Бас бапкер әлем чемпионы атанған Нұрқожа Қайпановтың қателігін айтты

2 Қараша, 09:43 744

Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алған екінші спортшы атанғаннан кейін құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Тиранада күрес түрлерінен Олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша 70 келіде белдесіп, барлық қарсыласын айқын жеңген Нұрқожа Қайпанов ел тарихында еркін күрестен әлем чемпионы атанған екінші балуан атанып отыр. Ол бірнеше жылдан бері 74 келіде өнер көрсеткен еді. 

“Әлем чемпионатындағы міндетімізді орындадық. Бірақ одан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Жігіттер кейбір тактикалық қателіктер жіберді. Нұрқожа мықты жігіт, өте тамаша күресті. Оның үстіне, дайындығы да өте жоғары деңгейде болды. Ол бұған дейін 74 келі салмақта күресті, бірақ бұл оның табиғи салмағы емес. Қайпанов үшін ең қолайлы салмақ - 70 келі еді. Өкінішке қарай, бұл салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді. Ойындарға қатысу үшін ол салмақ көтеруге мәжбүр болды. Алайда, бұл қателік деп ойлаймын. Ол бұрынғы салмақ дәрежесінде қалғанда, әлем чемпионатын ертерек жеңіп алуы мүмкін еді. Бәрі осылай болуы керек болған шығар. Айта кетейін, біз одан медаль күткен едік. Жеңісі күтпеген жағдай немесе сенсация емес”, – деді бапкер Olympic.kz-ке берген сұхбатында. 

28-31 қазан күндері Албанияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан балуандары 1 алтын, 2 күміс жүлде иеленді. Оның ішінде, Нұрқожа Қайпанов чемпион атанса, грек-рим күресінен Ержет Жарылқасын (63 кг) және әйелдер арасында Жәмила Бақбергенова (72 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: