Бала кезден Барсакелмес аталатын аралдың барын естіп, онда адамдар барса, жоғалып кетеді немесе тағы сондай адам айтқысыз қасіретке душар болады деген секілді әңгімелерге қаныққанымыз рас. Расында, осылай аталатын Арал теңізінің орта тұсында жұмбақ мекен бар.
Барсакелмес аралын ғылыми түрде орыс географы XIХ ғасырдың 50 жылдары Алексей Бутаков ашқан. Ал 1930 жылдары мұнда мемлекетті қорық ашуды ұйғарып, сирек кездесетін аң-құстарды өсірумен шұғылдана бастады. 1939 жылдың 10 желтоқсанында қорық мәртебесін ресми түрде иеленді. Мұнда сирек кездесетін флора мен фауналар бар.
Десек те тұщы су тапшылығы қорықтың қанат жаюына көптеген кедергілер келтірген еді. Соған қарамай, Барсакелмес қорығы республикадағы тоғыз қорықтың ең ерекшесі болып табылады. Барскелместен 60 шақырымдай жердегі Возраждение аралында кеңес үкіметі биологиялық қару жасайтын құпия зертхана ашқан екен. Бұл зиянды қарулар шыққан аралдан да көптеген жақын маңдағы тұрғындар зардап шекті.
Бұрынғы заманда жау жан-жақтан қысқан бір тайпа көсемдерінің шешімімен теңіз ортасындағы аралға бас сауғалау үшін көшіп баруды жөн санайды. Олар су бетіне мұз қатқан уақытты тосып тұрғанда, көсемнің көзіне ақсақал көрініп, ол аралдың ешқандай қауіпсіз екенін, егер аң-құсына тимей өмір сүрсе, мал-жандары аман болып, бақытты ғұмыр кешетіндерін айтып, көзден ғайып болады. Шынында да, олар уақыт өте, малдары көбейіп, жауларынан құтылып, мамыражай күйге бөленеді.
Адам қиын сәтін, күні күліп шыққан мезетте-ақ ұмытып кетеді емес пе? Әбден тәтті өмірдің дәмін сезіп алған олар, аралдың ағаштарын кесіп, жануарларын өлтіріп, бейберекет тірліктер жасай бастайды. Міне, осы сәтте олардың барлығын ордалы жылан келіп, жұтып кетіпті-мыс. Бұл оқиғадан соң, арал адам атаулыға қас боп алыпты дейді. Әрине, бұл көптің аузында жүрген аңыз ғана. Ал шын-өтірігін білетін әзірге тірі пенде болмай отыр.
Сол секілді мұнда балықшылар келіп, өз жолдастарын ұшты-күйлі жоғалтып алған әңгімелер бар. Қайықпен теңізді шарлаған балықшылар әлдері құрып, аралға тынығуға тоқтайды. Осы кезде аппақ тұман пайда болып, бірер балықшыларды қызықтыра кетеді. Жүрек жұтқандары қызық көріп, тұманға бойлап кеткеннен шықпай қояды. Қалғандары аң-таң. Әрлі-берлі іздеп, аттарын атап шақырғанмен ешқандай із, дыбыс жоқ. Балықшылар ұзақ уақыт бойы жағалауда жолдастарын тосады. Тұман тарағанда да кірген қос адам табылмай, ізім-ғайым жоғалып кетіпті.
Кейбір пікірлерге сүйенсек, аралда уақыт кәдуәлгі өмірден тезірек өтеді екен. 1930 жылы аралға жіберілген топографиялық экспедиция үш ай бойына хабарсыз кетеді. Тек тоқсан күннен соң өздері аман-есен оралыпты. Олар расымен де үш уақыт өткенін білмеген екен. Бар болғаны үш күн адам аяғы баспаған аумағын барып, картаға түсіріп кері қайтқан.
Осыған ұқсас тағы бір мынандай әңгіме бар. Аралға саяхаттап келген кішігірім топтың мүшелері ақ тұманды байқай сала, оған кіріп көруді жөн санайды. Алдыңғы аңызда айтылған балықшылар секілді оларды тұман жұтып кетпейді, тек бір жарым күннен соң жібереді. Ал олар болса, тұманда бар болғаны жарты сағатқа жетпейтін уақыт тұрған екен.
Өткен ғасырдың бел ортасында аралда беймәлім нысанмен байланысқа түсетін Әбдіразақ есімді қазақ тұрған екен. Сол арқылы ол көптеген жасырын ақпараттарға қанық болып отырыпты. Тіпті, өзге ғаламшарлықтармен де тікелей байланысқа шығыпты-мыс.
Мұны байқаған кеңес адамдары, сол нысанмен тезарада байланысуды көздеп, аралға ат басын тірейді. Дегенмен, аталған нысан оларды жақтыра қойса керек, тікұшақтарының моторын істен шығарып, әбігерге салыпты. Ақыры тылсымдықтың сырына қаныға алмаған олар кері қайтуға шешім шығарады. Тұманға жіберіп көрген ауыр танкінің ішіндегі адам да ғайып болған соң, амалдары таусылса керек. Алғашында тұманға қарғыбауларға байланған иттерді жіберіп көреді, бірақ иттердің тек баулары қалыпты.
Барсакелмес аралы осы ғасырдың басында Арал теңізінің суы толығуына байланысты өзгерістерге ұшырап, арал болудан қалды. Десек те, тұзды тақырдың ортасында болған жұмбақ жайлардың беті әлі ашылмады.