«Барбанг» күрдтер қауымдастығы

29 Маусым 2020, 16:34 8021

Қазақстандағы күрд халқы мен этно-мәдени қоғамдық бірлестігі туралы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында «Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі» деген болатын. Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың жарасымдылығын сақтап, өзара қарым-қатынастың үзілмеуіне күш жұмылдырып отырған этнос қауымдастықтары бар. Бүгінде олардың әрқайсысы Ассамблея туының астына бірігіп, ізгіліктің нышанын сақтап отыр. Сондай қауымдастықтың бірі – «Барбанг» Қазақстан күрдтерінің қауымдастығы.


Күрдтер – Таяу Шығыстың ежелгі халықтарының бірі. Бүгінде шамамен елімізде 45,4 мың күрдтер тұрады. Ең алғаш күрд мәдени орталығының іргесі 1989 жылы Алматы қаласында қаланған. 1993 жылдың наурызынан бастап «Якбун» күрдтер қауымдастығы тіркеліп, аймақтық қоғамдық бірлестік мәртебесінде жұмыс істей бастады. 1999 жылы ол «Барбанг» деп аталды. 2013 жылдың қаңтарынан бастап, қайта тіркеуден кейін қауымдастық жұмысын жалғастырды. Қазақстан бойыншабүгінде күрдтер қауымдастығының 10 филиалы бар. Қазақстан күрдтерінің қауымдастығы «Барбанг» республикалық қоғамдық бірлестігінің заңды атауын алған. Нұр-Сұлтан қаласындағы күрдтер қауымдастығы 2010 жылы құрылған. Қауымдастықты Шамо Фатоев басқарады.

– Нұр-Сұлтан қаласындағы курдтердің қауымдастығы Қазақстандағы күрд халықтарының салт-дәстүрі мен мәдениетін және еліміздегі өмір сүріп жатқан халықтардың бірлігі мен ынтымағын сақтау жолында жұмыстар атқарып келеді. Сонымен бірге біздің қауымдастық қайырымдылықпен де айналысады. Үнемі қолдан келгенше қарттар үйіндегі қариялар мен жетімдер үйіне, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп отырады. Сонымен бірге күрдтердің қауымдастығы аясында әйелдер кеңесі, ақсақалдар кеңесі және де спорттық ұжымдар жұмыс істеп жатыр. Спортпен айналысатын жастарымыз футбол,еркін күрес және армлестингтен көптеген жүлделі орындарға ие болып Азия және Еуропа ойындарында алдыңғы орындардан көрініп жүр.Және де өнер ұжымында балалар вокалмен, ән айтумен қатар күрдтердің ұлттық билерін үйренеді, – деді Қазақстан күрдтерінің қауымдастығы «Барбанг» республикалық қауымдастығының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының басшысы Шамо Фатоев.


Бірлестік филиалдарында, Алматы қаласында және күрдтер тұратын республиканың жекелеген аудандарында күрд тілін үйренуге байланысты ашылған мектептер ұйымдастырылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдау көрсетуімен әдеби, ғылыми және қоғамдық ағарту журналы «NÛBAR» ( «Тұңғыш») және ай сайынғы «Жийана курд» («Күрдтер өмірі») газеті шығады. Ол басылымдардың барлығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітілген. Және де «Zimanê kurdi» оқулығы бар. Сонымен бірге күрд тілінің оқытушыларына арналған оқу-әдістемелік құралы да жарық көрген.«Қазақстан – біздің Отанымыз», «Біздің күш – бірлікте», «Қазақстан –  Ұлы Дала Елі» атты этнографиялық фестивальдеріне күрд көркем өнерпаздар ұжымдары қатысып келеді. Қауымдастық Ассоциациясының президенті Мирзоев Ханзада Ибрагимұлы. 


Ұлттық мемлекеттік мұражайда күрд халқына арналған экспозицияны жаңғыртып, орталық өзінің тарихи Отанымен, ТМД-ның және алыс шетелдің ұлттық-мәдени орталықтарымен тұрақты мәдени байланыс орнатып келеді. Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық қауымдастықтың құрылған күнінен бастап көмек көрсетіп, қолдауын білдіріп жүрген азаматтардың бірі – Мұстафаев Мұстафа Рамазанұлы. Шамо Фатоев бизнесмен Мұстафа Рамазанұлының «Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығына көрсеткен қолдауы үшін ерекше алғысын білдірді.

Этностың қалыптасуы

Күрдтер – Кіші Азияның шығысындағы таулы аудандары мен оңтүстік-шығысының байырғы тұрғылықты халқы екенін айттық. Олар өздерін «күрд», «курманж» деп атайды. Күрд этносы ирандық және басқа да тайпалардың негізінде қалыптасты. Ислам дінін қабылдағанға дейін 5 мың жыл бұрын күрдтер қазіргі Күрдістан территориясында, яғни Кіші Азияның таулы аудандарына қоныстанады. Бүгінгі таңда олар төрт мемлекеттің – Түркия, Иран, Ирак және Сирия территориясында өмір сүріп жатыр.


Күрдтер Қазақстанға үш кезеңмен депортацияланған. Бірінші кезең – КСРО басшылығымен Кавказдан Қазақстан, Қырғызстан, Сібірге мемлекеттің оңтүстік шекараларын «күшейту» мақсатында аз халық өкілдерін жаппай күштеп қоныс аударуға шешім қабылдағаннан кейінгі қасірет 1937-1938 жылдардағы құжаттарда Кавказ аймағында «шекаралық аймақтарды тазарту» деп көрсетілген.

Екінші кезең – 1944 жылы күрдтерді Солтүстүк Кавказ халықтары құрамында 1944 жылы 31 шілдедегі «Аса құпия» деген грифпен МҚК Қаулысы Қазақстан үкіметіне Грузиядан 40 мың арнайы қоныс аударылғандарды орналастыруды жүктеді. Грузияның Түркиямен шекаралас аудандарынан (соның ішінде шамамен 20 мыңға жуық күрдтер болды).

Үшінші кезеңде Қазақстанға күрдтердің қоныс аударуы – 1988 жылы Армения мен Әзербайжан Таулы Қарабақ автономиялық республикасы үшін болған қарулы қақтығыс кезінде 200 мыңға жуық күрдтер үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Олар 1992 жылға дейін жалғасқан соғыс өртінің ортасында болды. Күрдтер 1991 жылы Орта Азиядағы Ферғана мен Оштағы этно қақтығыстардан соң да босқындарға айналды.


Күрді тілінің өзі үнді-еуропа тілдері тобының батыс ирандық тармағына жатады. Және парсы (иран), тәжік, осетин және басқа тілдерге жақын болып келеді. Күрді тілі бірқатар диалектілерге бөлінеді. Күрд әдебиеті негізінен солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс диалектісінде дамиды. Сондай-ақ ғалымдар оларды «солтүстік» және «орталық» деп атайды. Бұл топтардың арасында сәйкестіктермен қоса негізгі лексиканың фонемикалық құрамының көп бөлігі және бірқатар грамматикалық формалар мен сөйлем құрылымының негізгі принциптерінде алшақтықтар да бар. Мұндай бөлінудің себебі мемлекеттіліктің және тіл саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың жоғалуы және ұзақ болмауынан болды. Күрділерде бірнеше диалектілер бар. Солтүстік-батыс диалектісінде (құрманджи) Солтүстік-Батыс, Солтүстік-Шығыс, Оңтүстік-Шығыс, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Одағының күрділері сөйлейді. Бұл диалектін Дерсим күрділері де қолданады. Алайда олар қолданатын күрді тілінің арнайы диалектісі – заза. Басқа ұсақ диалектілері – гурани, лури және басқалары. Оңтүстік-шығыс диалектісінде (сорани) Мехабада, Секкеза, Бокана, Бане, Сенне, Керманшаха (Оңтүстік-Шығыс Күрдістан), сондай-ақ Мандали, Киркука, Эрбиля, Сулеймании, Ревандуза күрділері сөйлейді.

Күрділердің жазуы мен діні туралы

Күрділердің жазуы араб әліпбиі негізінде дами бастады. Содан кейін ХХ ғасырдың 30-жылдарында латын негізінде күрді әліпбиін құру бойынша алғашқы қадамдар жасалды. 1929 жылдан бастап Ереванда Армения күрділерінің диалектісі негізінде оқулықтар, көркем және мерзімді әдебиеттердің шығуы басталды. 


1931 жылдан бастап Әзербайжан мен Түркменияда осы республикаларда тұратын күрділер үшін латын әліпбиі негізінде жазу үлгісі жасалды.Күрдтердің шамамен 75% сунниттер. Күрдтердің бір бөлігі исламның шиит тармағын ұстанады. Сонымен қатар христиан және иудей күрдтер де бар. Діндері зорастризм, иудаизм, христиан және ислам діндерімен астасқан езидтер қауымы да бар. Жалпы күрдтердің басқа діндерге қарым-қатынасы қалыпты және толерантты деп саналады.

Қазақстандағы қоныстану және саны

2019 жылдың басында Қазақстан территориясындағы күрдтердің саны 46 348 адамды құрады. Алайда күрд диаспорасының өзі олардың саны 100 мыңнан асады деп санайды. Деректердегі осындай үлкен айырмашылықты күрд қауымдастығының жетекшісі, «Барбанг» («Расцвет») қауымдастығының құрметті президенті Надир Надиров:


–«... 2009 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстанда 40 мыңға жуық күрдтер тұрады. Бірақ біз олардың саны 100 мыңнан асады деп санаймыз. Неліктен айырмашылық соншалық үлкен? Мәселе мынада, көптеген күрдтер құжат алатын кезде, өздерін әзербайжан, түрік деп жазады. Әлі азаматтық алмағандары да көп, олардың негізгісі – Армения мен Грузиядан келген күрділер», – деп түсіндіреді.

Күрділер Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында кеңінен қоныстанған. Еліміздің солтүстігінде – Солтүстік Қазақстан облысында және Нұр-Сұлтан қаласында күрділер санының өскенін де атап көрсету қажет.

Этномәдени орталықтар

1999 жылы «Якбун» Ассоциациясы «Барбанг» (Таңсәрі) деп өзгертілді. Әр уақыттарда Ассоциациялардың президенттері А.З. Алиев, Б.М. Сулейманов, Н.К. Надиров басқарса, қазіргі уақытта филология ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым академиясының жоғарғы мектебінің академигі, профессор К.И. Мирзоев басқарып келеді. Ұйымның мақсаты басқа мәдени орталықтар секілді, мәдениетін, тілі мен дәстүрін сақтау болып табылады. Жамбыл облысында, Алматы, Түркістан облыстарында мәдени орталықтары жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар, драма театры, «Стейрык» балалар ансамблі, «Күрдістан» вокалды-инструменталды ансамблі, балалар хоры мен «Мидия» вокалды тобы бар. Орталық күрді тілін зерттеу мен жандандыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Алматы қаласында және басқа да облыстарда Ассоциация филиалдарында күрді тілін зерттеумен айналысатын жексенбілік мектептер жұмыс істейді.

Салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдары

Күрдтердің үйлену тойлары той иесінің жағдайына байланысты үш күннен жеті күнге дейін созылады. Егерде қыз бен жігіттің туыстары алыс жақта тұратын болса, онда екі той болады. Ол жігіт жақтан да, қыз жақтан да той жасайды деген сөз. Ал олардың тұратын жерлері жақын болса, онда олар бірігіп бір той өткізеді. Той өткізу үлкен қаражатты талап етеді. Егерде көп туыстарын шақыратын болса – көп ақша керек. Сондықтан жігіттің үйлену тойына ақшаны ұзақ жылдар бойы жинайды. Тойға кеткен шығынды жабу үшін келген қонақтар жастарға ақшалай немесе қой береді. Әдетте бұл той шығын жабуға жеткілікті еді. Негізінен тойды көктемде жасайды. Шатырдың немесе үйдің бір бұрышына шымылдық құрып, қалыңдық пен жігіт алғашқы үйлену түнін өткізеді.


Ұлттық тағамдарына ет, сүт және өсімдіктерден жасалған тағамдар жатады. Күнделікті тұтынатын өнімдерінің құрамына: май, сүзбе ірімшік, ірімшік, көкөніс, жуа, тағы басқа заттар кіреді. Сондай-ақ бидай, күріш, ноқат, үрме бұршақ дақылдары кең түрде пайдаланылады. Дәстүрлі ет тағамдарына: кали, селакали, тандырда немесе көмір шоғына пісірілген ірі ет бөліктері жатады. Ал тәтті өнімдерден бал, халва, мейіз, кептірілген өрікке басымдық беріледі.

Күрдтер әртүрлі дәмдеуіштер мен шөп қоспаларына көп мән беретінін айта кеткен жөн. Кей жағдайда шөптер негізгі тамақтың тарнирі ретінде сүзбе ірімшікке немесе етке, май мен ірімшікке қосылып беріледі. Шөпті жеке өзін қорытылған майға пісіріп те тағам ретінде пайдаланады. Ең танымал дәмдеуіштері: жуа, сарымсақ, балдыркөк, райхан болып табылады. Қалампыр қосылған шай әр күрдтік үйде кездеседі. Оны қара болғанға шейін қайнатып, күні бойы бірнеше реттен ішіп отырады. Ауылды жерде тұратын күрдтер тау шөптерінен шай дайындайды.

Ұлттық киімдері

Күрдтердің үйлері секілді киімдері де табиғи жағдайға сай қалыптасқан. Ер азаматтарының киімдерінің ортақ ерекшелігі төменгі жейдесі  крас деп аталады. Ол ақ бөз матадан тоқылып, жеңдері кең әрі ұзын, жең бүкпесі түрлі-түсті ленталармен көмкерілген. Жоғарғы белдікті киімі ретінде тығыз материалдан тігілген шалбар деп аталады. Шалбар кең болып келеді. Көкірекше элэк деп аталады. Сырт киімі архалуа қара түсті қарапайым материалдан тоқылған. Жағасы түсті инелермен тігілетін болған. 


Күрдтердің костюмі үнемі белдікпен жүрген – пэшт. Белдіктің де екі түрі болған. Олар жүннен және күмістен жасалынған. Және де белге бірнеше рет оратылатын. Әдетте ерлер белдікке санжарларын салып жүретін. Ерлердің бас киімі колос деп аталады. Бас киім киізді тақиядан құралып, сыртынан түсті орамалдармен айналдыра оратылатын болған. Әйелдердің ұлттық киімі крас деп аталады. Киім ақ бөз немесе түсті шытты жабыннан тұрады. Және күрдтер көйлек ішінен шалбар киген. Бұл киім хэвалкрас деп аталған. Шалбар ақ бөзден шыттан тіккен. Көйлек сыртынан және шалбар үстінен кең белдемше туман киген.Иықтың сыртынан көкірекше элек деп аталып, тығыз, түсті шұға немесе мақпал маталарынан тігілді. Көкірекшенің алдыңғы жағын ұлу қабыршағымен, тиындармен, седеп түймелермен әрлеген. Көкірекшенің сыртынан котеидеп аталатын күртеше киілген. Ол түрлі-түсті жұқа матадан немесе түрлі-түсті тығыз астары бар жібек матасынан тігілген. Әйелдер бас киімі ретінде ашық түсті орамал тэмази таққан. Қыздың бас киімі – киізден тігілген бөрік фино болған. Ол маңдай үстінен жібек орамалмен байланып тұрған. Тұрмыс құрған әйелдер мейрамдарда қаңқасы қабыршақтан немесе ағаш дөңгелектен жасалған бас киім кофи киген.

Күрдтер ежелгі заманнан бастап Наурыз мейрамын тойлайды. Тұратын жерлеріне байланысты күрд, араб, парсы және қазақ тілдерінде сөйлейді. Қазақстандағы күрдтердің біршамасы тоқырау жылдарында күнкөрістің қамымен басқа мемлекеттерге көшіп кеткен. Бірақ, соңғы уақытта олардың біразы Қазақстанға оралып жатыр. Ол Қазақстандағы өзге де ұлт өкілдері секілді тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қоса бермек. 

(Суреттер: Шамо Фатоевтың жеке мұрағатынан және ашық ғаламтор көздерінен алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: