Астана қаласында бокстан Афина олимпиадасының жеңімпазы Бақтияр Артаевтың құрметіне жасөспірімдер арасында ашық халықаралық турнир өз мәресіне жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бокстан 2008-2009 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың жүлдесі үшін шаршы рингте жұдырықтасты. Бүгін – жарыстың соңғы күні. Бокс бәсекесінде еліміздің 20 өңірінен бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 300-ге жуық спортшы 13 салмақта жүлде жиынтығын сарапқа салды.
44 келі салмақта өнер көрсетіп, тартысты бәсекенің шаршы алаңында I орынды қанжығасына байлаған астаналық Ерасыл Маратов өз әсерімен бөлісті.
Фото: Арман Мұхатов
Фото: Арман Мұхатов
Жарыс тартысты болды. Алланың қалауымен бүгін жеңіске жеттім. Қарсыластарымның әрқайсысы осал болған жоқ. Барлығы өз бабымен келіпті. Финалда жаттықтырушым айтқан әдіс-тәсілдерді қолдандым. Әр боксшының арманы олимпиада чемпионы болу. Сол себепті, болашақта Бақтияр Артаев ағамыз сияқты менде әлем чемпионы атанғым келеді, – дейді турнир жеңімпазы.
Қазақстан боксындағы егіздер Айбек және Нұрбек Оралбайлардың жеке бапкері Асқар Еркебаев бүгінгі турнирде бірніші орынды жеңіп алған боксшы Ерасыл Маратовты да жаттықтырады. Бапкер шәкірті туралы және аталмыш турнир жөнінде өз пікірін ортаға салды.
Фото: Арман Мұхатов
Афина Олимпиадасында Қазақстан құрамасы бойынша спорттың барлық түрінен жалғыз алтын алған Бақтияр Артаев ағамыздың жүлдесі үшін жарыс өтіп жатыр. Осы турнирде сынға түскен жас боксшыларға сол ағамыздың жолын берсін деймін. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әсіресе, Астана қаласының жасөспірім боксшыларына үлкен қолдау білдіріп, мұндай турнирді ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз. Бұл жарысқа 44 келі салмақ дәрежесінде жоғары өнер көрсетіп жүрген шәкіртіміз Ерасыл Маратовты алып келіп отырмыз. Турнирде өте жақсы нәтиже көрсеттік. Қуаныштымыз. Қарсыласымыз - Жамбыл облысының азулы боксшысы. Бірақ оған қарсы бүгін жақсылап тактика құрдық. Нәтижесінде жеңіске жетіп отырмыз, – дейді бапкер Асқар Еркебаев.
Бокс жаттықтырушысы Асқар Еркебаев ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбайларды жаттықтырады. Шәкірттерінің бүгінде Париж олимпиадасына дайындалып жатқанын айтты.
Фото: Арман Мұхатов
Айбек Оралбай – Азия чемпионы, ал Нұрбек Оралбай – әлем чемпионы. Қазіргі таңда екеуі қызу дайындық үстінде. Италиядан лицензия ұтып алдық. Парижден үмітіміз зор. Құдай қаласа олимпиадада жоғары өнер көрсетіп, қазақ халқын тағы бір қуантамыз деген ойдамын, – дейді ол.
Ал асар ауыр салмақ бойынша 80 келіде өнер көрсеткен бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Владислав Самажонов да бүгінгі турнирдің жеңімпазы атанды. Чемпионның жеке бапкері Ұлытау облысы Жаңарқа ауданының спорт мектебінің жаттықтырушысы Қайрат Хасенов жарыстың жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етті.
Фото: Арман Мұхатов
Шәкіртім бүгінгі турнирде аса ауыр салмақ бойынша жеңімпаз атанды. Жарыс оңай болған жоқ. Кеше де, бүгін де оңай болмады. Болашағынан зор үміт күтемін. Қарсыласымен осымен екінші мәрте кездесіп отырмыз. Өз салмағымызда ең үздік екенімізді тағы бір дәлелдедік. Жаз айында Абу-Дабида Азия чемпионаты өтеді. Бұл жарыс соған бір жолдаманың бірі деп ойлаймын. Шәкірт дайындап жүргеніме 20 жылдан асты. Ұлытау облысында спорт кешені ашылмақ. Жалпы спортқа қызығушылық танытқан спортшыларға жағдай жасалып жатыр деуге болады, – дейді чемпионның жеке бапкері Қайрат Хасенов.
Аталмыш жарыста 46 келі салмақ дәрежесінде бес кездесу өткізіп, жеңіске жеткен қимылы ширақ көрінген Айдас Үсенов қарсыласының осал болмағанын жеткізді.
Фото: Арман Мұхатов
Фото: Арман Мұхатов
Бүгінгі жарыс оңайға соқпады. Алматы қаласынан келген қарсылас боксшы осал болмады. Десе де, жеңісті қолдан бермедім. Бапкерімнің көрсеткен әдіс-тәсілдің арқасында жеңіске жеттім деп санаймын, – дейді Айдос Үсенов.
Алты күнге созылған турнир бүгін өз мәресіне жетті. Боксшыларды танымал спорт тұлғалары марапаттап, жүлделерін табыс етті.
Фото: Арман Мұхатов
Айта кетейік, Бақтияр Артаев 1983 жылы Тараз қаласында Ғарифолла Артаев пен Тұмарткүл Жексембиеваның отбасында дүниеге келген. Олимпиада чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері, халықаралық спорт шебері, 1-дәрежелі Барыс орденінің иегері. Екі рет әлем чемпионатында жүлде алған.