Бақыт Беделхан: Біз бесік жырын ұмытқан халықпыз

Бүгiн, 18:21 122

Қазақ қоғамында кенже баланың рөлі ерекше болған. Қазақ шаңырағында, қазақ ұғымындағы қара шаңырақтың иесі деген түсініңтің маңызы бүгінгі ұрпақтың санасында қалай бейнеленген? Бүгінде бала тәрбиесін дұрыс қолға алдық па? Бұл сұрақтың жауабын ақын, драматург Бақыт Беделханнан сұрап көрдік.

El.kz: Бақыт аға, қазір ұрпақ тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Заман ағымына еліктеген жастардың да саны артып келе жатқаны мәлім. Осындай қоғамда қазақылықты сақтаған ұлағатты ұрпақты қалай қалыптастырамыз? Жалпы бала тәрбиесі неден басталады?

Бақыт Беделхан: Жалпы, бала тәрбиесі бесіктен басталады. Ал біз бесік жырын ұмытқан, бесік жырын шоуға айналдырған сорлы халықпыз. Бесік жырының құдіреті бар. Бесік жырын естімеген бала орысша өседі. Негізі біздің қазақтың бесік жырларын тыңдасаң философиясы жоқ. Тек мейірім мен көңілден тұрады. «Әлди, әлди Абайым, атқа тоқым жабайын. Сенің әкең қыдырмаш, оны қайдан табайын» деген сияқты жеңіл-желпі сөзбен айтады. Бұл жерде ананың мейірімі мен үні басты рөлде тұрады. Ал оны естіген бала ұлттық рухта өседі. Сондықтан тәрбиенің басы бесіктен басталуы керек. Мұхтар Әуезов «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп тегін айтқан жоқ. Бұл жәй сөз емес. Сондықтан да, ұлттық рухты асқақтатып алып жүру үшін біздің бесік жырымыз түзелуі керек.

El.kz: Қазақта тектілік деген түсінік бар, ұғым бар. Сол тектілік жайында не айтасыз? Қазіргі жастарға тектіліктің тамырынан нәр алуға не кедергі? Әлде, тектілікті жоғалтып алдық па?

Бақыт Беделхан: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген бар қазақта. Біз жетпіс жыл құл-құтанның ұрпағы болып өскен ел болдық. Бізден тектілік өткен ғасырдың 30-жылдары кетіп қалды. Ал оны әлі де тектеуге, рухтандыруға, жан бітіруге болады. Біз осы 30 жылда осы тектілікті ұстап қаламыз деп ойлап едік. Мен қазаққа таң қалам. Ұлт ретінде тектілігін жоғалтпаған ұлы халықпыз. 70 жыл саналы түрде тегімізден айыруға тырысты. 30 жыл экономиканы, сауда-саттықты ала дорбаның асына қалдырды. Сонда да тектілігін жоғалтпаған қазақты мен жақсы көремін. Қазақтың орнында өзге ұлт болғанда сол саналы түрде қазылған орда қалып қалатын еді. Қазақтың тектілігі тегеурінді, шегедей мықты. Осы рухпен келе жатырмыз. Сондықтан да, тектілікті қолдан жасап керегі жоқ. Ол табиғаттан берілетін сый. Біз бір тәңір, бір табиғат деген халықпыз ғой. Тектілікті қолдан жасап, жасампаздықпен өру деген теріс түсінік. Тектілік терең тамырдан нәр алып, тасты жарып шығатын гүл сияқты. Сондықтан ұлт ұйысып, жұмылып тұрса болды. Қанымыздағы тектілік өзі оянады. Себебі, қазақ барда ғажап бар, қасиет бар, құдірет пен рух бар. Рухты оятсаң ұлтты қалай түзеймін деген мәселе болмайды. Қарапайым мысал ретінде Мұрат Есжанның «Оян қазақ!» филімін алсақ болады. Жастардың рухы оянса, оларға ақыл айтудың, басыңды қатырып ұрсудың керегі жоқ. Ол өзінен өзі өзгеріп шығады. 

El.kz: Соңғы кездері дінге бет бұрған жастардың қарасы басым. Бұл туралы ойыңыз қандай? Қазіргі жастар шындықты діннен іздеп жүр ме?

Бақыт Беделхан: Жалпы, жаратушы біреу-ақ, құдай көп. Ислам діні дейміз басқасы дейміз. Қазақ бір-ақ жаратушыға табынған. Соны құрметтеген, сыйлаған. Анау Ленин деген бар ғой, сол 100 том кітап жазып, бір сөзін дұрыс айтқан. Ол «Діп апиын» деген. Дін кез келген жерде ұлтсыздануға алып келуі мүмкін. Дін ол – догма. Абайдың өзі «Ілеуде біреу ғана діншіл болады, қалғаны құдайға құлшылық етуге жараса болды» деген ғой. Сол Абайдан артық кім біледі? Біреулер біздің тарихтағы хандардың бәрі бес уақыт намазын оқыған, діншіл болған деп айтады. Олар діншіл болған болса Сахарадан бір мешіт тауып беріңдерші. Он ғасырда бір мешіт салуға болады ғой. Қайда сол мешіт? Керісінше, бәрі кесенелерге барып тәу етіп, тағызым етіп, зиярат еткен. Мешіт салмаған. Мешіт Самарқанд, Бұқара сынды отырықшы жерлерде болды. Ал көшпенділерде ондай болған жоқ. Бірақ, бір жаратушыға сыйынып, дәстүрлі дінімізбен рухымызды көтеріп келдік. Құдай кешіреді, әруақ кешірмейді деп, әруақтың алдындағы үлкен жауапкершілікті арқалап келді. Сондықтан да мына дінді, догманы миға қоқыс қылып жинауға болмайды. Ең бастысы құдай жүрегімізде ғой.

El.kz: Қазақ қоғамында кенже ұлдың орны ерекше. Кенже бала қара шаңырақтың тірегі болып, сол үйдегі әке-шешесін аманат етіп алған. Ал бүгінде қарттар үйіндегі қазақтардың саны артқан. Сонда бұл кенжелік ұғымының ұмыт қалып бара жатқаны ма? Бүгінде сол құндылық қаншалықты деңгейде сақталған? Кенже ұлдың жүгін көтеретін жастар азайып бара ма?

Бақыт Беделхан: Иә, қазір «Кенже» деп айтуға да кенже қалып бара жатқандаймыз. Себебі, бір үйде бір немесе екі ұл ғана. Қазақта кенже ұлдың орны бөлек болған. Қазақтың шаңырағы, қазақы ұғымы ұлы ойлардың ұстыны. Өйткені қазақ үлкен шаңырақ, қара шаңырақ, қара шаңырақтың иесі дегенді айтқан. Сол қара шаңырақтың жауапкершілігі кенже ұлдың мойнында. Кезінде бірінші бала атаңдікі, екінші бала апаңдікі, үшінші бала ғна өзіңдікі деп намысын қайрап, ұрпақ өрбітсін, баласы көп болсын деп әдейі қамшылап отырған. Біздің демографияға әсер ететін осындай қайрау сөздерді, қазық сөздерді қазақ ертеден айтып отырған. Шаңырақтың кенже баласы сол қара шаңырақтың иесі болуға, ата жолын, дәстүр сабақтастығын, ұрпақ сабақтастығын ұстай отырып, ағаларына, бауырларына, айналасындағы туысқандарға өзі ықпал етіп, қара шаңырақтың атынан сөйлей алатын дәрежеге жетуі үшін бүкіл тәрбиені, салт-дәстүрді, жауапкершілікті артып үйренген. Әлгі Ертөстікте де Ерназардың сегіз ұлы бір төбе, Ертөстігі бір төбе дейтіні сол. Ертөстікті оқысаң сол сегіз ағасының аты жоқ қой. Ал Ертөстік кенже ұл. Шындықты біліп, сегіз ағасын тауып келгеннен кейін ғана бәрі орнына келеді. Шалқұйрық та бесті қалпына келеді, Кенжекей де қыз қалпына келеді, Ерназар да жасарады. Содан кейін бақытты өмір сүруі басталады. Бұл қандай философия? Қара шаңырақ ол жәй сөз емес. Ол – ұлы шаңырақ. Дәстүр сабақтастығын, ұрпақ сабақтастығын үзбей ұстап тұратындар сол кенже бала. Үйде он бала болса үлкендері қадірсіздеу, ал кенжесінің абыройы биік болған. Неге? Бұл баяғыдан келе жатқан дәстүр, ұлттық құндылық. Қара шаңырақты қазықтай қылып ұстап тұратын кенже баланың рухы. Қазақтар бір үйдің жалғыз баласын соғысқа алмаған. Кенже баланың рөлі соғыс үшін емес, ұрпақты жалғастыру үшін, ұлттық әдет-ғұрпымызды жаңғырту, ұлттық үдерістерімізді алға сүйреу үшін үлкен күш болған. Сондықтан да кенже бала деген жәй тұлға емес. Бұл басқа ұлтта жоқ, тек қазаққа ғана тән ерекшелік. Ал қазір бізде сол кенже баланың рөлі, жолы мен жөні жоғалып бара жатыр. Бұл өкініш. Бір жағынан бүкіл дәстүр-салтымызға лайықталған, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді байқататын, қасиетімізге айналып отырған дүниелерден айырылып қалуымыз мүмкін. Өйткені, бағана айтқанымдай бір үйде бір ұл, немесе бір ұл бір қыз, әрі кетсе екі ұл. Бұл біздің ұлттың дамуына да, кешегі жалғасып келе жатқан, жаңғырып, жанданып, бүтіндігімізді, тұтастығымызды, ерекше қасиеттерімізді сақтап отырған дүниені әлсірететін нәрсе. Кенже баланың рөлі қандай екенін, оның жауапкершілік жүгінің ауыр екенін біле жүру тек кенжелерге ғана тән емес, бұл бір үлкен философиялық ұғым деп айтуға болады. Бір үйдің жалғызы болса да сол кенже баланың рөлін атқаруы керек. Баланың сондай жауапкершілікті артуына, оған дайындалуына ата-ана атсалысуы керек. Кенже бала үйдің еркесі деген ұғым жәй емес. Ерке бала деген сол үйдің ертеңгі көшін бастайтын, жауапкершілік артатын серке баласы деген сөз. Сондықтан да әр ұлымызды, әр азаматымызды осындай жауапкершілікке, осындай жол бастаушылыққа, ұйытқы бола алатын ұлы қасиеттерге үйрете білуіміз керек.

El.kz: Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: