19.02.2026
13:08
1152
Балта ұстаған оқушы: Турникет жеткілікті ме, әлде бақылау күшейе ме?

Балта ұстаған оқушы: Турникет жеткілікті ме, әлде бақылау күшейе ме?

6 ақпанда Атырау облысына қарасты Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған оқиға қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. 10-сынып оқушысы қатарластары арасындағы жанжалдан кейін мектепке балта алып келіп, басқа оқушыларға қарай жүгірген. Салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған. Күдікті оқиға орнынан қашқанымен, полиция оны ізін суытпай ұстап, тергеу изоляторына қамады. Қазір аталған дерек бойынша бұзақылық бабы негізінде қылмыстық іс қозғалып, мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.

Алдын ала деректер жасөспірімдер арасында кикілжің болғанын көрсетеді. Бұл - мектеп ішіндегі психологиялық ахуал мен буллинг, қысым немесе жасөспірімдердің эмоциясын басқару мәселелерін қайта көтеретін күрделі жағдай. Сарапшылардың айтуынша, мұндай агрессия көбіне ұзаққа созылған жанжал, бақылаусыз эмоция және уақытында шешілмеген конфликт салдарынан ушығуы мүмкін.

Оқиғаның тағы бір маңызды қыры - қауіпсіздік мәселесі. Мектепке суық қарудың кіргізілуі білім беру ұйымдарындағы бақылау, күзет жүйесі мен профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне қатысты сұрақтарды күн тәртібіне шығарды. 

Мектеп директоры қызметінен кетті

Осы жағдайдан кейін аталған білім беру ұйымының директоры қызметінен босатылды. Оқу-ағарту министрлігі өңірге арнайы комиссия жіберіп, мектептердегі қауіпсіздік жүйесі мен тәрбие жұмысының жай-күйін кешенді түрде тексеретінін мәлімдеді. Бұл тек бір мектепке қатысты шара емес, жалпы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік стандарттарының қаншалықты сақталып отырғанын анықтауға бағытталған қадам.

Министр Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектеп қабырғасында орын алатын кез келген құқық бұзушылық, соның ішінде буллинг, төбелес пен әлімжеттікке басқарушылық әрі құқықтық тұрғыдан нақты баға берілуі тиіс.

Басқарма өкілдері болған оқиғаға байланысты аталған мектептің директоры қызметінен босатылғанын хабарлады. Мектепте орын алатын кез келген құқық бұзушылыққа, соның ішінде балалар арасындағы буллинг, төбелес пен әлімжеттікке басқарушылық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да нақты баға берілуі тиіс, – деді оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Баласына араша түскен ана

Балта ұстап сыныптастарын қуған оқушының анасы әлеуметтік желіде пікір білдіріп, баласының әрекетіне мектептегі буллинг себеп болғанын алға тартты

Оқушының анасы Мәншүк Жиенбаеваның айтуынша, ұлы – №6 мектептің 10-сынып оқушысы Ұзақбай Мейіржан сол күні сабақта тыныш отырған. Оның сөзінше, екінші сабақтан кейін басқа сыныптан төрт жасөспірім келіп, баласын дәретханаға шақырып алған. Анасының мәлімдеуінше, сол жерде жасөспірімдер оған қысым көрсетпек болған. Жалғыз қалған бала қорыққандықтан қолына балта алып, кейін оқиға орын алған.

5 ақпан күні балам сабағына барады. Екінші сабағы бітіп, қоғырау соққан кезде ол сыныбында отырады. Оның сол кезде сыныпта отырғаны камераға түскен және мектепте сақталып тұр. Оны өз көзіммен де көрдім, бірақ бізге түсіруге рұқсат бермеді. Неге желіде тек баламның сол видеосы тарап жүр? Ал негізі жоғары қабаттан төрт бала келіп, оны шақырып алып мінездерін көрсеткен. Дәретханаға алып барған. Балам төртеуіне күші жетпейтінін білгендіктен осындай жағдайға тап болып отыр, – деді ол. 

Сондай-ақ Мәншүк Жиенбаева ұлының бұған дейін мектеп ауыстыруды сұрағанын, сабаққа барғысы келмейтінін айтқанын да жасырмады. Оның сөзінше, жасөспірім күз айларынан бастап қатарластарынан қысым көргенін меңзеп, сабаққа барудан қашқақтаған. 

Күз айында “басқа мектепке ауысайыншы” деді. Алайда мен “өзіңнің сыныбың тұрғанда басқа мектепке барып не істейсің? Онсыз да 1 жыл қалды. Осы мектепті абыроймен аяқтап шық” дедім. Алайда ол сабаққа барғысы келмейтін. Үнемі күшпен, айқаймен біз ұрысқасын кетіп жүрді. Бір күні ол “анашым, маған сабаққа бар дей бересіздер, ал бір күні бұл жаман жағдайға әкелсе не істейсіздер?” деді. Мен мұны жамандыққа жорымадым. Жай ол сабаққа барғысы келмегеннен айтқан шығар деп ойладым. Міне, көрдіңіздер ме, арты қалай болып жатыр? Соңында жаман атақ та балам Мейіржанға қалып отыр. Егер төрт бала оның сыныбына бармаса, менің балам да мұндай әрекетке бармас еді. Өзі қатты ызаланған, олар намысына тиген. Мұны екіжақты бірдей қарау керек. Бұл бір жақтан болып отырған жағдай емес. Менің балам ауру, жынды емес. Ол дәліздегі өзге ешкімге тиіспеген, тек өзіне тиіскен сол төрт баланың артынан қуып жүр. Осындай жағдайға жеткізіп тұрған сол төрт бала, – деп қорытты анасы. 

Сенатор: Балаларды жаппай тексеру дұрыс емес

Мектепте болған балтаға қатысты оқиғаға сенатор, ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Марат Қожаев пікір білдіріп, қауіпсіздік мәселесіне ерекше тоқталды.

Марат Қожаев бұл жағдайды мектеп қауіпсіздігі тұрғысынан бағалап, металіздегіштер мен сканерлер орнату бастамасын қолдамайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мектеп – жабық режимдегі немесе стратегиялық нысан емес, ең алдымен білім беру мекемесі. Сондықтан толыққанды бақылау жүйелерін енгізу орынсыз. Қазіргі таңда оқу орындарында турникеттер, дабыл батырмалары және аумақты қоршау секілді базалық қауіпсіздік шаралары бар.

Балаларды жаппай тексермейді, әрі адамдарды бала кезінен тінтіп, күштік құрылымдарға тән тәсілдерді (қалтасын аудару, жеке заттарын қарап шығу) қолдану дұрыс емес деп санаймын. Бұл – қабылдауға болмайтын үрдіс. Негізі бәрі тәрбиеге байланысты. Қажетті қорытындылар жасалды. Балта секілді затты мектепке көзге түспей алып кіру оңай емес. Алайда бұл жағдай дер кезінде назардан тыс қалып қойған, белгілі бір кемшіліктер бар. Мектептерде кіреберісте қауіпсіздікті кәсіби деңгейде қамтамасыз ететін мамандандырылған күзет ұйымдары жоқ. Көбіне үнемдеу мақсатында зейнеткерлер тартылады, сондықтан балалар олардың бақылауынан түрлі затты алып өтіп кетіп жатады, - деді сенатор кулуарда.

Қауіпті заттарды алып кіруге тыйым салатын бұйрыққа қатысты да түсініктеме берген ол бұл құжаттың құқықтық реттеу үшін қабылданғанын айтты. Яғни, оқушыдан тыйым салынған зат табылған жағдайда мұғалімдер мен полицияның оны заңды түрде тәркілеуіне негіз болуы керек. Әйтпесе, ата-аналар мұндай әрекеттерді баланың жеке мүлкіне қол сұғу ретінде даулай алатынын ескертті.

P/S: Бұл оқиға жасөспірімдер арасындағы психологиялық қолдау жүйесінің әлсіз тұстарын да айқындап отыр. Мектеп психологтарының рөлі, ерте алдын алу жұмыстары, оқушылар арасындағы конфликтіні дер кезінде анықтау мен шешу тетіктері ерекше маңызға ие. Егер жанжал бастапқы кезеңде кәсіби деңгейде реттелсе, мұндай қауіпті жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік болар еді.

Жалпы алғанда, Құлсарыдағы жағдай - тек бір мектептің мәселесі емес, білім беру ортасындағы қауіпсіздік, тәрбие, ата-ана жауапкершілігі және жасөспірім психологиясы тоғысқан жүйелі мәселенің көрінісі. Тергеу нәтижесі нақты құқықтық баға берсе, қоғам үшін басты сабақ - мектептердегі профилактика мен қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін тағы бір мәрте айқын көрсетті.