20.10.2025
10:43
509
«Барселона» Суперлига жобасынан шықты

«Барселона» Суперлига жобасынан шықты

Испанияның әйгілі «Барселона» футбол клубы Суперлига жобасынан шығатынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы клуб президенті Жоан Лапорта ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Себептері қарапайым. Біз Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) мен Суперлига арасындағы байланысты нығайту бағытында жұмыс істеп келдік. Чемпиондар лигасының жаңа форматына енгізілген өзгерістер турнирдің сапасын арттырып, табыстың 20 пайызға өскенін көрсетті. Біз бастапқыда Суперлига жобасын қолдадық, бірақ УЕФА тарапынан оң өзгерістерді байқап, енді татуласуға басымдық беруіміз керек деп шештік. Сонымен қатар Суперлига ұсынған көптеген идеялар мен қағидалар УЕФА тарапынан түсіністікпен қабылданды, тек турнирді басқару және ұйымдастыру мәселелері бойынша айырмашылық қалды, – деді Лапорта.

Оның айтуынша, турнир жүйесін жетілдіру қажет болса, оны Еуропалық клубтар қауымдастығы аясында дамытуға болады. Сондай-ақ Суперлига ұсынған Unify платформасын да қарастыруға мүмкіндік бар.

УЕФА бұл бастаманы зерттеуге дайын, егер ол тиімділігін дәлелдесе, оны қабылдайды. Біз келісімге келуге болатынына сенеміз. Сондықтан біз үшін ең дұрыс орын – УЕФА, – деді Лапорта.

Еске салайық, 2021 жылдың 19 сәуірінде ағылшынның «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити», «Тоттенхэм», «Ливерпуль», «Челси» және «Арсенал», Испанияның «Барселона», «Атлетико» және «Реал», сондай-ақ Италияның «Милан», «Интер» және «Ювентус» клубтары Суперлига құрылатынын жариялаған еді. Алайда жанкүйерлердің жаппай наразылығынан және ФИФА мен УЕФА-ның санкциялар қаупінен кейін жобада тек «Реал», «Барселона» және «Ювентус» қалған болатын. Кейіннен «Ювентус» та жобадан шығу процесін бастаған.