«Бәріне мені кінәләп, «психотерапевтке бар» деп қоймадың». Сотта Нүкенова мен Бишімбаевтың жеке хаттары оқылды

4 Сәуір, 12:46 1099

Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында прокурор Айжан Аймағанова Нүкенова мен Бишімбаевтың WhatsApp желісіндегі хат алмасуын оқыды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанат Нүкенова Бишімбаевты ұялы телефонында «My love» (менің махаббатым) деп сақтаған. Бишімбаев бұл өз нөмірі екенін растады. Сонымен қатар ұялы телефонның паролін Бишімбаевтың өзі ұсынған.

Екеуінің хат алмасуында Бишімбаев Нүкенованың геолокация арқылы қайда жүргенін бақылап, ашуланғанын байқауға болады.

Бишімбаев: «Мен сені көрмейтін болсам, онда геолокацияңды несіне қосасың?»

Нүкенова: «Менде 1000 жылдан бері солай тұр».

Бишімбаев: «Мені сені көрмей тұрмын».

Нүкенова: «Сен білесің ғой, мына бөлмеде WiFi дұрыс ұстамайды. Неге екенін білмеймін, 4G қосылмай тұр».

Бишімбаев: «Осында болсаң, несіне басқаларға Алматыдамын деп айтасың? Ондай көзбояушылықтың не керегі бар? Қазір тағы да «ұмытып кеттім, байқамай қалдым» деп сылтауратасың ба?

Сондай-ақ прокурор Айжан Аймағанова Бишімбаевтың Нүкеноваға жолдаған аудиохабарларын қосты.

Прокурор түн ішінде Бишімбаев Нүкеноваға жиі хабарласқанын, бірақ олардың барлығы жауапсыз екенін атап өтті. Бишімбаев ол кезде шетелде іссапарда жүргенін, уақыт айырмашылығы болғандықтан түнде хабарласқанын түсіндірді.

2:32, 2:38, 3:14, 3:19, 3:20, 3:32, 3:37, 3:39-да Бишімбаевтың қабылданбаған қоңыраулары тұр. Жауап бермеген сәтте Бишімбаев «Салтанат, тұтқаны көтер» деп жазған және бірнеше аудиохабарлама жіберген, – деді прокурор.

Прокурор Айжан Аймағанова Салтанат Нүкенованың ұялы телефонындағы жазбаларды (заметки) да оқыды.

Мен Павлодарға кеттім, енді келмеймін. Соңғы кездері арамызда сезімнің жоқ екеніне көзім жетті. Тіпті сен көзіме шөп салғаның үшін кешірім сұрамадың. Бәріне мені кінәләп, «психотерапевтке бар» деп қоймадың. Оның барлығын мен көтере алмаймын. Сондықтан мені кешір, ұмыт, босат. Мен енді ата-анаммен бірге тұрамын, олар маған қамқор болады, - деп жазған Салтанат.

Бишімбаев бұл жазбалардан бейхабар екенін айтты.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы Нүкенованың телефонындағы суреттерді қарады. Жәбірленуші тараптың адвокаттары суреттерден Нүкенованың өліміне қатысты дерек табу мүмкін болмайтынын, себебі Бишімбаев оның паролін білгендіктен, Нүкенова дәлелдерді телефонда сақтамауы мүмкін екенін жеткізді.

Бұған дейін сот отырысында Нүкенова мен оның ағасының жеке хат алмасуы және айыпталушы Бишімбаев пен екінші сотталушы Байжановтың хаттары оқылды. Экс-министрдің адвокаттары Бишімбаев пен Байжановтың хат алмасуы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланғаны үшін наразылық білдірген болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: