«Барыс» хоккей клубынан тағы бір легионер кетті

26 Қазан, 18:27 431

«Барыс» хоккей клубының басшылығы ауысқалы бері бірнеше легионермен келісімшарт үзілген болатын. Енді олардың қатары канадалық ойыншы Алекс Грантпен толықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Барыстың» баспасөз қызметі хабарлағандай, 35 жастағы Грантпен келісімшартты үзуге клуб басшылары бастама көтерген. Енді оған қомақты көлемде өтемақы төленеді.

Айта кету керек, ҚХЛ-дің биылғы маусымында Алекс Грант «Барыс» сапында небәрі екі матч өткізіп, бірде-бір шайба соға алмады. Ал, өткен маусымда жарақатына байланысты жарыстарға қатыспаған. Ол кезде Грант небәрі 8 матчта айдынға шығып, бір рет гол соқты.

Еске салайық, «Барыс» екінші маусым қатарынан сәтсіз ойнағаннан кейін алдымен клубтың бас директоры ауысса, артынша бапкері де отставкаға кетті.

Жаңа басшы Нұрлан Оразбаев пен бас бапкер Ғалым Мәмбетәлиев қызметке тағайындала салысымен бірнеше легионерді еліне қайтарды. Мұнан кейін команда қатарынан екі рет жеңіске жетіп, бір рет жеңілді.

Қазіргі таңда 19 матчтан кейін 11 ұпай жинаған астаналықтар ҚХЛ турнир кестесінің соңғы 12-ші сатысында келеді.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: