Банк қызметкері қоймадан ұрлаған 600 млн теңгесін букмекерлік кеңседе ұтылып қалған

31 Шілде 2023, 11:20 1283

Қызылорда облысында банк қызметкері 600 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен. Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚМА мәліметінше, контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды.

Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау фактілері тіркелген. Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты толық мойындады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталды, - делінген мәліметте.

Оқи отырыңыз:

Сонымен қатар өзінің және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті.

Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: