Бәсекелестік жайлы көп ойласаң, бәсекелестің өнімін көшіріп жасайсың – ІТ маманы

19 Қараша, 14:25 1062

Еркебұлан Сапар – алдына үлкен мақсаттар қойып, сол жолда аянбай еңбек ететін өз ісінің нағыз маманы. Ол бүгінгі жетістігін NU-дағы сапалы білім алуымен ұштастырып отыр. «Электротехникалық инженерия» мамандығы бойынша білім алған алматылық азамат ІТ саласындағы алғашқы қадамдарын 2016 жылдан бастайды. Осы жылдар аралығында саланың «жілігін шағып», менторлыққа дейін өсіп-өнген жайы бар.  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жас маманмен тілдесіп, ІТ нарығындағы басты трендтерді біліп қайтты.

El.kz: Сәлеметсіз бе?! ІТ саласына қашан және қалай келгеніңіз жайлы тарқатып өтсеңіз...

Еркебұлан Сапар: ІТ саласына 2016 жылы бет бұрдым. Фултайм жұмысты 2017 жылдан бастадым. 2016 жылда nFactorial Incubator деген мобильдік қосымшаларды құру инкубаторынан өткен 10 апталықтың соңында «Zheti Ata» атты мобильді қосымша жасадым. Айта кету керек, бұл тақырыпты баяндау үшін «Қазақстан» телеарнасынан 2 рет шақырту алған едім. 2010-2016 жылдары PricewaterhouseCoopers атты халықаралық компанияда жұмыс істедім. ІТ саласындағы алғашқы жұмысым Әуе және темір жол билеттерін онлайн брондау сервисінде болды. Негізін қалаушы Алексей Леминнің 1 ай бойы көмекшісі болдым. Кейіннен продакт-менеджерлікте де өзімді сынап көрдім. 2017-2018 жылдары жеке компаниямды құрып, ІТ аутсорсингке ауыстым. Аутсорс ретінде басқа компанияларға веб-сайттар жасадық. Одан кейін 2019 жылы еліміздегі ұялы байланыс операторында продакт-менеджер болып, сон соң, басқа компанияда бизнес-аналитикамен айналысқаным бар. Тұрмыстық техника сататын дүкеннің онлайн магазин аналогын жасаған кездер де болды. 2022 жылдан бастап халықаралық компанияларға қызмет көрсете бастадым. Мәселен, 8 ай көлемінде Африкадағы американдық компанияда тәжірибе жинақтадым.

El.kz: ІТ жобасын жасау туралы идея қалай туындады?

Еркебұлан Сапар: ІТ жобамыз қазір Product Masters. Яғни, ІТ білім беру. ІТ саласын меңгеру мақсатын көздеп жасадық. Осылайша, бұл саланы  меңгеру процессін жеңілдетіп жатырмыз. Әзірге екі тілде ғана оқытамыз: ағылшын және орыс тілдерінде. Қазақ тілінде әлі бастамадық. Бірақ жоспарда бар. Сұраныс болса, міндетті түрде жасаймыз. Дәл қазір сұраныс аз. Сол себепті қолға алмадық. ІТ жобасын жасау идеясы 2022 жылдың желтоқсанында туындады. Ол кезде таныс бір-екі адам өзіме хабарласып, көмек сұраған болатын. «Продакт-менеджер болғым келеді. Арнайы курстардан өттім. Бірақ жұмыс табылмады. Қалай жұмысқа орналассам болады?» деген сұраныспен келді. Осы сала бойынша екі кісіні жұмысқа орналастырған едім. Айтпағым, продакт-менеджер болғыңыз келсе, осы саладағы азаматтардан сұрап-білу қажет. Осындай менторлық бағдарламамнан 20 шақты адам өтті. Бағдарлама жарты жыл, бір жыл шамасында созылды. Бүгінде олардың дені осы салада нанын тауып жүр.

El.kz: Жалпы қандай жобаларды жүзеге асырып жатырсыз? Толығырақ тарқатып өтсеңіз...

Еркебұлан Сапар: Жоба емес, компания десек болады. Product Masters. Мақсаты - Қазақстанда және Орталық Азияда ІТ саласындағы жұмыс істеп жүрген адамдар санын ұлғайту. Сондай-ақ, стартап компаниялардың ашылуын, цифрлану дағдарысын ұлғайту. Сол себепті ІТ компаниясындағы ең бастысы адам ресурстары дер едім.  Қазір продакт-менеджемент саласындағы курстар бар. Оларды өзім өткіземін. Өзім - ментор, лектормын. Сонымен қатар, ІТ саласындағы бес бағытты аштық. Олар: бизнес және жүйелік талдаушы, дата аналитика немесе ақпараттар аналитикасы, FlutterFlow технологиясында мобильді қосымшалар жасай білу маманы, Backend-әзірлеуші және UX-UI дизайнын жасау.

El.kz: Мақсатты аудиторияңызды қалай анықтайсыз?

Еркебұлан Сапар: Мақсатты аудиториямыз - ІТ саласына енді кіре бастаған адамдар. Қайдан ақпарат алу керек? Қандай қабілеттер керек? Оларды осы сұрақтар төңірегінде үйретеміз. Сондай-ақ, ІТ саласында жұмыс істеп жүрген мамандар. Оларға біліктілікті арттыру курстарын өткіземіз. Үшіншілері - кез келген салада жұмыс істеп, бірақ ІТ жоба, ІТ стартап немесе компания ашқысы келіп жүргендер. Оларға ІТ саласынан білім беру – басты мақсат. Соңғылары – Silevel. Яғни, топ менеджмент, компанияны құрушылар. ІТ-ді қалай компаниясына енгізе алатыны туралы айтамыз. Мұның барлығы - B2B, B2C клиенттер. Кәдімгі consumer дейді ғой. Яки, тұтынушылар. Мәселен компаниялар «біздің қызметкерлерді үйрету керек» деген өтінішпен келеді. Осылайша, ІТ қабілеттерін арттыруды мойнымызға аламыз. B2B және B2C салада да жұмыс істейміз.

El.kz: Компания қызметіне жүгінетін қолданушылардың пікірлеріне құлақ асып, өзгертулер енгізуге дайынсыз ба?

Еркебұлан Сапар: Әрине, пікір орынды әрі обьективті болса, пікірмен санасуға дайынбыз. Курс барысында апта сайын қатысушыларға сұрақтар қоямыз. Курсты қалай бағалайтынын сұрап, 1-ден 10-ға дейін баға беруді өтінеміз. Сол арқылы үнемі өзгертулер енгізіп отырамыз.

El.kz: Сіздің «өніміңізде» қандай технологиялар қолданылады?

Еркебұлан Сапар: Біздің басты өніміміз - курстарымыз. ІТ өнім ретінде айтсақ, біз мобильді қосымша жасаймыз. Ол мобильді қосымшаның мақсаты - көптеген менторды, барлық ІТ саладағы адамдардың курстарын енгізіп, оларға Marketplace жасау. Product Hour қосымшасын айтуға болады. Hour «сағат, уақыт» деген мағынаны білдіреді. App Store-да бар. Бүгінде оқу гранттарын жарияладық. Гранттар арқылы ІТ мамандығын меңгеріп, нәтижесінде 300 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін жалақы алатын маман әзірлеу.

El.kz: Командаңызда қанша адам бар? Команданы басқару қаншалықты қиын?

Еркебұлан Сапар: Командада 7 адам бар. Мен, одан басқа 4 ментор. Әр бағыттағы оқытушылар. Тағы үш адам бар. Бір адам операциялық жетекші. Екіншісі – білім бағдарламаларының менеджері. Үшіншісі, дизайнер. Қандай қиындықтар бар? Басқару - онлайн форматта. Офиста бір адам ғана отырады. Қалғандары қашықтықтан жұмыс істейді. Сондай-ақ, басқа компанияларға full time, бізбен part time жұмыс істейді. Сол себепті басқару қиындайды. Классикалық менеджмент болмайды. Үстінен қарап, сағат сайын «не істедің?» деп бақылап отырмаймыз. Арнайы Таск-трекер бағдарламасы арқылы қарап отырамыз. Арамызда түсініспеушіліктер болып жатса, көзбе-көз сөйлесіп, мәселені шешуге тырысамыз.

El.kz: Сіз үшін жақсы қызметкер қандай болуы керек?

Еркебұлан Сапар: Бастысы Work-life balance ұстануды мақсат тұтпайтын қызметкер болғаны дұрыс. Work-life balance жұмыс пен жеке өмірдің нақты шекарасын сызып, баланста болу дегенге саяды.  Яғни, жеке өмірге де, жұмысқа бөлек уақыт табу. Мәселен, 18.00-ден кейін хабарламаларға жауап бермеу дегенді ұмытқан жөн. Ондай принциптерді ұстанатын қызметкерлер бізде жұмыс істей алмайды. Себебі жұмыс көп. Амбиция мықты. Сондықтан бізге жұмысты жақсы көріп, өмірінің 70-80 пайызын кәсіпке арнайтын адам керек дер едім. Басты критерий - осы. Сондай-ақ, қателік жасаса, содан сабақ ала білгені маңызды. Қызметкеріміз өссе, біз де өсеміз. Біз білім беруші компания болған соң, қызметкерлеріміздің үнемі қабілеттерін дамытып отыруға мүмкіндіктері бар.

El.kz: Бүгінде әлемдік ІТ нарығында қандай басты трендтер бар? Сіз осы трендерді құптап, жұмыс барысында қолданасыз ба?

Еркебұлан Сапар: ІТ саласы трендердің бастауында тұр. ChatGPT-дің өзі - бір төбе. Тест дайындағанда, кез келген адам чатты қолдана алады деген оймен жасауға тырысамыз. Әрбір тестті ChatGPT арқылы шешеміз. Егер чат сұрақтардың 10 %-ын шешсе, ол - жаман тест деген сөз. Сол себепті тестті қиындатамыз. ChatGPT болған күннің өзінде 100 пайыз шешіп бере алмайтын тест жасаймыз. Сондай-ақ, Figma, Jira, Miro бағдарламаларын қолданамыз.

El.kz: Бәсекелестік жайлы ойыңыз қандай?

Еркебұлан Сапар: Бәсекелестік жайлы көп ойласаңыз, бәсекелесіңіздің өнімін көшіре жасайсыз. Бәсекелесті емес, клиентті тыңдау керек. Қарсылас сізден мықты болған жағдайда ғана, сынға құлақ түруге болады. Біз осы тұрғыда дұрыс талдау жасауды үйретеміз.

El.kz: ІТ саласын бүгінде ең табысты әрі перспективалы сала деп жатады. Бұл салаға техника, компьютер, есеп дегеннен хабары жоқ азаматтар келе алады ма?

Еркебұлан Сапар: Егер адам компьютер қолдануды мүлдем білмесе, саланы тез меңгеріп кету қиын болады. Негізі тәжірибелі пайдаланушы болғаны абзал. Мәселен, 50-60 жастағы кісі телефонды дұрыс пайдаланбаса, «компьютерді қалай қолданады?!» деген ой туындайды. Сол себепті ең әуелі техниканы, компьютер тілін меңгеріп, одан кейін ІТ саласына барғаны дұрыс. Пікірім осындай.

El.kz: ІТ саласындағы қызметкерлердің басым көпшілігі - ер адамдар. Бұл салада әйел адамдардың қарасы неліктен аз деп ойлайсыз?

Еркебұлан Сапар: Шыны керек, ІТ саласында басым көпшілігі - ер адамдар. Салыстырмалы түрде әйелдер аз. Бірақ барлық салада емес. Мысалы, дизайнер-жобалаушы, интерфес-дизайнері, UX/UI-дизайнер, өнім дизайнері - әйел адамдар. Десе де, әйелдер эмпатияға жақын болады. Олар клиенттің қажеттіліктерін тез анықтай алады. Сол себепті бұл салаларда әйелдер көбірек болуы мүмкін. Продакт-менеджментте ерлер мен әйелдерің үлесі - 50 де 50. ІТ саласында әйелдердің аз болуы әлеуметтік фактормен де байланысты. Көбіне әйел адамдар алдарына амбиция қоя бермейді. Ал ерлерде керісінше, "жұмыс істеймін!" деген ынта жоғары тұрады. Себебі ер адам - отбасын асыраушы. Екіншіден, біздің қоғам патриархалды болған соң жұмыс істеу міндеті ер адамға жүктеледі.  Әйелдер бала тәрбиесімен айналысып, үй шаруашылығына қарайды. Әрине, жұмыс пен жеке өмірді қатар алып жүретіндер нәзік жандылар болады. Сонда да олар алдарына көп амбиция қоймайды. Бір жақсысы ІТ-де қашықтықтан жұмыс істеуге болады. Сол себепті декретте отырған аналарға да ыңғайлы болса керек.  

El.kz: Алдағы жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңіз?

Еркебұлан Сапар: Алдымызда екі жоспар бар. Біріншісі – онлайн, офлайн форматтағы ІТ университетін ашып, сала мамандықтарын толықтай қамту. Екіншіден, шағын стартап жобаларымызды дамыту.

El.kz: Технологиялар нарығындағы болжалды өзгерістерге қалай тез үйренісіп кетесіз (адаптация)?

Еркебұлан Сапар: Технологияларға адаптация жасау үшін «трендте» болу керек. Яғни басқа адамдармен үнемі байланыста болып, тәжірибе, білім алмасуға ұмтылу қажет. Knowledge sharing деген термин осыған саяды.

El.kz: Сіздің платформаның басқа платформалардан айырмашылығы неде?

Еркебұлан Сапар: Біздің платформаның айырмашылығы - спикерлердің тәжірибесінде. Олар - бұл салада кем дегенде 5-10 жыл жұмыс істеп жүрген азаматтар. Тәжірибелері мол. Сондай-ақ, апта сайын қонақ шақыратынымыз бар. Студенттеріміз ғана емес, ниет тантқан кез келген адам тіркеуден өтіп, дәріс тыңдай алады. Ай сайын Алматы және Астанада офлайн ивенттер ұйымдастырамыз. Осыған дейін Астанада 2 рет, Алматыда 5 рет іс-шара жасадық. Офлайн meet up, конференция, тіпті семинар десек болады. Кем дегенде 3 спикер келіп, тақырыптарға сәйкес тәжірибе бөліседі. Басқа мектептерге қарағанда, көбірек жұмыс істейміз деген үміт бар. Алдымызға көп амбиция қоямыз. Болашақта Қазақстан нарығында ғана емес, басқа елдерге де шығуды жоспарлап отырмыз. Жақында Өзбекстан нарығын зерттеп қайтқан жайымыз бар.

El.kz: Курстарды әзірлеуде қандай IT саласындағы стандарттар мен талаптарға сүйенесіздер?

Еркебұлан Сапар: Біздің нарықтағы стандарттар - Agile мен Scrum, Kanban әдістерін қолдану. Продакт-менеджментте әртүрлі 100-200 fremant-ты пайдалану.  Біз тәжірибеге көп көңіл бөлеміз. Теорияға тоқтала бермейміз. 10-20% теория болса, 80% пайыз – тәжірибе.

El.kz: Платформа мобильді құрылғыларда қолжетімді ме?

Еркебұлан Сапар: Тұғырнаманы мобильді жүйеде ғана қолдануға болады. Компьютерден кіре алмайсыз. iOS операциялық жүйесінде бар. Android-қа жақын арада шығарамыз.

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Айнұр Оспанова
Бөлісу: