Баспасөзді байлап ұстасақ, әділетті қоғам құра алмаймыз – Мақсат Толықбай

30 Қараша 2023, 14:33 1182

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай отандық ақпарат нарығын күшейте алмай жатқанымызды айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға айтқан ұсынысында лоттарда мемлекеттік тапсырыстардың талаптары ашық жазу керектігін алға тартты.

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін жылына бюджеттен 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп келеміз. Оның ішінде ірі мемлекеттік телеарналар, газет-журналдар мен сайттар бар, алайда отандық ақпарат нарығын күшейте алмай келеміз. Ақпараттық соғыста жеңіліп жатырмыз десек болады. Өйткені мемлекеттік тапсырыс нақты тақырыптық бағыттарға беру керек дегенді үнемі айтып жүрмін. Нені дәріптейтініміз лотта анық жазылуы керек. Ашық жазылса, тәуелсіз басылымдар өздері-ақ қатысушы еді. Сол кезде бәсекелестік болады. Дайын мақалаларға репост жасап, миллиондарға ауадан ие болып отырған қаншама сайт бар. Ермұрат Бәпи айтқандай, облыстық, аудандық басылымдардың жағдайы да сол, - деді ол. 

Депутат мемлекет пен үкімет деген ұғымдардың ара жігін ажырату керегін баса айтты. Себебі БАҚ өкілдері қазір үкімет мүшелерінің жұмысын да сынға ала алмайтын болған.

Біз мемлекет пен үкімет деген ұғымдарды шатастырып алған секілдіміз. Бұл үкіметтік емес, мемлекеттік тапсырыс. Бірақ біздегі БАҚ үкіметті сынауға болмайды, олардың айтқанын түгел істеу керек деген қағидадан шыға алмай келеді. Президент айтқандай, олигополия, зерттеу материалдарын жасауға «Қазақстан», «Хабар» журналистерінің сауаты жетпейді емес, бірақ, мойындау керек, цензура бар. Мақсат ешкімді алаламайтын, тең қарайтын қоғам құру ғой. Ақша төлеп отырғандықтан, қоғамның әр мүшесі өзіне қажет ақпаратты тыңдауы керек. Ақпарат құралдары мақтау сипатына, мемлекеттік цензура, сөз бостандығын шектеу құралына айналмауы керек. Баспасөзді байлап ұстасақ, әділетті, демократиялық қоғам құра алмаймыз, сондықтан лоттарды ашық жазу керек, - деді  Мақсат Толықбай.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: