"Барлық партияға мүмкіндік берілді". Сайлаудан кейінгі пікірлер

24 Наурыз 2023, 16:30 1450

Биылғы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы да өтті. Дәл қазір жер-жерде депутат атанған әрбір азамат елдің аузында десек те болады.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сайлау науқанының алдында түрлі пікірлер болғанымен, Алматыда сайлау барысы жоғары деңгейде, тыныш өтті. Оған шетелден келген бақылаушылардың пікірлерін келтірсек те болады.

ҚР Парламентінің Мәжілісі және Алматы қаласының мәслихат депутаттарын сайлау бойынша жалпықалалық баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында түркітілді елдердің Парламенттік ассамблеясының атынан сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан Түркия Ұлы Ұлттық жиналысы Бас ассамблеясының депутаты Ибрахим Айдемир былай деп мәлім етті:

Алматыдағы сайлау учаскелерін араладық. Қаладағы аудандарға іс-сапарлар жасап, әртүрлі партиялардың өкілдерімен сөйлестік. Сайлау комиссияларының жұмысына ерекше назар аударылды. Өткен уақыт ішінде біз сайлау барысын бақылай отырып, ашықтық пен кәсібилікті көрдік, - деді.

«Бабалар аманаты» жобасының авторы, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Қанағат Көдеков сайлау нәтижесі туралы пікірін білдірді.

Сайлауға барып өз дауысымды бердім. Бұл біздің азаматтық парызымыз деп білемін. Елдің белсенді азаматының бірі ретінде Алатау ауданындағы өз учаскемізге барып парызымызды өтеп қайттық. Жеке тұлғалар бойынша шынымды айтсам ешқайсысын жыға танымадым, ал, партиялар бойынша «Аманат» партиясына дауыс бердім. Себебі елдегі негізгі басымдық қанша жылдан бері осы партия еншісінде болып келеді ғой. Бұл жолы да солай болды. Енді тек алдыға қойған мақсатқа жетуге, жаңа Қазақстанды құруға атсалысуға тиіспіз. Қандай істе болмасын біз, мұғалімдер, алдыңғы шепте жүреміз. Ол бір жағынан солай болуы керек те, себебі біз келешек ұрпақты тәрбиелеп отырмыз, - деп көп сұраққа бір жауап бергендей болды.

Алматы қаласында Сайлау күні бүкіл қала бойынша жалпы алғанда сайлаушылардың белсенділігі төмен болғанымен өз кандидаттарына дауыс берген жастардың қарасы көп болғаны байқалды. Сайлау өткен соң алдымен әлеуметтік желілерде сайлауға қатысты, оның ішінде көп дауыс жинаған кандидаттарға дауыс аз жинағандар түрлі жағымсыз пікірлер жазып жатты. Оған да жастар жағы белсенді түрде атсалысып түрлі комментарийлер жазып жатыр.

Осындай пікірлерге Меруерт Әсемқараева есімді студент: «Әрбір қазақ азаматы саясаттан толықтай хабары болмаса да 100%-дың 1-і болсын білуі керек деп ойлаймын. Себебі, бұл дүниенің өзіңізге де қатысы бар. Көріп отырғандарыңыздай, бұл ситуацияны бірі білер, бірі білмес. Бұл жағдайда менің ойым бейтарап, саясат саласын толық білмегеннен кейін мынау дұрыс, мынау бұрыс деп айтуым қателік болар. Дегенмен әр саланың мазмұнымен таныс болған ешкімге артық болмайды деп ойлаймын», - деп өз замандастарын кез келген жағдайда ұстамдылық танытуға шақырды.

Сайлау негізінде кез келген демократиялық елдерде реформа жүргізіп, мемлекет саясатын жүргізуге ыңғайлы қоғамдық процестерді жүргізудің тиімді тәсілі. Ал мемлекет – қоғамды басқаруды жүзеге асыратын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі саяси институт. Ол ішкі және сыртқы функцияларды атқарады. Ішкі құзіреттің ішінде экономикалық (экономикалық реттеу), тұрақтандыру (қоғамдағы тұрақтылықты сақтау), үйлестіру (қоғамдық келісімді қамтамасыз ету), халықты қорғауды қамтамасыз ету (құқықтарды қорғау, заңдылық, әлеуметтік қамсыздандыру) және басқалар болса, сыртқы құзіретте - қорғаныс (соғыс жағдайында) және халықаралық ынтымақтастық (халықаралық аренада елдің мүдделерін қорғау үшін) жатады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін бұрынғы 7%-дан 5%-дейін төмендету бастамасы елдегі саясатты жаңа демократиялық бағытқа бұрды. Парламенттен үш жаңа партия орын алды. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы және оппозициялық бағыттағы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да 5,20% дауыс жинап, тұңғыш рет парламенттік партия атанды. Мұның өзі елдегі саяси жаңғырулар барлық партияларға зор мүмкіндіктер бергенін көрсетіп берді.

Жаңа партиялардың Парламенттен орын алуы жайлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Жақыпбек Алтаев былай дейді:

«Биылғы сайлаудың бір өзгешелігі демократияға алғашқы қадамның бірі болды деп білемін. Шындығында адамдардың ішіндегі «парды» шығарды. Бәрінің өтуі мүмкін емес, бірақ адамдар дұрыс түсінген сияқты. Конституциялық заң бойынша ешкімге сіз кедергі жасай алмайсыз. Әркімнің құқығы бар, ол жерге барып өтуі-өтпеуі халықтың сайлауына байланысты. Сондықтанда менің ойымша, мысалы, Алматының 5-округі бойынша 23 адам болса, соның ішіндегі танымал, көзге көрініп, жұмыс істеп жүрген адамдар ғана өтті ғой.

Меніңше сайлаудың бұл бастамасы дұрыс және солай болуы керек. Биылғы жағдай бұрынғы жүйеде болғанда 5%-дан төмен жинағандар өтпей қалушы еді. «Аманат» ол енді белгілі, ал, халықтың өз дауысын «Ауылға» беріп, оның Парламентке өтуі дұрыс болды деп ойлаймын. Ол туралы әркім әртүрлі пікір айтады. Менің ойым, еліміздегі ең өзекті мәселе ол ауылшаруашылығы, халықтың көпшілігі ауылда тұрады. Бұл жерде ешқандай насихат жұмыстарының нәтижесі емес, мұндағы мәселе Қазақстанның жағдайын, оның экономикасын көтеретін ауылшаруашылығы саласы. Соны халық дұрыс түсінді деп білемін. Сондықтан ойымды қорытатын болсам, бұрынғыдай емес адамдар сайлауды түсіне бастады, келесі сайлау бұдан да басқаша болады деп ойлаймын».

Ендеше мына жұрт өзі тұрып жатқан мемлекеттің гүлденгеніне үлес қосып, «саф ауасын жұтып, бал суын ішіп» бақытты ғұмыр сүруге неге талпынбайды? Қоғамда жүргізіліп жатқан реформаларға бей-жай қарамай, атсалысса игі еді.

Жаңадан сайланып депутат атанған азаматтар еліміздің дамуына адал қызмет атқарып, «біздің елдің депутаты осындай» дегендей мақтаныш сезімін тудыратындай іс атқарып, елдің ықыласына бөленулеріне мүмкіндік беретін сәт туды.

Иә, ендігі де еліміз алдыға қарай жылдам әрі сапалы да салиқалы жолмен жылжитын болса, соғырлым жаңарған мемлекетке - Жаңа Қазақстанға тезірек жетеріміз һақ.

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: