БАҚ өтініштерін қарау мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқартылмақ – Ысқақов

19 Маусым 2023, 14:32 884

Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасының призмасы арқылы медиасаланы дамыту тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов бұл заң жобасы үлкен ауқымды құжат екенін тілге тиек етіп, ең бастысы, журналистің мәртебесін көтеру қажеттігін айтты.

Соның ішінде ең алдымен шектеу мерзімін белгілеу. Бұл өте маңызды норма, өйткені қазіргі таңда бұл шектеу мерзімі жоқ. Яғни 10-20 жылдан кейін кейбір азаматтарымыз кей БАҚ өкілдерін сотқа беруге құқығы бар. Бұл норма енді үш жылға дейін шектеледі. Бұл өз кезегінде БАҚ-қа қатысты жұмыстарға үлкен кедергі болып отыр. Осы норманы қабылдасақ, БАҚ саласының әріқарай дамуына серпін берері сөзсіз, – деді вице-министр Қанат Ысқақов.

Бұдан өзге заңда БАҚ өтініштерін қарау мерзімін 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту мәселесі айтылды. Бұл ереже журналистерге қажет ақпаратты қысқа мерзімде алуға және жедел ақпарат таратуға серпін береді. Ал баспасөз картасы ешбір журналистің ақпарат алуына кедергі жасамайды.

Керісінше, баспасөз картасы – журналист жұмысын жақсартуға бағытталған құжат. Оны алмаған БАҚ өкілі өз міндетін атқара береді. Бұл міндетті шектейтін немесе қосымша бір талап қоятын құжат емес. Осыны ескерсек. Бұл өз кезегінде журналистерді аккредиттеу, ғимараттарға кіру мүмкіндігін жеңілдететін құжат болып есептеледі. Баспасөз картасы министрлік тарапынан берілмейді. Ол тиісті мемлекеттік емес ұйымның атынан беріледі, – деді ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: