08.06.2025
19:48
1316
Батыс өңірдің дарынды өнерпаздары Мәскеудегі халықаралық байқауға қатысады

Батыс өңірдің дарынды өнерпаздары Мәскеудегі халықаралық байқауға қатысады

Еліміздің батыс облыстарындағы 31 дарынды өнерпаз Мәскеуде өтетін халықаралық «КҚК – дарынды балаларға» арналған байқауында ел намысын қорғайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы бүгін Ақтауда өткен «Jas tolqyn» өңірлік байқауының баспасөз конференциясында айтылды. Жалпы сайысқа Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 350 жас дарын қатысқан.

Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, биылғы байқауға батыс аймақтың түкпір-түкпірінен 1380 бала қатысуға өтініш білдірді. Соның ішінде 350-і екінші кезеңге іріктеліп өтті. Байқаудың әділ қазылар алқасында мүше болған ҚР мәдениет қайраткері Марат Нүкеев негізгі мақсат батыс өңірінің ауыл-аймақтарындағы таланттарды анықтау екенідігін айтты. 

Байқау бес номинация бойынша өтті. Атап айтқанда, қатысушылар аспаптық жанр, хореография, вокал(оның ішінде эстрада вокалы), дәстүрлі жанр және әлеуметтік бейне бағыты бойынша бақ сынады. Әлеуметтік бейне номинациясы биыл жаңадан қосылды. Қатысушылар бұл арқылы қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік мәселелерді көтерді. Жоба «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ-ның қолдауымен қайырымдылық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – батыс өңірінің ауыл-аймақтарындағы таланттарды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту және әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау, - деді ҚР мәдениет қайраткері Марат Нүкеев.

Байқау аясында қатысушылар Қазақстан мен Ресейдің жетекші ұстаздары мен мәдениет майталмандарының шеберлік сабақтарына қатысуда. Бұл – өнер сахнасында жарқырау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар кәсіби даму мен шығармашылық шыңдалуға арналған ерекше орта дейді ұйымдастырушылар.

Байқау жыл сайын жаңа дарынды буынмен толығып келеді. Олардың басым көпшілігі еліміздің абыройын халықаралық деңгейде көтерді. Тек хореография номинациясы бойынша біздің қатысушылар Мәскеуде төрт жыл қатарынан бас жүлде иегері атанды. Өткен жылы біз екі бас жүлде мен төрт І орынды қанжығамызға байладық. Биыл да алған беттен таймай, көздеген мақсатқа жетуге ниеттіміз, - деді ҚР халық әртісі Гүлжан Талпақова.