Жуырда Таиландтың астанасы Бангкок қаласында бокстан 22 және 19 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл бәсеке құрлықтың түкпір-түкпірінен жиналған үздік жас былғары қолғап шеберлерін тоғыстырған айтулы дода болды. Әсіресе, 22 жасқа дейінгі жастар арасында сынға түскен қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің өнері ел жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.
Бұл құрамды Олимпиада чемпионы, даңқты боксшы Бақыт Сәрсекбаев баптап апарған еді. Бір кездері Бейжің төрінде қазақ боксының айбары атанған Бақыт Сәрсекбаев бүгінгі күні де өзінің шәкірттері арқылы ел спортын жаңа биікке көтеріп келеді. Оның жетекшілігіндегі жастардың қайсарлығы мен шеберлігі Азия алаңында айқын көрінді.
Қазақстандық бес бірдей боксшы финалға дейін сүрінбей жетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Соның ішінде үшеуі қарсыластарының бәрін еңсеріп, чемпиондық атақты иеленсе, тағы екі саңлақ алтынға бір қадам жетпей, күміс жүлдені қанжығалады. Бұл – тек бір жарыстың ғана емес, қазақ боксының терең дәстүрі мен бапкерлік мектептің қуатын дәлелдеген көрсеткіш.
Елге оралған даңқты спортшы әрі бүгінде беделді маманға айналған Бақыт Сәрсекбаевты әуежайда жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алды. Біздің тілшілер тобы да чемпиондар бапкерімен аз-кем тілдесудің сәтін пайдаланып, әсерлі сұхбат құруға мүмкіндік алды.
El.kz: Бақыт мырза, Азия чемпионатын қорыта айтсаңыз, шәкірттеріңіздің барлығы да сеніміңізді ақтай алды ма?
Бақыт Сәрсекбаев: Иә, барлығы сенімді ақтай алды дер едім, өйткені бес боксшымыз финалға жетіп, 3 алтын, 2 күміс алдық, жартылай финалға жетпей сүрінген боксшылардың да еңбегі зор. Олар да жеңілемін деп барған жоқ, жанкүйерлерді қуантып медаль олжалап келсем деген мақсатпен аттанды. Бірақ бұл спорт, жеңіліс пен жеңіс қатар өрбиді. Бізде әлі атқаратын шаруа шаш-етектен. Қателіктерді қарап, әрбір жекпе-жекті тағы да бір електен өткізіп, кем-кетікті бүтіндейміз. Жігіттерге разымын дегенді мен олардың физикалық дайындығына қарап айттым. Әр жекпе-жекте раундтан раундқа өткенде ентігу болған жоқ. Аз күндік демалыстан кейін жаттығуды қайта бастаймыз. Әлі әлем чемпионаты, басқа да жаһандық сайыстар бар, солардан жүлдемен оралуға күш саламыз.
El.kz: Бір жылдың бедері болып қалды, қазақ боксының қайратына қарқын қосу мақсатында, ұлттық құрамаға резерв дайындау бағытында сіз 22 жасқа дейінгі жас боксшыларды іріктеп алып жаттықтырып келесіз. Мұның артықшылығы қандай?
Бақыт Сәрсекбаев: Ең бірінші, бокс өте ауыр спорт түрі. Мұнда жойқын соққыны өткізесің, жиі жарақаттанасың. Жастардың сағын сындырып алмау басты мәселе. Себебі жасөспірімдер арасында жарқырап көрінген талантты бірден ересектер қатарына қосып, жекпе-жекке салу оңай емес. Жас бала ауыр соққы алып, денсаулығына зақым келуі мүмкін, өзінен бірнеше жас үлкен, тәжірибесі толысқан боксшымен жұдырықтасып жеңіліп қалса рухы сынып кетуі де ықтимал. Сондықтан біз Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен осы эксперименттік резерв командасын іріктеп алып жаттықтырып келеміз. Мұның игілігін келешекте көретініміз анық. Резервтік командадағы жастарды өзінің қатарластары арасындағы сайыстарға қосып, осылай шыңдап отырамыз. Бұлар бірте-бірте ұлттық құрамаға да қабылданады. Осы орайда бізге сенім артып, жұмыс жасауымызға қолдау көрсетіп отырған бокс федерациясының басшылығына да алғыс айтамыз.
El.kz: Күні кеше Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионатының жеңімпаздары сынды саңлақтарды Сыр елі Қызылордадан көрдік.
Бақыт Сәрсекбаев: Иә, Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы, Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев қазақ спортының саңлақтарын қасиетті қалаға жинап, өңірдің спортымен таныстырды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырза да аймақтың даму үдерісі турасында сөз қозғап, келелі кездесу болды. Мұндай кездесулер жас өрендерді жігерлендіріп, талабын ұштайтыны сөзсіз. Қаншама жас спортшылар келіп қолтаңба сұрап, суретке түсіп, ақыл сұрап жатыр. Қазақ спорты аңыздарының бұл салаға әлі де берері мол. Осыны естен шығармаған жөн.
El.kz: Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!