«Барыс» сырт айдында жеңілді

7 Қаңтар, 23:32 760

Елорданың «Барыс» клубы Құрлықтық хоккей лигасы аясында кезекті кездесуін сырт айдында Уфаның «Салават Юлаевымен» өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда клубы үшін бұл матч оңай соқпасы анық еді, себебі қарсылас өте қарымды. Ойын басталысымен-ақ айдын иелері тізгінді өз қолына алды. Нәтиже де көп күттірген жоқ – Егор Сучков 4-минутта есеп ашты.

Екінші кезеңде «Салават Юлаев» хоккейшісі Джош Ливо дубль авторы атанса, «Барыс» сапынан Энтони Камара 38-минутта есеп айырмасын қысқартты. Алайда 39-минутта Матвей Гуськов ресейлік клубтың басымдығын арттыра түсті.

Ойынның 45-минутында «Барыс» сапынан Самат Данияр мергендік танытып еді, араға бес минут салып Матвей Гуськов қақпамызға тағы бір шайбаны тоғытты. Даниил Апальков 59-минутта көзге түсіп, үшінші голды салды.

Осылайша елордалық клуб қарсыласына 3:5 есебімен есе жіберіп, қатарынан екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Бұған дейін астаналықтар Ресейде «Тракторға» жол берді. 

Енді «Барыс» алдағы ойынын 9 қаңтарда Ресейде «Ак Барс» (Қазан) клубымен өткізеді. 

Перизат Саденова
Бөлісу: