Бас санитар Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы эпидемиологиялық жағдаймен танысты

18 Сәуір, 21:43 593

Еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы эпидемиологиялық жағдаймен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау вице-министрі-бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова бірқатар медициналық ұйымдарға барып, су тасқыны жағдайында өңірдегі эпидемиологиялық жағдаймен танысып, су тасқыны аймақтарында санитариялық талаптарды сақтау бойынша бірқатар ұсыныстар берді.

Сондай-ақ, ол су тасқыны кезінде халыққа берілетін суды жинауды, тазартуды және зарарсыздандыруды қамтамасыз ететін өңірлердің су шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

Бас санитариялық дәрігер уақытша орналастыру пункттерінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет кезекшілігінің барысын тексерді, онда санитариялық талаптарды сақтауға, тамақтану жағдайларын қадағалауға, жаппай тамақтан уланудың алдын алуға ерекше назар аударуды тапсырды.

Сонымен қатар, А. Есмағамбетова су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша облыстық штабтардың отырыстарына қатысып, ауыз судың сапасына, аумақтарды тазартуға, су жинау құрылыстарын, септиктерді және өзге де эпидемиялық маңызы бар объектілерді жууға және дезинфекциялауға ерекше назар аударды.

А. Есмағамбетова Жылыой ауданындағы аудандық емхана мен ауруханада, Құлсары қаласында орналасқан эвакуациялық пунктте болды.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Әбдалиев өз кезегінде вице-министрге Құлсары қаласында, Қосшағыл елді мекенінде және Жаңа Қаратон кентінде эвакуацияланған тұрғындарға тиісті медициналық көмек көрсетілетінін хабарлады.  Шұғыл операция жасауды қажет ететін пациенттер мен жүкті әйелдер Бейнеу аудандық ауруханасына жіберіледі.

Сапар барысында Айжан Есмағамбетова инфекциялық аурулардың профилактикасы бойынша бірқатар ұсынымдар енгізді. Ол Құлсары қаласында су айдау үшін техника санын көбейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, вице-министр балалардың арасында "А" гепатитіне қарсы вакцинациялау жүргізуді тапсырды. Бүгінгі күні барлық медициналық ұйымдарда су басқан елді мекендерде  медициналық алғашқы көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспары, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі жоспар әзірленді.

Зарина Арман
Бөлісу: