Қазақстанда 2026 жылдың шілдесіне дейін ипотекалық және тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемесін анықтайтын жаңа әдістеме енгізілмек. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мадина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Несие пайыздары қайта қаралады
Мәжіліс отырысында депутат Тілектес Адамбеков қазақстандықтар үшін ипотека мен тұтынушылық несиелердің пайыздары қашан төмендейтінін сұрады.
Мадина Әбілқасымованың айтуынша, агенттік соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар шара қабылдаған:
«Былтыр қабылданған заңнан кейін біз тұтынушылық несиелердің мөлшерлемесін 56%-дан 46%-ға, ипотекалық несиелерді 30%-дан 25%-ға, ал кепілсіз қарыздарды 45%-ға дейін азайттық», - деді ол.
Басшының айтуынша, 2025 жылы ипотекалық несиелердің пайызы 20%-ға дейін төмендеген, бірақ Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтеруі бұл үрдіске кері әсер еткен. Соның салдарынан кейбір банктер ипотека беруді уақытша тоқтатқан.
Жаңа әдістеме қандай болмақ?
Агенттік ипотекалық мөлшерлемені төмендету туралы норманың күшін 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартты. Осы мерзімге дейін ҚНРДА мен Ұлттық банк несие пайыздарын базалық мөлшерлемеге тәуелді ететін жаңа есептеу тәсілін дайындайды.
Сондай-ақ, тұтынушылық несиелер бойынша да жаңа тәсілдер енгізіледі.
«Қазір нарықтағы орташа мөлшерлеме 35–36% деңгейінде. Біз әзірлейтін жаңа әдістеме осы шамада болады деп болжап отырмыз. Ал бәсекелестік артқан сайын, мөлшерлемелердің біртіндеп төмендеуіне мүмкіндік туады», - деді Әбілқасымова.
Банктер неге ипотека беруді тоқтатты?
Бұған дейін қараша айынан бастап ипотекалық қарыздар бойынша ең жоғары тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ГЭСВ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарланған еді.
Алайда қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді, бұл банктер үшін ипотеканы 20%-бен ұсынуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етті.
Яғни, банктер қаражатты Ұлттық банктен 18%-бен алып, халыққа 20%-бен сатқан жағдайда шығынға ұшырауы мүмкін еді. Осы себепті кейбір екінші деңгейлі банктер ипотека беруді уақытша тоқтатып, ал басқалары өз шарттарын қайта қарап шықты.
Үкімет пен реттеушілердің қадамдары
Қазан айының ортасында Үкімет антикризистік шаралар пакетін қабылдап, соның аясында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдауға ерекше көңіл бөлді. Бұл қадам ипотекалық ұсыныстардың қысқару әсерін жұмсартуға бағытталған.
Ал 23 қазанда ҚНРДА мен Ұлттық банк ипотекалық мөлшерлемені төмендетуді 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
Реттеушінің түсіндіруінше, бұл - банктердің тұрақтылығын сақтап, сонымен қатар халық үшін несиенің қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған уақытша шара.