20.08.2022
09:43
1565
Батыс Қазақстанда бірнеше тұрғын үй өртеніп кетті

Батыс Қазақстанда бірнеше тұрғын үй өртеніп кетті

Батыс Қазақстан облысында екі тұрғын үй қорасымен бірге өртеніп кетті, деп хабарлайды El.kz облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға түскі сағат 14.00 шамасында Жәнібек ауылында болған.

– Әуелі Әбдірахманов көшесінде шөп қора жанған. Кейін желдің салдарынан өрт Б.Жәнекешев көшесі, 105 және 180-үйлерге ауысып, үй мен қора-қопсылары түгелдей жанып кетті. Оған қоса тағы екі үйдің қорасы мен бір үйдің гаражы отқа оранды, – делінген хабарламада.

Ірі өртті ауыздықтауға жергілікті тұрғындар, техникалармен қатар көршілес аудандар мен Орал қаласынан өрт сөндірушілер тартылған.

– Сағат 18.12-де беті қайтқан өрттен зардап шеккендер жоқ, – делінген облыстық ТЖД таратқан хабарламада.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр.