«Басы қақ айырылып кеткен». Талғарда 16 жастағы оқушының өліміне қатысты тың деректер айтылды

8 Қазан, 10:30 6748

Алматы облысы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні пышақ және тапаншамен қаруланған бір топ адам өлтіріп кеткен 16 жастағы жасөспірімге қатысты тың деректер айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туыстары Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтіргенін, басы қақ айырылып кеткенін айтып отыр. 

16 жасар баланы анасының көзінше айуандықпен өлтірді. Қансырап жатқанында біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған. Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?, - дейді марқұмның әпкесі.

Туыстарының айтуынша, Талғардағы төбелеске кемінде 13 адам қатысқан. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты.
Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Мәлік Қабдуалиев кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

Оқиғаның барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, — деді ол.

Айта кетейік, оқиға 4 қазанда болған. Баланың әкесінің дүкенінен ер адам сыра алып, ақшасын төлемеген. Тіпті, бір топ адам шақырып, әкесі мен баласын тепкінің астына алған.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: