Батыс Қазақстан облысында бизнесті дамыту мәселелері талқыланды

18 Тамыз 2023, 23:34 609

Өңірге жұмыс сапары барысында Әлібек Қуантыров кәсіпкерлермен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, өңірдің бизнес қоғамдастығы құрылыс саласын одан әрі дамыту туралы өтініш жасады. Ведомство басшысының айтуынша, құрылыс индустриясы экономиканың негізгі салаларының бірі, бұл бағытта Үкімет те үлкен жұмыс атқаруда.

«Мұнда көп нәрсе әкімдіктерге, өңір кәсіпкерлеріне де байланысты. Жалпы, біз өңірлік дамуды белсенді қолдаймыз. Үкіметтің мақсаты - халықтың базалық мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуіндегі өңірлік сәйкессіздіктерді азайту. Өңірлік стандарттар жүйесі бар. Бұл бойынша елді мекендер, шағын және моноқалалардың барлығы ең төменгі стандарттарға сәйкес келуі тиіс», - деді Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер демеушілік көмек көрсету кезіндегі салықтық жеңілдіктер мәселесіне бөлек тоқталды.

Министр атап өткендей, қазіргі уақытта салықтық әкімшілендіруді оңайлатуға және цифрландыруға баса назар аудара отырып, жаңа Салық кодексінің жобасы әзірленуде.

«Менің ойымша, шегерімдерді қарастыруға болады. Біз қазір онымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Барлық ұсыныстарды мұқият қараудамыз. Қазір біз шегерім саясатын толығымен қайта қарастырамыз», - деді ол.

Кәсіпкер Геннадий Франк мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін экономикалық қызмет түрлерінің бірыңғай жалпы жіктеуішін (ЭҚЖЖ) әзірлеуді сұрайды. 

Министрдің сөзінше, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік қолдау шараларының кең тізбесі, оның ішінде салықтық жеңілдіктер, қаржылық және ақпараттық қолдау көрсету көзделген.

«Жалпы, ШОБ дамыту мәселесінде бюрократия болмауы керек деп санаймын. Сіздің ұсынысыңызды Қаржы министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырамыз», - деді ол.

Сондай-ақ, кездесуде ШОБ субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету, білікті кадрлардың тапшылығы, электрокарлардың дамуын ынталандыру, туристік қызмет нысандарын реконструкциялау, авиабилеттердің құнын субсидиялау және т. б. мәселелер көтерілді. 

Ведомство басшысы бизнестің шағымдары мен ұсыныстарын тыңдай келіп, ҰЭМ-ге қатысты мәселелер мұқият қаралатынын, қалғандары тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, Ә.Қуантыров "Даму" өңірлік филиалында болып, Қордың атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады.

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде 31,1 млрд.теңге сомасына 1306 жоба субсидияланды. 16,8 млрд. теңге сомасына 1183 жобаға кепілдік берілді.

Берік Арманов
Бөлісу: