Бауыржан Ибрагимов: Халық бірлігін әзілмен көмкереміз

5 Сәуір 2017, 16:17 9069

Сатира сардары

Қазақстанның халық әртісі, сатира сардары Бауыржан Ибрагимовтің ұйымдастыруымен Қазақстан халқының достығы мен бірлігі мейрамының қарсаңында 1 және  2 мамыр күндері алғаш рет Астана мен Алматы қалаларында І Халықаралық «Бауыржан FEST» әзіл фестивалі өтпек. Осыған орай, әртістің өзімен тілдесіп, болашақтағы жоспарларымен танысқан едік.

–    Әңгімемізді «Бауыржан FEST»  атты жаңа форматта өткізгелі отырған фестивальден бастасақ...

–    Фестиваль дегеннің өзі француздың festival-нан, яғни мерекелік деген мағынадан шыққан. Бұл дегеніңіз, бір өнердің жеткен жетістігін халыққа көрсету. Бізде алғаш әзіл-сықақ фестивалі Уәлибектің (Әбдірайымов-авт.) бастауымен Шымкентте өтіп жүретін. Бірақ, оның  аудиториясы аз болып, көпшілікке толық жете қоймады. Өткізгелі отырған шарамыз бәрінің құлағына жету үшін Елордамызда қойған жөн деп есептедім, себебі, Астанада болған кез келген концерт Қазақстанның түкпір-түкпіріне жетеді, кең таралады.  
      Фестиваль халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Оған ресейлік әйгілі «Кривое зеркало» шоуының жұлдыздары Карен Аванесян мен Абит Асомов, сол секілді қырғыздың «Жоошбай» әзіл-сатира тандемі, оның ішінде Әбді, Камондор, Абдулла секілді сатириктер, Өбекстанға аты мәшһүр Мырза секілді әртісі бастаған «Мирзо» әзіл театры келгелі отыр. Сондай-ақ, өзіміздің «Шаншар», «Алдараспан», «Екі Езу» әзіл театрлары да қатысады.

–    Үлкен ауқымдағы мұндай шара өткізу идеясы қалай туындады?

–    Бұл идея баяғыдан ойымда жүрген еді. Бірнеше жыл бұрын шама-шарқым жеткенше, Алматыда өзбек, қырғыз әзілкештерінің басын қосып, ұйымдастырып көргенім бар. Бірақ, оны әр жыл сайын жалғастыру мүмкін болмады. Себебі, сол баяғы қаржы тапшылығы.

–    Ал бұл шоуыңыз мемлекеттен қолдау тапты ма?

–    Министрлікке арнайы хат жаздым. Олар қолдау көрсетіп, демеушілік танытатынын айтты. Бірақ, бұл жолы емес. Келер жылдан бастап, жоспарға кіргізіліп, толықтай мемлекеттің қолдауымен өтетін болады. Бұл жылы сол уақытты күтпей-ақ, бастап кетуіме тура келді.
      Министрліктегілер «Қазақстан» Орталық концерт залының құнын 50%-ға түсіріп берді. Қазақ өнеріне жаны ашитын айтулы азамат Ермек Аманшаев та қолынан келгенше жәрдемдесетінін мәлімдеді. 
      Фестивальді халықтар достық күніне сәйкестендіріп жасамақпыз. Ондағы мақсат – халықты біріктіріп, біртұтас ететін құндылықтарды әзіл арқылы көрсету, қалжыңмен көмкеру, достық пен бірлік, татулық идеяларын насихаттау.

–    Көптілді шоуды қазақ қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

–    Фестиваль дегеннің өзі осынысымен  –  фестиваль. Оларға қазақ не орыс тілінде әзіл әкеліңдер деп айта алмаймыз. Біздің тілді аз-маз білетіндер өз қойылымдарына қоса жатар. Дегенмен, сценарий бойынша қазақшаға келтіріп әзірлейміз. 

–    Әртістерге қойып отырған талабыңыз қандай?

–    Әлі сахналанбаған жаңа, халыққа өтімді туынды болса деген тілегімізді жеткізенбіз. Оларға «қазақ, тілде сахнала, мына тақырып бойынша қойылым қой» дей алмаймыз. Себебі, бұл талаппен олар мүлде шоуға қатыспас еді. Өзім 1991 жылы Мәскеуде өткен әзіл-сықақ фестивалінде «Катюшаны» қойып, лауреат атанғаным бар. Бірақ, орыс тілінде. Қазақша дайындап барған сатирамды орысшаламасаң шықпайсың деді. Ал оны аударып, өңдегенде 50% мән-мағынасын жоғалтып алды. Құлақтың құрышын қандыратын шұрайлы қазақ сөздері осылай көрерменге жетпей, сырт қалды. Сол себепті, ешқандай талабымыз жоқ. Тек қойылым 10-12 минуттан аспауы қажет.

–    Алыс-жақын шет елдегі шақырып отырған әртістермен келіссөз жүргізу қиындық туғызбады ма?

–    Жоқ, олар менің ескі достарым. Бір ауыз сөзімді жерге тастамады, әрине олардың алатын гонорарлары бар. Ресейден келген әртістер иыққа жабатын шапанға көне қоймайды. Осы жерде айта кетейін, бұл фестиваль болғандықтан, мұнда гонорар берілмейді, әртүрлі номинациялар бойынша сыйақылар тапсырамыз. Мысалы, «Құдайберген Сұлтанбаев атындағы ең жақсы актерлік қойылым», «Марат Сахатов атындағы үздік сценарий» немесе «Мейірман Нұрекеев атындағы ең үздік актерлік орындау» деген секілді... 

–    Сонда бұл сыйақыларды өз қалтаңыздан шығарып отырсыз ба?

–    Менің жоспарым бойынша, концерт өзін-өзі жабуы керек. 

–    Фестивальде қай әзіл жанрына басымдық берілмек?

–    Шектеу жоқ. Ілгеріде айтқанымдай халыққа өтімді болса болғаны... Сол секілді музыкалық және пародиялық сахналарды, миниатюралар мен қойылымдарды қоямыз.

–    Осы шоу сияқты өнер саласында әр түрлі жобаларды қолға алып жүрсіз. Біраз жыл бұрын Өнер Университетінде Эстрада және миниатюра бөлімін аштыңыз. Бөлімнің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

–    Өзіңіз айтқандай, 2012 жылы Өнер университетінде эстрада және миниатюра бөлімін аштым. Өткен жылы тоғыз бала бір курсты аяқтап шықты, ал қазір уақытша тоқтап тұр. Бөлімді қайта қолға алу ойымызда жоқ емес. Оларды оқытып, шоқытып шығарғанмен, баратын театр болмай отырған жоқ па?  Мәселенің барлығы осыған барып тіреледі. 

–    Ол шәкірттеріңіз қазір қайда жүр? Сахна сыртында қалды ма?

–    Өкінішке қарай, қазір олар жан-жақа тарап кетті. Мәселен, екі-екіден бөлініп өздерінше ән тобын құрып алғандары бар. Бір қыз Ақтауда актриса. Тағы бірі университетте оқытушы қызметінде қалды. Бұлардың басын біріктіріп, ұстап қалатын мемлекеттік театр жоқ. Тек бұл тоғыздың емес, жалпы сахнада, әртүрлі тетарларда жүрген талантты балалардың басын қосатын, үйрететін, сахнаға баулитын театр болмай тұр. Оларда ұстаз жоқ. Талап жоқ. Сол себепті әрқайсысы өзінше талпынып, өз шама-шарқы жеткенше көсіліп жатыр. Әрине, қарның ашатын тұстары да жеткілікті. Кейде сахна төрінде тұрып мән-мағынасыз әзілдерді айтып, әйтеуір халықты күлдірудің амалын жасап тұрғандарды көрсем қолдарынан микрафон жұлып алғым келеді. 
      Олардың көбі күнкөріс қамына кіріскен, әлбетте, коммерция бірінші орында жүрсе, өнердің құны болмайды. Оны түгелімен алып та тастай алмайсың. Сахнаның өз тілі болады. Сахна төріне шыққан кез-келген әртіс көрерменнен бір бас жоғары тұруы керек. Тұрмыстық киім мен құнсыз әзілді сахнаға шығара берсек көріп, тамашалайтын дүние қалмайды. 

–    Бір кездері БАҚ беттерінде «Бауыржан шоу» театры жұмысын  тоқтатты, тоқырап қалды» деген сөздер гу-гу қаптады... 

–   Тоқтаған түгіміз жоқ, тек 2009 жылы концерт берген соң, 2013 жылы ғана тағы бір концерт ұйымдастыра алдық. Театр әлі күнге дейін бар. Оны  ұстап тұру деген үлкен шаруа. Мен Елордада жұмыс жасадым, ал қалған әртістер оңтүстік астанамызда. Олардың басын қосып, жағдайын жасауға қаржы шіркін мүмкіндік туғыза бермейді. Әрқайсысының отбасысы бар. Бұрынғыдай «жиналыңдар» десең, чемодандарын арқалап жетіп келе алмайды. Бір-екі рет бастарын қоса қояйын деп едік, Алматы мен Астананың ортасын жалғау қиындық туғызған соң, амалсыз кейінге шегердік. 

–    Енді қашан концерт бермексіз?

–    Биылғы жылдың күзінде халықтың басын қосқымыз келеді. Фестивальден соң, дайындыққа кірісеміз. Бірлі-екілі драматургия жанрында бой көрсетіп жүрген жас қаламгерлерді тартып, жақсы қойылымдар жасап шығамыз деген ниет бар.

–    Қазір сахнада барлығы жеңіл-желпі дүниелер деп қалдыңыз, сонда жақсы драматургке тапшымыз ба?

–    Білесіз бе, қазақ сатирасы жоқ қазір. Оны қайта тірілту үшін драматургия керек. Маған сатира жанрында қалам сілтеп жүрген драматург айтыңызшы.. Көрдіңіз бе? Отты-отты дүниелер мен тартымды әзілдерге құралмаған қойылымның тапшылығы қазақ сатирасының басына қара бұлт үйрілтті. Біздің жанр айналасында толып тұрған мәселелер бар. Оны шешу үшін білек-сыбана кірісіп жатқандарды көрмейміз. Ешкімге керек емес, бірақ әзіл-сықақты бәрі керек етеді. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: