30.08.2025
20:40
978
Бас дәрігер: «Ата-ана мен дәрігер арасында сенім мен түсіністік өте маңызды»

Бас дәрігер: «Ата-ана мен дәрігер арасында сенім мен түсіністік өте маңызды»

Баланың денсаулығы – ата-ананың ең басты жауапкершілігі. Дегенмен, кей ата-аналар баласының әлсіздігін, аурушаңдығын жасырып, дәрігерге жүгінуге асықпай жатады. Бұл – баланың дамуын тежейтін үлкен қателік. Сондай-ақ қазіргі балалар арасында қандай аурулар белең алып барады? Олардың алдын алу үшін нендей жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін  El.kz тілшісі Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Жұмаділовамен сұхбаттасты.  Сұхбат барысында ата-аналар жиі елемей жататын қателіктер, оларды болдырмаудың жолдары және баланың толыққанды дамуына қажетті маңызды факторлар сөз болды.

El.kz: Сұхбатымызды қалалық балалар ауруханасының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Бұл медициналық мекеме қанша балаға арналған? Күнделікті қанша науқас түседі?

Динара Ақәділқызы: Бүгінгі таңда Шымкент  бойынша 18 жасқа дейінгі тұрғындарға медициналық көмек көрсететін бірден-бір мекеме – қалалық клиникалық балалар ауруханасы. Бұл аурухана қазіргі орналасқан ғимаратына 2014 жылы  «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында көшіп келді. Сол кезде аурухана 270 төсек-орынға арналған болатын. Қазіргі таңда аурухананың төсек қоры 495-ке дейін ұлғайды.

Аурухана екі корпустан тұрады. Бірінші корпуста – негізгі бөлімдер, ал екінші корпуста бұрынғы COVID орталығы орналасқан. Қазір бұл ғимарат та біздің балансымызға берілген. Қалада 18 жасқа дейінгі шамамен 490 мың тұрғын бар, соларға барлық медициналық қызмет осы аурухана арқылы көрсетіледі.

Медицина мекемесінде екі қабылдау бөлімі, үш жансақтау бөлімі бар. Қала 2018 жылы Түркістан облысынан бөлінгеннен кейін, 2019–2020 жылдардан бастап педиатриялық қызметтің барлығы осы ауруханаға кезең-кезеңімен шоғырландырылды. Алдымен мамандар даярланды, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Соңғы жылдары 3 млрд теңгеге дейін медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Қазіргі таңда барлық қажетті мамандықтар мен бөлімдер ашылып, толыққанды орталыққа айналдық. Атап айтқанда, хирургия, торакалды хирургия, урология,  травматология, ортопедия, нейрохирургия, күйік шалу бөлімі, гениталды хирургия, кардиохирургия, ЛОР, жақ-бет хирургиясы, онкогематонефрология, ревматология сияқты бейіндер жұмыс істейді. Екінші ғимаратта – бір жасқа дейінгі балаларға арналған бөлімше, пульмонология, эндокринология, гастроэнтерология, онкология, неврология, реабилитация және паллиативтік көмек бөлімдері орналасқан.

Қазіргі таңда аурухана халықтың сұранысын толық қанағаттандырып отыр. Бұрын біз бейіндік мамандардың жетіспеуі себепті кейбір науқастарды басқа мекемелерге, мәселен, Түркістан облыстық балалар ауруханасына жіберетінбіз. Ал қазір толық орталықтандыру аяқталып, барлық қызметті өзіміз көрсете алатын деңгейге жеттік.

Былтыр қабылдау бөліміне 127 мыңға жуық бала жүгінген. Оның 22 мыңы стационарлық ем қабылдаса, 5 мыңға жуық балаға ота жасалған. Қазір ауруханада күн сайын 6–7, кейде 10-ға дейін ота жасалады. Апта ішіндегі күндері жоспарлы оталар (травматология, нейрохирургия, ЛОР, кардиохирургия) орындалады. Негізінен шұғыл жағдайлар басым.
Эндокринология саласы да белсенді дамып келеді. Бұрын 5 төсекке арналған бөлім қазір 15 төсекке дейін кеңейтілді. Бұл – балалар арасында қант диабетімен сырқаттанушылықтың артуымен байланысты. Қант диабетінің белгілеріне ата-аналар көбіне назар аудармайды – бала шөлдей береді, жиі су ішеді, әлсіздік байқалады. Қазір эндокринолог мамандар өзіміз дайындаған резиденттерден шықты. Сонымен қатар аллергология мен неврология бағытында да жетістіктер бар. Бұған дейін спинальды бұлшықет атрофиясы (СМА) диагнозы жиі ДЦП ретінде қате қойылып келген. Қазір біз оны нақтылап, генетикалық зерттеулер арқылы Астана мен Ресейге сынамалар жіберіп, дәл диагноз қойып, тиісті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз. Бұл дәрінің бір ампуласы 1,5–2,5 млн теңге тұрады, бір балаға жылына 30 млн теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Мұндай балалар қазір жергілікті бюджет есебінен емделуде.

Сирек кездесетін аурулар бойынша да толық диагностика жүргізу мүмкіндігі бар. Бұрын басқа облыстарға жіберілетін науқастарға енді өзімізде  арнайы аппарат арқылы анализ жасауға жағдай жасалды.

(Фото: Динара Жұмаділованың жеке мұрағаты)

Қазіргі таңда ауруханада 800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 120 дәрігер, 300-ден астам медбике және 300-ге жуық санитарлар мен кіші медициналық қызметкерлер бар. Аурухана аккредитациядан өткен, жоғары санатты мекеме ретінде танылып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық деңгейдегі үздік ауруханалардың қатарына кірді.

El.kz: Ауруханада қандай күрделі оталар жасалады?

Динара Ақәділқызы: Қазіргі кезде біздің ауруханада көптеген күрделі операциялар жасалып жатыр. Жедел жағдайда орындалатын барлық маңызды оталар қолданылады. Мысалы, жедел аппендициттен бастап, бас миына жасалатын отаға дейін әртүрлі хирургиялық көмектер көрсетіледі. Жол-көлік апаты немесе күйік сияқты жарақат алған науқастарға арнайы теріні алмастыру және пластикалық операциялар жасалады. Сонымен бірге, организмдегі кисталар жарылған кезде, өкпеге су жиналғанда, түрлі торакольды операциялар да жоғары деңгейде орындалады.

Жоспарлы түрде жасалатын операциялар көбінесе нейрохирургия саласына жатады. Мысалы, биыл нейрохирургиялық операциялардың қатарына ерекше қымбат әрі күрделі оталар кіріп отыр. Жыл басынан бері эпилепсия ауруына шалдыққан бірнеше балаға арнайы аппарат орнатылды. Бұл аппарат нервтің тітіркенуін басып, ұстамалардың алдын алу үшін қолданылады. Эпилепсия әртүрлі себептермен – тұмаудан, генетикалық факторлардан, жарақаттан немесе басқа жедел аурулардан пайда болуы мүмкін. Аппарат нейростимулятор ретінде қызмет етіп, эпилепсия ошақтарының қозуын тежейді. Сонымен қатар, нейрохирургия саласында әр түрлі жарақаттан нерв талшықтары үзіліп қалған балаларға да ота жасалады. Мысалы, қол немесе аяқ нервтерін қайта жалғау  сияқты күрделі ота түрлері бар. Сондай-ақ, Арнольд-Киари деген сирек кездесетін ауруға қарсы нейрохирургтар сәтті операциялар жүргізуде.

Кардиохирургия саласы да қарқынды дамып келеді. Туа біткен жүрек ақаулары балалар арасында жиі кездесетін аурулардың бірі болғандықтан, біз оларды ерте кезеңде анықтап, емдеуге баса назар аударамыз. Жүктілік кезінде ауыр жүрек ақаулары анықталса, перинаталдық орталықта аптасына екі рет консилиум өткізіледі, онда аналарға кеңес беріліп, жағдай түсіндіріледі. Егер баланың өмір сүру мүмкіндігі өте төмен деп бағаланса, жүктілікті тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін. Бұл баланың мүгедек болып қалмауына және отбасының ауыртпалығын азайтуға бағытталған шара. Ал жүктілікті үзуге жатпайтын жүрек ақаулары болса, оларға биыл екінші жыл қатарынан ота жасап келеміз. Мысалы, жақында екі жасар балаға туа біткен жүрек ақауын түзету операциясы сәтті жасалды.  

Осылайша, біздің ауруханада жедел және жоспарлы түрде күрделі операциялардың кең спектрі көрсетіледі. Олардың ішінде нейрохирургиялық, травматологиялық, кардиохирургиялық және пластикалық ота түрлері бар. Бұл медициналық қызметтердің барлығы жоғары технологиялық жабдықтармен және білікті мамандардың қатысуымен жүзеге асырылады.

(Фото: Жансая АҚБАЛА)

El.kz: Балалар арасында қандай аурулар жиі кездеседі?

Динара Ақәділқызы: Балалар арасында жиі кездесетін аурулар бірінші кезекте маусымдық сипатқа ие ғой. Яғни, әр маусымда вирустық инфекциялар, тұмау, жедел респираторлық вирустық аурулар (ЖРВИ), пневмония сияқты дерттер жиі тіркеледі. Бұл аурулар көбіне ересектер арқылы балаларға жұғады. Себебі кішкентай бала өздігінен сыртқа шығып, суықтап қалмайды. Ал ата-анасы немесе отбасы мүшелері жұмыс, қоғамдық орындардан вирус жұқтырып, үйге әкеліп береді. Мұндай жағдайларда баланың ауруға шалдығуы оның күтіміне, ата-анасының сақтық шараларына байланысты болады.

Ал жалпы тоқталатын болсам, соңғы жылдары өсіп жатқан аурулардың бірі – қант диабеті. Балалар арасында инсулинге тәуелді диабетпен сырқаттану айтарлықтай көбейіп келеді. Мәселен, былтыр 43 балаға алғаш рет осындай диагноз қойылса, есепте тұрған бала саны 317-ке жеткен. Ал 2023 жылы есепте тұрғандар саны – 274 болса, 43 балаға осы диагноз алғаш қойылған. Биылғы статистикаға тоқталсам, жыл басынан бері 34 балаға қант диабеты диагнозы қойылды. Бұл – тұрақты бақылауды қажет ететін сырқат. Қант диабетімен ауыратын балалар өмір бойы инсулинге тәуелді болады. Егер инсулин уақытында салынбаса немесе бала арнайы диетаны бұзса, ауру асқынып, ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін. Мысалы, есінен танған, қанындағы қант мөлшері 1–2-ге дейін түсіп немесе 30–32-ге дейін көтеріліп келген балалар  кездесіп отыр. Сонымен қатар, балалар арасында семіздік те жиіленіп келеді. Қазіргі өмір салтына байланысты – балалардың дұрыс тамақтанбауы, фастфуд, тәтті сусындардың көп тұтынылуы, дене белсенділігінің аздығы салмақтың шамадан тыс артуына әкеліп соғуда. Көп жағдайда ата-аналар баласының толықтығын қалыпты деп қабылдайды. «Баламның тәбеті жақсы, семіздігі сүйкімді» деп ойлайды. Бірақ бұл жағдай баланың денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Артық салмақ ішкі органдарға, жүрек-қантамыр жүйесіне  кері ықпал етеді.

Жиі кездесетін тағы аурудың түрі – эхинококкоз. Бұл – паразиттік құрттан туындайтын ауру. Ол көбіне ит пен мысықтың ағзасында болады. Өкінішке қарай, көп ата-ана үй жануарларын асырағанымен, оларды уақытылы ветеринарға апарып, паразитке қарсы дәрі-дәрмек беріп, алдын алу жұмыстарын жасамайды. Құрт адамның ағзасына лас қол, жуылмаған тағам немесе сумен бірге енеді. Ол бауырда, өкпеде, тіпті мида да киста түзіп, өсуі мүмкін. Біздің тәжірибемізде баланың басындай үлкен эхинококкты киста алынған жағдайлар болды.  Сондай-ақ, қазіргі уақытта тағы бір маңызды мәселе – балалардағы иммунитеттің төмендеуі. Иммундық жүйенің әлсіздігі түрлі инфекциялардың жиі қайталануына, аурудың ұзаққа созылуына әкеліп соғады. Мұның себептері де көп.

El.kz: Қазіргі балалар бұрынғыға қарағанда әлсіреп, жиі ауырады деген пікір бар. Бұл иммунитеттің әлсіздігін білдіре ме?

Динара Ақәділқызы: Баланың денсаулығы анасының денсаулығынан басталады. Қазіргі кезде жүктілікті жоспарлау маңызды, өйткені ананың ағзасында қан аздық (анемия) немесе басқа да аурулар болса, ол баланың иммунитетіне кері әсер етеді. Иммунитет — бұл организмнің вирустар мен бактерияларға қарсы қорғаныс механизмі, ол негізінен сүйек кемігінен, лимфа бездерінен және иммундық клеткалардан тұрады. Егер бала анемиямен немесе басқа аурулармен туылса, оның иммундық жүйесі әлсіз болады.

Бүгінгі таңда балалар арасында иммунодефициттік жағдайлар көбейді. Мұндай балалар әлсіз келеді, бірнеше рет ауруханаға түседі, мысалы пневмониямен жиі ауырады. Олардың иммуноглобулин деңгейі төмендеп, жасанды иммуноглобулиндер арқылы емделеді.

Ата-аналарға кеңес — балаларды мүмкіндігінше емшек сүтімен ұзақ емізу, гигиенаны сақтау, аурудың алғашқы белгілерінде дәрігерге жүгіну. Қазіргі медицинада балалардың аурулары ертерек анықталып, емделу деңгейі жақсарған.

Бұрын педиатрлар әр жас кезеңіндегі балаларды жеке бақылауда ұстаған, бірақ соңғы жылдары бұл функция жалпы тәжірибелі дәрігерлерге берілді. Дегенмен қазір педиатриялық көмек қайта жанданып, мамандар көптеп шығып жатыр.
Балалар арасында аллергиялық аурулар да көбейіп келеді. Бұл аурулардың дамуына тұқым қуалаушылықпен бірге вирус инфекциялары, қоршаған орта да әсер етеді. Сонымен қатар, балалардың көп жағдайда жазатайым оқиғалардан (жол апаты, құлау, күйік) өлімі көбейіп отыр. Сондықтан ата-аналар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аса мән беруі қажет.

Қазақстанда балаларға қажетті дәрі-дәрмектер мен қызметтер тегін көрсетіледі. Денсаулық сақтау саласында жағдай жақсарып, емханалар мен ауруханаларда сапалы көмек бар.

Балалардың иммунитеті мен денсаулығын сақтау — бұл дұрыс жоспарланған отбасы, ана мен баланың денсаулығына кешенді қарау, профилактика мен медициналық бақылау арқылы шешілетін мәселе.

(Фото: Динара Жұмаділованың жеке мұрағаты)

El.kz: Балалар арасында жүрек-қантамыр аурулары жасарып барады деп айта аламыз ба?

Динара Ақәділқызы:  Иә, бұл рас. Қазіргі таңда жүрек-қантамыр жүйесіне байланысты аурулар балалар арасында жиілеп, жасы кішірейіп барады. Мысалы, вегетативті-тамырлық дистония, яғни бала есін жоғалтып құлап қалуы, бас айналуы сияқты белгілер жиі кездеседі. Сонымен қатар бұрын ересектерге тән саналатын инсульт те бүгінде балалар арасында байқалып жатыр. Тіпті біздің ауруханада бір айлық бала инсультпен ем алып жатыр. Бұл — ми қан айналымының бұзылуы (ОНМК). Оның да түрі бар: геморрагиялық және ишемиялық. Сол балада геморрагиялық түрі, яғни миына қан құйылған. Бұрын бұл жағдайлар сирек анықталатын. Қазір бізде КТ, МРТ, УДЗ сынды аппараттар бар, сондықтан анықтау оңайырақ. Баланың басы айналып, есінен танса, бірден УДЗ-ға түсіріп, анализ жүргіземіз, гемоглобинін тексереміз. Сондықтан ананың жүктілік кезіндегі денсаулығы, босану кезіндегі жағдай, баланың алған жарақаты — бәрі маңызды. Мысалы, бала туылған соң   анасы емізеді де жалғыз қалдырады. Сол кезде іші ауырып, ауыр жылау пайда болады. Бұл жылау кезінде қысым жоғарылап, нәзік қан тамырларға күш түседі. Осындай ұсақ жайттар, баланың шектен тыс жылауы, дұрыс күтімнің болмауы — бәрі миға, жүрекке әсер етіп, патологияға әкелуі мүмкін.

Тағы бір маңызды фактор — жатырішілік инфекциялар, гипоксия, су аздығы (маловодие), мерзімінен ерте туылу. Ерте туған балаларда ми мен жүрек толық дамып үлгермейді, ал сыртқы ортаға тез бейімделу — үлкен стресс. Осы себептерден де қан айналым бұзылыстары жиі кездеседі. Сондықтан, мұның бәрі тек медициналық емес, әлеуметтік, гигиеналық, күтімдік мәселелермен тығыз байланысты. Алдын алу үшін — жүктілікті жоспарлау, дұрыс босану, күтім мен уақтылы диагностика қажет.

El.kz: Мысалы, кейбір аналар баласының ауруына мән бермей, "организмі өзі күресіп кетеді" деп медициналық көмекке кеш жүгініп жатады. Оның соңы кейде қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін ғой?..

Динара Ақәділқызы: Өкінішке қарай, ондай жағдайлар бізде кездеседі. Мысалы, біздің ауруханамызда паллиативті бөлімше бар. Онда қазір 19 бала емделіп жатыр, олардың арасында ата-анасы мүлде қарамай кеткендері де бар. Бұл балаларға тек медбикелер ғана күтім жасайды – жуындырады, тамағын береді, тіпті сөйлесуді де ыммен үйренген. Ал ата-анасы кейде келіп, тамағын қалдырып кетумен ғана шектеледі. Біз мұндай жағдайларды байқасақ, баланың құқығын қорғайтын уәкілетті органдарға хабарлаймыз. Олар барып отбасылық жағдайды тексереді.  
Ата-аналарға айтарымыз — бала ауырып қалса, дәрі беріп отыра бермей, бірден дәрігерге көрсету керек. Қазір температураны түсіру үшін дәрі емес, қарапайым су ішкізу мен денесін дымқыл сумен сылау жеткілікті. Яғни, дәріден бұрын дұрыс күтім мен бақылау маңызды. Бірақ барлығын маманның нұсқауымен жасау керек. Балаға үй жағдайында нақты диагноз қойылмай тұрып дәрі беру – өте қауіпті. Сондай-ақ, елімізде қазір барлық емханаларда "шұғыл көмек" кабинеттері жұмыс істейді. Кез келген ата-ана баласы ауырса, дәрігерінің жұмыс уақытын күтпей, сол бөлімшеге барып көмек ала алады. Бұл — медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жасалған.

Медициналық көмек тек дәрігердің міндеті емес, ата-ананың да жауапкершілігі бар. Қазір "денсаулық сақтау кодексінде" бұл нақты көрсетілген – адам өз денсаулығына өзі де жауапты болуы тиіс. Сол сияқты ата-ана да баласының жағдайына бей-жай қарамауы керек. Кеш жүгінудің соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Бізде өкінішке қарай, кейде ата-аналар тек жағдай ушығып  кеткен кезде ғана көмек сұрайды. Ол кезде бәрі кеш болуы мүмкін.

Тағы бір өзекті мәселе — кейбір ата-аналар медициналық көмекке күмәнмен қарайды. "Мен ешкімге сенбеймін" дейді. Бірақ біз нақты медициналық стандарттарға, емдеу хаттамаларына (протоколдарға) сүйенеміз. Қазір әрбір аурудың нақты емі бекітілген. Артық дәрі беруге, қажетсіз ем жүргізуге тыйым салынған. Бұл – халықаралық тәжірибеге негізделген жүйе. Сондықтан ата-ана мен дәрігер арасында өзара сенім мен түсіністік өте маңызды. Бала денсаулығы – ең құнды байлық. Оны сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз.

(Фото: Динара Жұмаділованың жеке мұрағаты)

El.kz: Кейде ата-аналар медициналық мекемеге барғаннан гөрі, интернеттен оқып, баласын сол бойынша емдейді. Тіпті ауруханаға жатқызуға мәжбүр болғанда да: "Басында интернеттен қарап ананы істедім, мынаны бердім" деп айтып жатады. Осындай жағдайлар жиі бола ма? Мұндай ата-аналарға не айтасыз?

Динара Ақәділқызы:  Ондай жағдайлар да бар, бірақ бұрынғыдай емес. Қазіргі ата-аналардың көбі ондай қателікке бара бермейді. Қазіргі жастар – сауатты, білімді, ойлана алатын буын. Олар көбіне интернетті дәрігердің жазып берген емін тексеру үшін пайдаланады. Яғни дәрігердің тағайындауын қайта қарап, салыстырады. Бұл бір жағынан дұрыс та – ата-ана баласының денсаулығына бейжай қарамай, не беріп жатқанына қызығушылық танытып отыр деген сөз.
Бірақ айтарым – интернеттегі ақпараттың бәрі шындыққа жанаса бермейді. Әсіресе медициналық тұрғыдан. Әр баланың организмі – жеке. Бір балаға жақсы көмектескен нәрсе екінші балаға кері әсер беруі мүмкін. Сондықтан диагноз қою да, ем жазу да тек дәрігердің құзырындағы мәселе.

Қазір бізде бір жақсы жетістік – емдеу хаттамалары мен стандарттары бар. Бұл хаттамалар әр 5 жыл сайын жаңартылып отырады. Мәселен, қазір 2014–2017 жылдар аралығында шыққан протоколдардың бәрі жаңартылып жатыр. Осы жұмыстардың бәрін профессорлар, академиктерден тұратын жұмыс тобы жасап жатыр.

Бұрын дәрігер не айтса соны істей салатын болса, қазір ата-ана кез келген емді дәлелдеп беруді сұрайды. Бұл бізге де жауапкершілік жүктейді. Сондықтан қазіргі медицина – дәлелді медицина. Біз де, ата-ана да бір мақсат үшін – баланың денсаулығы үшін жұмыс істеп отырмыз. Бірақ соның бәрі бірігіп, сеніммен жасалуы керек.

El.kz: Кейде дәрігер кеңесін елемей, халық емін артық көретін ата-аналар кездесетін шығар? Мұндай жағдайлар неге алып келуі мүмкін?

Динара Ақәділқызы:  Ондай жағдайлар бұрындары жиі болатын — мысалы, сынықшыға барып, сынықты дұрыстап қойғызудың орнына, жағдайды ушықтырып алғандар кездесетін. Бір нақты мысал айтайын: бізге бір науқас түсті, аяғы сынған. Емшіге барған, "салдымм" деген, бірақ аяқ ісініп кеткен. Сосын қайта барған, емші тағы бірдеңе істеген, соның салдарынан аяқтың жағдайы қатты нашарлап, аяқты кесіп тастау қаупі туды. Сол себепті біз қазір әлеуметтік желілерде — Facebook, Instagram секілді платформаларда "Күйген жерге тіс пастасын жақпаңыз", "Емшінің майын жақпаңыз", "Маманға жүгініңіз" деген сияқты ескертулерді жиі таратып жүрміз.

Қазір, шүкір, халықтың санасы өсті, көзі ашық. Бұрынғыдай "қаздың майын жақтым", "емшіге түкіртіп емдеттім" деген жағдайлар сирек кездеседі. Мәселен, 2013–2014 жылдары ондай емдер көп болатын, ал қазір тұрғындар халық емінен гөрі дәстүрлі медицинаға көбірек сенеді. Бірақ халық еміне барушылар мүлдем жоқ деп те айта алмаймыз. Кейде ата-аналар баласының жаны қиналған кезде діни жолмен көмек сұрайды, мысалы, молда шақырып, дұға оқытқысы келеді. Бұл – қалыпты жағдай. Біздің «Денсаулық сақтау» кодексіміз де оған рұқсат береді, егер ол баланың денсаулығына зиян келтірмесе, яғни санитарлық нормаларды сақтап, арнайы халат, маскамен кіріп, дұға жасап шығуға болады. Біз оған тыйым салмаймыз. Өйткені сенім – әр адамның жеке құқығы. Бірақ біз әрдайым айтамыз: кез келген ауруды тек медицина жолымен емдеңіз. Уақытында дәрігерге жүгінсеңіз, көптеген ауыр жағдайдың алдын алуға болады.

El.kz: Қазір балалар смартфонға телміріп отырады. Көп ата-ана "бала тыныш отырсын" деп телефонды қолына ұстата салады. Мұның салдары қандай болуы мүмкін?

Динара Ақәділқызы:  Қазір біз аутист балалар көбейіп кетті деп айтып жүрміз. Бірақ бұл дерт бұрын да болған. Алайда қазір гаджеттердің әсерінен жағдай ушығып жатыр. Бұрын аутист бала болса да, ол қоғаммен араласты — ата-анасымен бірге сыртқа шықты, адамдармен қарым-қатынас жасады. Ал қазір бала тыныш отырсын деп қолына телефон беріп қоямыз. Телефонмен отырған бала өзі қалаған мультфильмді ашып көреді. Сіз бірдеңе айтсаңыз да тыңдамайды, өйткені ол өз әлемінде. Міне, дәл осылайша біз баланың қоғамнан шеттетіліп, ішкі тұйық күйге түсуіне өзіміз жағдай жасап отырмыз. Бұрын ондай арнайы мектеп те, орталық та болмады, бірақ ата-аналар баланы белсенді ортаға бейімдейтін. Ал қазір бәрі бар — арнайы орталықтар да, көмек те бар. Бірақ соның бәріне кедергі болып тұрған — гаджетке тәуелділік.

El.kz: Смартфонның аутист балалардан бөлек, дені сау балаға келетін қаупі қандай?

Динара Ақәділқызы: Денi сау балаға да смартфон мен интернеттің кері әсері бар. Баланың сана-сезімі әлі толық қалыптаспағандықтан, интернеттен көрген агрессиялы видеоларды, ойындарды қайталап істеуге тырысады. Мысалы, баланың телефонын тексерсеңіз, кейде ұрысып жатқан, төбелесіп жатқан видеолар шығады. Бұл оның мінез-құлқына кері әсер етеді. Баланың ой-өрісін дамыту үшін шахмат ойнатуу, кітап оқыту қажет. Бірақ қазіргі уақытта үлкендердің өзі көп оқымай, ақпаратты интернеттен іздейді. Бұл да балаларға үлгі болып, ойланбай интернеттен көргенін қайталауға итермелейді.

Айта кететін бір жайт — тек балалар емес, үлкендер де тәуелді болып барады. Күніне бірнеше рет әлеуметтік желіге кіреміз, бірдеңе болса интернеттен іздейміз. Бұл — бүкіл отбасылық психологияға әсер етеді. Баланың психикалық дамуына да бұл бірден әсер етеді. Сондықтан бұл мәселені жоққа шығаруға болмайды.
Сонымен қатар, қазір есеп шығаруға арналған арнайы бағдарламалар бар, бала есепті өзі ойланбастан сол бағдарламаларға жүгінеді. Бұл да балалардың шығармашылық қабілетіне кері әсер етеді. Дегенмен, технологияны дұрыс пайдалану керек. Мысалы, бізде «ДАМУМЕД» сияқты қосымшалар бар, онда ата-ана баланың жағдайын, емін бақылап отыра алады. Бұл жақсы, өйткені ата-ана ақпараттандырылған болады.
Бұрын ауруханадан шыққанда тек қағазда мәлімет берілсе, қазір электронды түрде барлығын қарауға болады. Бұл дәрігерге де, ата-анаға да тиімді.

El.kz: Мектеп оқушылары арасында стресс және ұйқы бұзушылықтары көбейіп бара жатыр ма?

Динара Ақәділқызы: Бұл — аса өзекті проблема. Мысалы, суицид жағдайлары жыл сайын артып келеді. Біз өзіміздің қалада да осы туралы нақты статистикалық мәліметтерді бақылап отырмыз.  Оның себептеріне келетін болсақ, көбінесе мектеп оқушыларының стресс жағдайы, ұйқының бұзылуы — олардың отбасындағы және мектептегі жағдайлармен тығыз байланысты. Ата-аналар арасындағы дау-дамайлар, конфликттер балаларға кері әсерін тигізеді. Мұндай үйдегі психологиялық климат балаға қауіп төндіреді, ол мектепте де өзіне кері ықпал етеді. Мысалы, егер баланың отбасында үнемі келіспеушілік, шиеленіс болса, мектепте де балада қиындықтар туындайды — ол әлеуметтік ортада өз орнын табуда, оқуда қиындық көреді. Сонымен қатар, қазіргі заманғы ұрпақта ұйқы бұзылыстары өте жиі кездеседі. Мысалы,  бала түнгі сағат оннан кейін ұйықтамайды, керісінше, кешке дейін телефон немесе басқа гаджеттерде уақыт өткізеді. Бұл жерде қазіргі технологиялардың, әсіресе ұялы телефондардың әсері зор. Бір кездері мектепке ұялы телефондарды кіргізбеу туралы шектеу болған еді, ол балалардың ұйқы режимін сақтауға көмектескен болатын. Бірақ сол шектеулер бүгінгі таңда жоқ.

Ковид кезеңінде адамдардың сыртқа шығуы, қарым-қатынас жасауы шектелген кезде, барлық аурушаңдық деңгейі азайды. Қоғам үйде қалды, адамдар қолдарын жиі жуып, гигиенаға аса мән берді. Мысалы, осы менингит пен туберкулездің таралуы азайды. Бұл — жабық ортадағы санитарлық талаптардың арқасында болды. Сол кезеңде отбасы институты нығайып, адамдар бір-бірін қадірлей бастаған еді.

Отбасылық байланыстардың нығаюы, ата-аналардың баласына деген жауапкершілігі мен қамқорлығы — балалардың психикалық және физикалық саулығына үлкен әсер етеді. Мысалы, ауруханаға барған баланың жанында әдетте анасы болады. Себебі ана балаға ерекше қамқорлық көрсетеді, баланы емдеуге қатысты барлық міндеттер ананың мойнында болады. Ал әкелердің осы процесте қатысуы сирек кездеседі, кейде ата-аналар осы жауапкершілікті бөліспейді, тіпті кейбірі оған келіспейді. Бұл да отбасы институтының әлсіздігін көрсетеді. Қазір ата-аналарға анасының ғана емес, әкесінің де бала тәрбиесіне белсенді қатысуы қажет деген талап қойылып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайдың төмендігі де балалардың психикалық және денсаулық мәселелеріне әсер етеді. Жүйке жүйесінің аурулары, стресс, ұйқы бұзылушылықтарының өсуінің басты себептері — бұл әлеуметтік факторлар, отбасы институтының әлсіреуі, қазіргі заманғы технологиялардың әсері және мектептегі психологиялық жағдай. Бұл мәселелерді шешу үшін барлық деңгейде — отбасыда, мектепте, қоғамда кешенді жұмыс жүргізу қажет. Ата-аналарға, педагогтарға және дәрігерлерге баланың психикалық және физикалық денсаулығын бақылауда тығыз жұмыс жасау керек.  

El.kz: Қазіргі мектеп жасындағы балалар ашушаң болып барады дегенді жиі естиміз. Бұнымен келісесіз бе?

Динара Ақәділқызы: Балалар арасында ашушаңдық, нервоз сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Балалар өсіп келе жатқанда гормондық өзгерістерге де байланысты мінез-құлықтары өзгеріп, кейде ашушаңдық пайда болуы мүмкін.  
Мектептерде психологтар осындай мәселелерді бақылап, алдын алу үшін жұмыс істейді. Психологтар баланың мінез-құлқын зерттеп, қажет болса, психиатр немесе невропатолог мамандарына жібереді. Ата-аналар да баланың жағдайын мұқият бақылап, қажет болған жағдайда көмек сұрағаны дұрыс.  

(Фото: Динара Жұмаділованың жеке мұрағаты)

El.kz: Кейбір ата-ана баласының аурушаң екенін жасырады, ұялады немесе ауруханаға баруға асықпайды деген пікір бар. Бұған не дейсіз?

Динара Ақәділқызы:  Әр баланың жағдайы – жеке. Қайткенмен де ата-аналар бала денсаулығына немқұрайлы қарамауы керек. Қазіргі медициналық жүйеде ауруханаларда бала санының аз болғаны дұрыс саналады. Себебі аурухана – түрлі инфекциялардың көзі. Дегенмен, бұл мекемелерде санитарлық талаптар толық сақталады: күнделікті тазалау, апталық жалпы тазалық, кварцтау, арнайы тексерулер мен санитарлық бақылаулар үздіксіз жүргізіліп тұрады.
Бастысы – алдын алу шаралары. Ата-ана баласының дамуына жіті мән беруі керек. Мысалы, бала 6 айлығында отыруы, 8 айлығында еңбектеуі, 1 жасқа келгенде жүруі керек. Осы кезеңдерде ата-ана барлық жағдайды жасауға тиіс. Көпшілігіміз массажды тек маманға апарып жасатқымыз келеді. Алайда, қарапайым сипап-сылау арқылы да балаға қажетті күтімді өзіңіз көрсете аласыз. Қорқудың қажеті жоқ, керісінше, балаңыздың бұлшық еттерін дамытып, денесін шынықтырасыз. Егер бала әлсіз немесе тұйық, қозғалысы баяу болса, ата-аналар бұл жағдайды қалыпты деп қабылдамауы керек. Бұл белгілер баланың дамуына қатысты проблемалардың белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда баланың физикалық белсенділігін арттыру, массаж жасау, дұрыс тамақтану және қажет болса мамандардың көмегіне жүгіну маңызды.

Ата-аналарға айтарым, балаға деген мейірімділік пен қамқорлық, оның дұрыс дамуына көңіл бөлу — бала денсаулығының кепілі. Баланың кез келген шағын өзгерістерін байқап, күдік туындаған кезде мамандарға барудан қорықпау керек. Бұл — балаңыздың денсаулығын сақтап, оның болашақтағы жақсы өміріне жол ашатын маңызды қадам.

El.kz: Дәрігер ретінде бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға тағы қандай кеңес берер едіңіз?

Динара Ақәділқызы:  Ата-аналарға ең бірінші айтқым келетін нәрсе — баланың денсаулығын сақтау және дамыту үшін күнделікті өмір салтына жүйелі түрде көңіл бөлу керек. Мысалы, таза ауада жиі болу өте маңызды. Мұны уақытша емес, баланың қалыпты өмір салтына айналдыру қажет. Күн сәулесінің балаға тигізетін пайдасын ескерсек, әсіресе таңертеңгі сағат 10-нан 11-ге дейінгі аралықта ауа райы қалыпты болған кезде, баланы міндетті түрде далаға шығару керек. Бұл кезде баланың терісіне күн сәулесі түсіп, ағзада D2 дәрумені табиғи жолмен D3 дәруменіне айналады. Бұл дәруменнің баланың сүйек жүйесінің қалыпты дамуы және иммунитетінің нығаюы үшін маңызы зор. Мұны дәрі-дәрмекпен сырттан сатып алып, беру арқылы толық алмастыру мүмкін емес.  

Тағы бір маңызды нәрсе – тамақтану. Алты айдан бастап балаға қосымша тағам енгізілуі қажет. Бірақ ата-аналар емшек сүтін ұзаққа созып, қосымша тамақтандыруды кешіктіріп жатады.  Баланың тамақтануына ерекше көңіл бөлу қажет. Балаға сапалы, теңдестірілген, қажетті қоректік заттарға бай тағам беру — оның денсаулығының негізі. Қосымша, баланың таза киім киюіне, күнделікті гигиена талаптарын сақтауына мән беру керек. Бұл — балалардың жалпы саулығына ықпал етеді. Сонымен қатар, профилактикалық медициналық тексерулерді уақытында өткізу өте маңызды. Мысалы, бала туғаннан кейін екі айда, үш айда, алты айда, бір жаста тұрақты түрде дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс. Осы кезеңдерде невропатолог баланың рефлекстерін тексереді: қайсысы қалыпты дамығанын, қайсысы кешігіп тұрғанын анықтайды. Бұл баланың жүйке жүйесінің дамуындағы маңызды көрсеткіштер болып табылады. Рефлекстердің кешігуі немесе болмауы патологияның белгісі болуы мүмкін, сондықтан уақытында диагностика жасау өте маңызды. Сонымен бірге, балаларға жоспарлы вакцинация өте қажет. Мысалы, туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын алу, полиомиелитке қарсы тамшылы вакцина   алу — баланы ауыр жұқпалы аурулардан қорғаудың тиімді жолы.

Пневмококк инфекциясына да қарсы вакцинация бар, ол пневмония және басқа да инфекциялардан қорғайды. Өкінішке қарай, кейде ата-аналар бұл маңызды жоспарлы егулерді өткізіп жібереді, бұл дұрыс емес. Вакцинация баланың иммундық жүйесін нығайтып, оның денсаулығын қорғауға көмектеседі.

Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар дамығанымен, ата-аналар интернеттен табылған ақпараттарға сену мәселесінде абай болу керек. Интернетте түрлі мәліметтер көп, бірақ олардың барлығы да сенімді емес болуы мүмкін. Сондықтан балаңыздың денсаулығы туралы барлық сұрақ бойынша тек білікті мамандарға — дәрігерлерге жүгіну керек. Дәрігер — бұл арнайы білім алып, көп жылдар бойы осы салада тәжірибе жинаған адам. Оның білімі мен тәжірибесі интернеттегі ақпаратпен салыстырғанда әлдеқайда сенімді. Қазіргі заманда емханаларда балаларды кешенді түрде бақылау үшін арнайы бағдарламалар енгізілген, мысалы, “Интеграцияланған балалар ауруларын басқару бағдарламасы” (ИБДВ). Бұл бағдарлама ата-аналарға баланың денсаулығы мен дамуындағы маңызды белгілерді үйретеді. Егер балада қандай да бір төтенше немесе қауіпті белгілер пайда болса, ата-ана не істеу керектігін біледі — тез арада жедел жәрдем шақыру немесе дәрігерге бару керек екенін түсінеді. Осы жүйенің арқасында ата-аналар мен дәрігерлер баланың денсаулығын бірлесіп қадағалап, оның дамуына көмек көрсетеді.
Бұдан өзге бала тәрбиесі мен мінез-құлқына қатысты да ата-аналарға айтарым бар. Балаңызды бір мектепке тұрақты түрде беріп, сол мектептің ортасында тәрбиелеу дұрыс болады. Қазіргі білім беру талаптарына сәйкес, баланың тұрғылықты жеріндегі мектепке баруы ұсынылады. Бұл баланың өз ауданының балалары мен көршілерімен жақсы қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді. Егер бала тұрып жатқан жерінен басқа ауданның немесе жақын емес жердің мектебіне оқуға барса, ол өз көршілерімен араласпай, қатарластарымн қарым-қатынас жасауда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл әлеуметтік бейімделу мен коммуникативтік дағдылардың дамуына кері әсер етеді.

Қорыта айтқанда, ата-аналарға баланың денсаулығы мен тәрбиесіне жүйелі, жан-жақты және жауапты қарауды ұсынамын. Балаңыздың өсуі мен дамуы — сіздің ең басты міндетіңіз. Денсаулық сақтау мамандарымен бірлесе жұмыс істеп, баланың барлық қажеттіліктерін уақытында қамтамасыз ету арқылы сіз оның болашағын жарқын әрі салауатты ете аласыз.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!