Бас прокуратураның делегациясы АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды

19 Шілде 2022, 11:23 1656

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді

Бас прокуратураның делегациясы АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бас Прокурордың бірінші орынбасары Т.Ғ. Тәшімбаев бастаған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары барысында АҚШ Әділет департаментінің басшылығымен, ФТБ және Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Тараптар нақты қылмыстық істер бойынша ынтымақтастықты нығайту, сұрау салуларды электрондық форматта беру, киберқылмыспен күрес саласында тәжірибе алмасу, сотталғандарды ұстап беру және беру туралы шарттар жасасу мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Т.Тәшімбаев америкалық әріптесіне осы жылы 5 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылғаны туралы жеткізді, оның негізгі мақсаттарының бірі елден заңсыз шығарылған қаржы қаражатын қайтару болып табылады.

АҚШ Әділет департаментінің өкілдері қылмыстық активтерді іздеуге және АҚШ-тан Қазақстанға қайтаруға қолдау көрсетуге дайын екендеріне сендірді.

Тараптар бірлескен күш-жігермен ғана трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстық кірістерді жылыстатуға қарсы тиімді күрес жүргізуге болады деген өзара пікірге келді.

Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік Банктің «StAR Initiative» (Ұрланған активтерді қайтару бастамасы) жобасының өкілдерімен кездесті.

Дүниежүзілік банкпен Қазақстанның шетелге, оның ішінде офшорлық юрисдикцияға шығарылған қылмыстық жолмен табылған активтерді қайтару бойынша күш-жігерін қолдау және ынтымақтастықтың көрсетілген бағыты бойынша прокурорлар мен тергеушілер үшін тренингтер өткізу мәселелері талқыланды.

Банк өкілдері қазақстандық тараптың бұл бастамаларын қолдады.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар өткен диалогқа қанағаттанушылық білдірді және одан әрі өзара іс-қимыл бойынша бірлескен қадамдарды белгіледі.

Бөлісу: