Бас прокуратурада ведомствоаралық кеңес өткізілді

23 Сәуір, 20:07 601

Бүгін Бас прокуратурада азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Нақты айтқанда, террористік тұрғыдан осал объектілердің, оның ішінде адамдар көп жиналатын орындардың қорғалуы, сондай-ақ олардың өрт қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

Мұндай орындарға сауда ойын-сауық орталықтары, мәдениет (театрлар, концерттік және кинозалдар, музейлер), білім беру (мектептер, жоғары оқу орындары), денсаулық сақтау (емханалар, ауруханалар), қоғамдық тамақтану (мейрамханалар, кафелер, асханалар), дене шынықтыру-cауықтыру және спорттық ғимараттары (стадиондар, тренажер залдары), туристерді орналастыру орындары (қонақ үйлер, отельдер), ғибадат үйлері және т.б. жатады.    

Бұл мәселенің өзектілігін ескере отырып, жиынға прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер және төтенше жағдайлар органдарының осы салаға жауапты қызметкерлері қатысты.

Бас Прокурордың орынбасары Ж. Өмірәлиевпен олардың ағымдағы жағдай және атқарылудағы жұмыстары туралы баяндамалары, өзара іс-қимылды жақсарту, ақпарат алмасу және түрлі қауіп-қатерлерге ден қою шаралары, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстары тыңдалды.

Кеңесте 2000-ға жуық  ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен басқа да жаппай бару объектілеріне жүргізілген көшпелі қарап-тексерулердің аралық нәтижелері де баяндалып, оның барысында олардың қауіпсіздік жағдайы тексерілді, ал бұл объектілердің иелері мен қауіпсіздік қызметтері теракт қаупі төнген жағдайда әрекет етудің жаңа тәсілдерін дағдылануға бағдарланды.          

Кеңестің қорытындысы бойынша Ж. Өмірәлиев бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды, адамдар көп жиналатын орындарда заманауи цифрлық шешімдер мен бейнебақылау жүйелерін қолдануды, кез келген қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын шұғыл түрде кесуді тапсырды.

Перизат Саденова
Бөлісу: