Бәрі де мүмкіндігі шектеулі жандар үшін!

27 Қараша 2017, 15:48 13099

Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жай-күйі қалай?

Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» жай-күйімен танысып қайттық. Бұл орталық Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 қаулысымен бекітілген Халықты әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес І,ІІ-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасайды. Осы орталықта 2009 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан І санаттағы қызметкер Раушан Ахметовамен тілдескен едік.

– Раушан Батырбекқызы, бұл орталықтың көрсететін қызмет түрлерімен таныстырып кетсеңіз...

– Орталық 8-бағытта жұмыс атқарады. Оның біріншісі – әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету. Бұл дегеніміз қызмет алушыларға барлық жағдайы жасалған жылы бөлмелер беріледі, одан соң 3 мезгіл тамағы бар, ал күндіз қатынайтын қалалықтар үшін екі мезгіл тамақ қарастырылған.  

Екіншісі – әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету. Орталықта 3 дәрігер 1 травматолог бар, қызмет алушылар физио ем қабылдайды, емдік дене шынықтырумен айналыса алады. Сонымен қоса, әр түрлі массаждар және басқа да  медициналық көмектер көрсетіледі.

Үшінші – әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету. Мұнда жоғары квалификациялы психолог бар. Әрбір қызмет алушы психолог маманның көмегіне жүгіне алады.

Төртінші қызмет түрі – әлеуметтік-педагогикалық қызмет көрсету. Мұнда ем алушылар бірнеше мыңдаған кітап қоры бар кітапхана қызметіне жүгіне алады. Апта сайын шығып тұрған газет-журналдардағы мақалалармен танысуына мүмкіндігі бар. Сол секілді «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тарихи мұражайларға алып барамыз. Қызмет алушылар кітапханадағы өткізілетін іс-шараларға қатысуына, компьютерлік сауаттылығын ашуына ынталандырылады.

Ал бесіншісі – әлеуметтік-еңбек қызмет көрсету. Орталықта 2 шеберхана бар, қызмет алушылар осы шеберханаларда әр түрлі қолөнер бұйымдарын жасайды. Жұмыстардың түрлері: былғарымен жұмыс, квилинг, кинусайг, тоқымамен айналысу, матаны күйдіру технологиясы, перде тігумен, киім жөндеумен, моншақтан сөмкелер, құмыра, ойыншықтар жасаумен және тағы басқа жұмыстармен айналысады. Бұл өте пайдалы терапияның бірі – еңбек терапиясы. Мәселен, бисермен жұмыс жасау мидағы өлген жасушаларды қалпына келтіреді екен.

Алтыншы қызмет түрі – әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету. Біздегі акт залында музыкалық жетекші жұмыс жасайды. Ол мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Мәселен танысу кештері, би кеші, түрлі қызықты кездесулер, сайыстар, туған күн иелерін құттықтау іс-шаралары болады. Сондай-ақ, мереке күндері  салтанатты іс-шаралар міндетті түрде өткізіледі. Арнайы  бекітілген жоспармен қызмет алушылар қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасайды, мұражайларға, зообаққа, дендросаябаққа, циркке, мәдени орындарға барады.

Жетінші – әлеуметтік-экономикалық қызмет көрсету. Мәселен, жақында халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымен кездесу ұйымдастырылды. ХҚКО облыстық филиалының  өкілдері қызмет алушыларға үйде көрсетілетін қызметтер түрлерімен таныстырылды.

Өзін-өзі қамтамасыз ету және материалдық жағдайын жақсарту жөнінде консультация беріліп, өзі және отбасылық кәсіпкерлікті ашу, дамыту үшін қызмет алушыларға «Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ қатысуымен «Мүгедектердің жұмысқа орналасу саласындағы әлеуметтік саясат» атты  семинар өткізіледі. Сол секілді мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға көмектер көрсетіледі. Мүгедектердің өміріндегі әлеуметтік мәселелер және оны шешудің жолдары міндетті түрде қарастырылатын болады.

Соңғы қызмет түрі – әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. ҚР заң бойынша мүгедектердің  құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіріліп, қажетіне қарай жеке кеңестер беріледі. Сондай-ақ, қызмет алушыларға несие алу шарттарын бойынша құқықтық кеңес беру; заңды маңызы бар құжаттарды рәсімдеуге  көмектесу; әлеуметтік төлемдерді алуға заңгерлік көмек көрсетіледі. Қазіргі Қазақстан қоғамында мүгедектерді әлеуметтік қорғау басты назардағы мәселенің бірі. Бұл қызметтің барлығы да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін!

– Орталықтағы сіздің қызметіңіз қандай?

– Менің негізгі жұмысым 50 жартылай стационарлық ауданнан келетін қызмет алушыларды, 30 күндізгі қатынаудағы қалалық қызмет алушыларды мекемеге қабылдау. Оларды тіркеуден өткізіп, ілгеріде айтқан сегіз қызмет түрімен таныстыру, бөлмелерге жайғастыру, оңалтуға бейімдеу. Оларға жеке жұмыс жоспарын дайындап, сараптама жасаймыз. Түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға ықпал ету де қызметіме кіреді.

– Мұнда келетін тұтынушылардың жас шамасына шектеу бар ма?

– Қызмет алушылардың жас шамасы 18-ден басталады. Шектеу жоқ.

– Бұл орталыққа келіп қызмет алу үшін мүмкіндігі шектелуі жандар не істеуі керек?

– Олар жергілікті әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бағдарламасы бөлімінде кезекке тұрады. Өз кезегі келгенде басқармадан жолдама және жергілікті әкімшіліктен қаулы алып, медициналық сараптамадан өтеді. Жеке оңалту бағдарламасы мен мүгедектігін растайтын құжаты болуы міндетті.

– Олар қанша уақыт болады?

– Ауданнан келушілерге күнтізбелік 27 күн беріледі. Ал қалалық қызмет алушылар күндіз таңғы 9-дан, кешкі 17-ге дейін осында болады. Оларды әлеуметтік таксилер және тірек-қимыл аппараты бұзылған қызмет алушыларға арнайы инва-таксилер тасымалдайды. Бұл қаладан қатынаушылар сенбі, жексенбі күндері келмейді.

– Бір рет қызмет алған адам жылына неше рет келе алады?

– Өзінің қажетіне қарай келе береді. Арбаға таңылған жандар 3 ай сайын келуге болады. Ол негізінен өз ауданында кезекке тұрғандардың санына тікелей байланысты. Жылына екі рет қызмет алатындар да бар.

– Айтыңызшы, осы орталықтан бақытын тапқан адамдар бар ма?  

– Өткен жылы Гүлжан (ІІ топтағы мүгедек) мен Бөрібек (І топтағы мүгедек) атты қызмет алушыларымыз бас қосып, шаңырақ көтерді. Тойында болып қайттық. Қазірде ол екеуі жеке шығып, пәтер жалдап, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Олардың бақытты ғұмыр кешіп жатқандарын көріп, шын қуанамыз. Сол секілді Шахрух пен Айна, Нұрлан мен Венера, Есен мен Әйгерім сынды қызмет алушыларымыз үйленіп, бақытты ғұмыр кешуде.

– Ал кәсіпкерлік ашып, өз істерін дөңгелетіп жатқан қызмет алушыларыңыз бар ма?

– Ондай жандар саусақпен санарлықтай болса да кездеседі. Олар «Өрлеу» бағдарламасының арқасында өз кәсіптерін ашып, елге де қызмет етіп жатыр. Мысалы, ұлттық нақыштағы киім тігетін, жатын-төсек орындарының қаптамаларын тігетін орындар ашып алған қыздарымызды естіп жатырмыз.

Сізге тек кәсіп ашып емес, жалпы өмірде өз жолдарын тауып жатқан қызмет алушыларымызды айтып кетейін. Осы мекемеде 1-ші топтағы қызмет алушы Ермек Қалымбетов мәдени ұйымдастырушы қызметін атқарып келеді. Күш-жігері мықты, өмірге құлшынысы ерекше, басқаларға үлгі-өнеге болып жүрген сүйікті ұлымыз – Ермек талай асуларды бағындырып жүр. Ол тек мұнда қызмет етіп қана қоймай, қоларба биі бойынша түрлі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп, біздің мақтанышымызға айналды. Мәселен, осы жылы Қытай мемлекеті мен Австрия астанасы Вена қаласында өткен байқауларда жүлдегер атанды. Сонымен қатар, осы орталықта массаж жасаушы Мейірбек Омаров та қызмет етіп, көптің көңілінен шығып, алғысын алып жүр. ОҚО жұлдызы, бұлбұлдай сайрайтын әнші қызымыз Роза Мұса бірнеше фестивальдарда, ән байқауларда топ жарған. Ол қазіргі таңда, облыстық филармонияда қызмет жасайды. Әнші ұлымыз, студент Айдос Қалиевтің де жетістіктері біршама. Сонымен қатар, Зарета Құрмангужина мүгедектердің қалалық қоғамында диспетчер, Әлібек (тегін ұмытып тұрмын) қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында көмекші маман болып қызмет етіп жатыр. 

Салтанат Есбосынова деген қызмет алушымыз әр түрлі үлгідегі бисермен білезік, алқалар, ыдыстағы гүлдер, былғарыдан картиналар, қорапша және тағы сол сияқты сәндік заттарды жасайды. Ал Әйгерім Бибатырова деген қызымыз екі перзентті болып, бақытты ана атанып отыр. Ол көптеген өнер байқауларында жүлдегер болған.

Бірнеше авторлық кітаптары бар Ермек Бакиев «Отырар» арнасының штаттан тыс тілші қызметін атқарып жатыр. Зәуре Үмбетова ұлттық киімдер тігетін цехы бар. Ол 4-5 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Омар Қаси деген де жігітіміз де тігін тігеді, моншақтан әртүрлі сәндік заттар жасап, өз напақасын тауып, бала-шағасын бағып, ешкімнен қалмай өмір сүріп келеді.

Иран елінен көшіп келген Құрбанмұрат Смайыл деген қызмет алушымыз осы орталықта қолөнерді меңгеріп, бүгінде кігішірім кәсіп ашып алды. Осындай жігіттеріміздің қатарына Шалтан Еркін, Мақсат Сәрсенов, Мұрат Жетпісбаевтарды  қосуға болады. Бұлардың әрқайсы қоғамдық кәсіпкерлік болсын, жаттығу залы болсын өз істерін жүргізіп, халыққа да қызмет етіп жатыр.

– Мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жасау қиындық туғызбай ма?

– Бұл орталықта жұмыс жасап келе жатқаныма міне, сегізінші жыл. Өзіме ұнайды. Бұл қызмет – президентіміз Н.Назарбаев айтқандай: «Ең алдымен Алланың алдындағы, одан кейін адамзаттың алдындағы парыз». Әрине, мүмкіндігі шектеулі  жандармен жұмыс жасау қиынның қиыны, себебі олар өмірге өкпелі жандар. Әрқайсысының көңілін тауып, олардың жақсы қызмет алуын қамтамасыз етіп, нәтижесін көру біздің міндет, бір жағынан қуаныш.

– Раушан Батырбекқызы, жақында «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қолынан арнайы алғыс хат алыпсыз... Құттықтаймыз!

– Иә, осы орталық жайында бейнеролик әзірлеп, арнайы партфолио дайындадым, сынақтан сүрінбей өттім. Оны арнайы сарапшылар-әкімшілік және басқарма тарапынан 2-3 ай қарап, бағалап, онлайн дауыс беруден үздік атандым. Осылайша, еңбегім еленіп жатыр. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Фото авторы: Сандуғаш Мамышқызы

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: