12.02.2026
10:28
615
Баспанадан мәжбүрлеп шығаруға заңмен тосқауыл қойылады

Баспанадан мәжбүрлеп шығаруға заңмен тосқауыл қойылады

Жаңа Конституция жобасында азаматтардың тұрғын үйі мен жеке меншігін қорғауға бағытталған маңызды нормалар нақтыланды. Атап айтқанда, құжаттың 28-бабында тұрғын үйге қол сұғылмаушылық қағидаты айқын әрі нақты бекітілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жобаға сәйкес, сот шешімінсіз ешкімді тұрғын үйінен айыруға немесе мәжбүрлеп шығарып жіберуге жол берілмейді. Сондай-ақ тұрғын үйге басып кіру, оны қарап-тексеру немесе тінту тек заңда белгіленген ерекше жағдайларда және қатаң құқықтық тәртіп сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұл норма азаматтардың жеке өмірі мен баспанасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен бірге 28-бапта мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны көрсетілген. Заңда айқындалған санаттарға жататын, баспанаға мұқтаж азаматтарға тұрғын үй белгіленген әлеуметтік нормаларға сәйкес берілмек.

Ал 29-бапта жеке меншік құқығына қатысты кепілдіктер күшейтілген. Онда Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде иеленген кез келген мүлкіне жеке меншік құқығы бар екені нақты жазылған. Меншік пен мұрагерлік құқық заңмен қорғалады, ал сот шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды.

Заңда көзделген айрықша жағдайларда ғана, яғни мемлекет мұқтажы үшін мүлік мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін. Бірақ бұл ретте азаматқа мүліктің тең құны толық өтелуі тиіс.

Сондай-ақ Конституция жобасы кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне кепілдік береді. Азаматтар өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік мақсатта еркін пайдалана алады. Монополистік қызмет заңмен реттеледі немесе шектеледі, ал жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

Еске сала кетейік, 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциядағы тұрғын үйге қатысты норманы нақтылай түсу қажеттігін атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, «тұрғын үйге қол сұғуға болмайды, сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да сот шешімінсіз жол берілмейді» деген тұжырыммен толықтырылуы тиіс.

Осылайша, жаңа Конституция жобасындағы 28-ші және 29-баптар азаматтардың тұрғын үйі мен жеке меншігін қорғауды күшейтіп, әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді нақтылай түседі.