Бас айналудың қаупі қандай

21 Желтоқсан 2023, 16:30 28652

Бас айналу – вестибулярлық аппараттың қызметінде патологиялық себептердің болуынан пайда болатын ауру.

Бас айналу айналаңыздағы кеңістік қозғалып немесе айналып жатқандай көрінетін сезім немесе керісінше, сіз қозғалып немесе құлап бара жатқандай болу. Бас айналған кезде тепе-теңдік бұзылып, қозғалыс сенімсіз бола түседі.

Дәрігерлерге көбінесе әйел кісілер басының көп айналатынын айтып шағымданады екен. Десе де, ерлер арасында да бұл жайсыздық аз кездеспейді. Бас айналғанда тағы қандай белгілер болуы мүмкін:

- жалпы ағзаның әлсіздігі;

- жүрек айнып, лоқсу, құсу;

- теңсетіліп жүруі;

- ішкі дене құрылыстарымыздың аласапыран күй кешуі.

- айналаның барлығы теңселіп тұрғандай немесе ішкі құрылыстарымыз аударылып-төңкеріліп жатқандай әсерде болуы.

Бас айналу ең алдымен көп аурудың ортақ белгісі екенін ұмытпаңыз. Басыңыз шыр көбелек айналып жатқанда тағы қандай белгілер болғанына назар аударыңыз, себебі дәрігер алдына барғанда оның бәрін тізіп шықсаңыз, мәселенің түйіні тарқатылады.

Сонымен, неден басымыз айналады?

Вегето-қантамырлы дистонияның бастамасы

Бұл ауру қалыпты қан ағымы қызметінің бұзады. Оның ішінде жүйке жүйесіне қатты әсер етеді. Уақытында ем шаралары жасалмаса, тек бас айналу ғана емес, одан да ауыр жағдайға ұшыратуы ықтимал. Сол себепті, дәрігерге жылдам барғаныңыз дұрыс.

Қаназдық пен диета

Басымыздың жиі айналуына ағзамызға темірдің жетіспеушілігі де себеп. Сонымен қатар, салмақ тастауға арналған диеталар да организмімізге кері әсер етуі мүмкін. Өзімізді тамақтан тежеу бойымызға керек дәрумендерден қағылуға әкеледі. Сондықтан диетаға отырмас бұрын арнайы диетолог маманмен ақылдасқан жөн. Ал ағзамызға не жетіспейтінін білу үшін уақытылы анализ тапсырып, дәрумендер ішіп отырайық.   

Мойын омыртқасының остеохондрозы

Остеохондроз – омыртқаның қисаюынан басталады. Остеохондрозға шалдыққанда омыртқа арасынан шыққан жұлынның талшықтары қысылып қалса, жүрек тұсы шаншиды. Ал бұны біреулер инфаркт немесе стенокардия ауруымен шатастырады. Мәселен, мойын омыртқа остеохондрозында  миды қоректендіріп тұрған қан тамырлары қысылып, 12 пар мидың жүйелері мен ми сүйегі зақымданады. Бас пен желке тұсы  ауырып, көз бен жұтқыншаққа да әсер етеді. Кейде адам лоқсып құсуы мүмкін. Вестибулярлы өзгерістер кезінде адам бар тепе-теңдіктен айырылып түзу жүре алмайды. Әсіресе, көлікке отырып түскен кезде бір жағына қисайып кететін болады. Көзге әсер еткенде көз алды сағымданып, перде тұрғандай немесе ұсақ шыбын-шіркейлер ұшып жүргендей көрінеді.

Жарақат алу

Басты қатты ұрып алсақ та бас айналады. Әсіресе, ауыр соққыдан «ми шайқалды» деген диагноз болса, тіпті жаман. Оның басқа да белгілері бар: аяқ астынан қатты әлсіздікті сезіну, бас айналумен бірге көру қабілетінің нашарлауы, аяқ астынан құлақ тоқтаусыз шуылдау, бас айналып, сонымен бірге қатты ауыруы, бас айналумен бірге жүрек айнуы, құсу. Мұндай жағдайда жылдам дәрігер көмегіне жүгіну керек!

Физикалық тітіркендіргіштер

Кейде биіктіктен секіру мен тербелу бас айналуына әкеледі. Бұл қауіпті жағдай емес. Сонымен қатар, кейбір химиялық заттар да басымызды айналдырып, жүрегімізді айнытады. Бұл ретте уланып қалмаудың амалын жасау керек. Егер иіс тиіп жатса, бірден жедел жәрдемге қоңырау шалыңыз.  

Меньер ауруы

Меньер ауруы кезінде бас айналумен бірге құлақта шу болады. Тіпті бір құлағыңыз уақытша естімей қалуы да мүмкін. Меньер ұстамасы бір сағатқа дейін созылады. Бірақ, соншалықты қауіпті емес.

Күйзеліс

Кейбір адамдар ұзақ уақыт күйзелісте жүрсе, басы ауырып, айналатын болады. Оны психогенді дейді. Ол жүйке жүйесінің шамадан тыс жүктелуімен және сәйкесінше қысым өзгерісімен сипатталады. Сонымен қатар, өкпенің аса желдетілуімен (өте жиі және терең емес тыныс алу) де байланысты. Мида оттек жетіспегеннен бас айналады.

Жүктілік

Жүкті әйелдің басы айналып, жүрегі айнып, әлсізденуі ағзадағы гормондардың өзгерісімен байланыстырылады. Сондай- ақ артериялық қысымның төмендеуінен де туындауы мүмкін.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: