Массачусетс университеттерінің (Лоуэлл) мамандары жануарларға тәжірибе жүргізді. Тышқандар екі топқа бөлінген: біріншісі қалыпты тамақпен қоректенсе, екіншісіне құрамында 5 пайыз этанол бар диета берілді. Алтыншы күннен бастап екі топқа да күн сайын 1 мг/кг арнайы қосылыстар – ПФАС (PFAS) енгізілді.

ПФАС деген не?

ПФАС – шамамен 70 жыл бұрын жасалған синтетикалық химиялық заттар тобы (оның ішінде PFOS және PFOA бар). Олар ерекше қасиеттеріне байланысты бағаланады: суды, майды және кірді қабылдамайды, қыздырғанда бұзылмайды және ондаған жыл бойы тұрақтылығын сақтайды.

Сондықтан ПФАС мына салаларда кеңінен қолданылады:

тефлон жабындарында және жабыспайтын ыдыста,

фастфуд қаптамасында және бір реттік ыдыста,

өртке төзімді көбікте,

су өтпейтін киім мен тоқымада,

кілемдерде, жиһазда және тіпті косметикада.

Негізгі мәселе – олардың төзімділігі. Бұл заттар табиғатта іс жүзінде ыдырамайды, сондықтан «мәңгілік химикаттар» аталып кеткен. Уақыт өте келе олар суға, топыраққа, ауаға және адам ағзасына жиналады. Бүгінде ПФАС ізі Арктикадан да, жер бетіндегі халықтың 98 пайызынан да табылып отыр.

Қауіпті нәтижелер

Тәжірибелер көрсеткендей: енгізілген «мәңгілік химикаттардың» 60 пайызына дейін бауырда жиналады. Организм оларды апта бойы да, айлар бойы да шығара алмайды. Сонымен қатар:

алкоголі бар жануарлардың бауыр зақымдануы әлдеқайда ауыр болды;

ПФАС май алмасуын және ағзаның қорғаныс механизмдерін бұзды;

химикаттар мен алкогольді біріктіру майлы дистрофия, қабыну және фиброз қаупін күрт арттырды.

Бұл нені білдіреді

Ғалымдар ескертеді: ПФАС бауырға алкогольсіз де зиянды. Бірақ спирттік ішімдікпен қосылғанда, орган әлдеқайда тез бұзылады. Сарапшылар артық алкогольден бас тартуға, салауатты өмір салтын ұстануға және құрамында «мәңгілік химикаттар» бар өнімдер мен бұйымдарға мұқият болуға кеңес береді.

Қазіргі таңда ПФАС, қатерлі ісік қоса алғанда, түрлі аурулармен байланыстырылып отыр. Тікелей дәлелдер әлі жоқ, бірақ көптеген елдер бұл заттарға толық тыйым салу мүмкіндігін қарастыруда. Германия, Нидерланд, Норвегия, Швеция және Дания ресми түрде «мәңгілік химикаттардың» қолданысын шектеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.