Банкрот деп танылған ЕАЭО азаматына Қазақстан несие бере ме?

18 Мамыр 2023, 12:31 816

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі келісім бойынша банкрот деп танылған шетел азаматтары елімізден несие ала ала ма? Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов түсіндіріп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еуразиялық одақтың резиденті қазақстандық банкке өтініш хат берсе, ең алдымен біздің банктер міндетті түрде несие алушының қаржы жағдайын тексереді. Қаржы жағдайы жақсы азаматқа ғана несие беріледі. Өтініш берген адамның барлығына жаппай несие берілмейді, - деді Олжас Қизатов.

Ол одақ шеңберіндегі келісім негізінде елімізде несие беру талаптары өзіміздің азаматтарға да, шетел азаматтарына да бірдей болатынын айтты.

Кредиттің көлеміне қатысты шектеулер жоқ. Дегенмен азаматтың қанша кірісі бар, соған байланысты несие берілетінін түсіндіріп өтті.
Осы тұста агенттік төрағасының орынбасары елімізден қомақты қаржыда кепілсіз несие алып, кейін өз елінде өзін банкрот деп таныған азаматтардан несие қалай қайтарылады деген сауалға жауап берді.

Шетелде банкрот деп танылған шетел азаматына несие берілмейтіндігін атап өтті. Бұл ­­– стандарттық банктік тәжірибе. Әр банктің өзіндік саясаты бар. Ол резидент болсын, резидент болмасын, біздің банк кепілсіз кредит берсе, оны қайтару жолы бар. Несиесін кешіктіріп төлесе, кепіл болмаса, қандай жұмыс атқарылуы керектігі жөнінде банктердің алгоритмдері бар. Онда барлық жағдай қарастырылған. Ол туралы кейінірек толық ақпарат бере жатармын, - деді Олжас Қизатов.

Еске сала кетейік, бүгін Сенат ЕАЭО шеңберіндегі кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдаған болатын.

Миражан Махан
Бөлісу: