Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қасыбаев Орал қаласының тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Руслан Қасыбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда Орал қаласы су тасқынына байланысты қауіпсіз аймақта. Судан құтқару шаралары алдын ала жасалғанымен Жайық өзенінің көтерілуіне байланысты өзен жайылымында орналасқан саяжайды су басты.
Орал қаласындағы су басудың қауіпті деңгейі - 8,5 метр, ал саяжайдағы судың қауіпті деңгейі - 6,5 метр. Сол себепті сәуір айының басынан саяжай тұрғындары алдын ала қауіпсіз жерге көшерілді. Әсіресе 1, 2, 3-саяжай, Венера, Лесник, Стеновик және т.б тұрғындар қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Эвакуациядан бас тартқан азаматтар құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен көшірілуде. Көшуден бас тартқан тұрғындарды құқық қорғау органдары мен ТЖД қызметкерлері мәжбүрлеп эвакуациялайды. Уақытша орналастыру орындары қажеттің барлығымен қамтылды. Келушілерді қабылдауға дайын. Өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін қатерге тікпеңіз,-деді БҚО ТЖД бастығы міндетін атқарушы.