03.04.2026
09:05
141

«Барселонадағы» тұңғыш қазақ: футболшының әкесі эксклюзивті сұхбат берді

Күні кеше ғана әлемдік БАҚ небәрі 15 жастағы қазақстандық футболшының «Барселона» жүйесіне қабылданғанын жарыса жазды. Каталониялық клуб сапына шақырту алған оралдық Кәрім Меңдіхановтың есімі аз уақыт ішінде халықаралық деңгейде атала бастады. Осы орайда жас футболшының әкесі Руслан Меңдіхановпен эксклюзивті сұхбат жасап, көпшілікті қызықтырған сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Алғашқы қадам және алғашқы бапкер

Кәрімнің футболдағы жолы Орал қаласында басталған. Ол алты жасында «Спартак Юниор» клубына келген. Дәл осы жерде оның қабілетін алғаш байқаған бапкер – Сергей Кондаков.

Бала футболды өзі таңдады. Біз арнайы бағыттамадық. Алғаш байқаған адам – Сергей Кондаков. Сол кісі «бұл балада қабілет бар» деп, өзі жұмыс істеді. Негізгі іргетасы сол жаттықтырушы қалады, – дейді Руслан Меңдіханов.

Бұл кезең Кәрім үшін шешуші болды. Яғни бүгінгі жетістіктің негізі дәл осы Оралдағы алғашқы дайындық кезінде қаланған.

Астанадағы кезең: жүйеден тыс дайындық

Кейін отбасы Астанаға көшеді. Алайда бұл кезеңде Кәрім кәсіби академиялардың біріне түсе алмаған.

Астанада жүргенде ешкім шақырған жоқ. Бірде-бір клубтан ұсыныс болған жоқ. Өзіміз дайындалып жүрдік, – дейді әкесі.

Дегенмен бұл уақытта нәтиже көрінбесе де, нақты шешім қабылданған кезең болды.

Испания: тәуекел мен бейімделу

2022 жылы Кәрім небәрі 11 жасында Испанияға кеткен. Бұл – ешқандай бағдарлама емес, толықтай отбасының жеке шешімі.

Өзім апарып тастадым. Ешқандай бағдарлама болған жоқ. Барлығын өз қаражатымызбен жасадық, – дейді Руслан Меңдіханов.

Алғашқы екі жыл футболдан гөрі бейімделуге кеткен.

Екі жыл бойы тіл үйренді, жаттығуларға барып жүрді. Себебі құжат жағы реттелмей, ешқайда шыға алмады, соған қарамастан жаттығуынан қалған емес. Бұл кезеңді бастан өткізу керек болды, – дейді ол.

Алғашқы клубтар және ойын тәжірибесі

Осыдан кейін Кәрім Испаниядағы жергілікті клубтарда ойнай бастайды. Алдымен «Cerdanyola» командасында өнер көрсетіп, кейін «Sant Cugat» клубына ауысады.

 2025 жылдың күзінде ол Испания чемпионатында (U-15) дебют жасап, бірден негізгі құрамға енеді. Маусым барысында екі гол соғып, тұрақты ойын тәжірибесін алған.

Алғашында аз ойнады, бірақ өзін көрсетті. Кейін негізгі құрамға кірді. Қазір тұрақты ойнап жүр, – дейді әкесі.

«Барселона» назарына ілігу

Маусым барысында «Sant Cugat» «Барселона» командасына қарсы екі матч өткізеді. Кәрім екі ойында да толық уақыт алаңда болып, қарсылас қорғанысына қысым жасап, скауттардың назарын аударған.

Желтоқсан айынан бастап скауттар хабарласа бастады. Басында сенбедік. Бірақ кейін нақты шақырту келгенде бәрі анық болды, – дейді Руслан Меңдіханов.

Кейін әкесі мен баласы клуб өкілдерімен кездесіп, келіссөз жүргізеді.

Олар «балаңыз бізге керек» деді. Мұндай ұсыныстан бас тарту мүмкін емес. Бұл – кез келген баланың арманы, – дейді ол.

Нәтижесінде Кәрім Меңдіханов каталониялық клубпен үш жылдық келісімшартқа отырды.

Қанша қаржы, қанша еңбек кетті?

Жас ойыншының бұл деңгейге жетуі үлкен қаржылық шығынды талап еткен.

Айына кемінде 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін шығын болды. Тұру, оқу, жаттығу – бәрі ақылы, – дейді Руслан Меңдіханов.

Оның айтуынша, бірнеше жыл бойы тұрақты түрде инвестиция құйылған.

Бұл оңай жол емес. Ең бастысы, еңбек ақталды, – дейді ол.

«Бұл – тек бастамасы»

Қазір Кәрім Испанияда білім алып жүр және футболмен қатар оқуын жалғастырып келеді. Әкесі бұл жетістікті соңғы нәтиже емес, үлкен жолдың басы деп есептейді.

Басында сену қиын болды. Қазір бәрі анық. Бірақ бұл – тек бастамасы, – дейді әкесі.

Кәрім Меңдіханов – Барселона жүйесіне қабылданған алғашқы қазақстандық. Оралдағы алғашқы бапкерден басталған бұл жол енді әлемдік футболдың ең жоғары деңгейіне қарай жалғасып жатыр.