Қазақстанда балет өнері соңғы жылдары талантты жастармен толығып келеді. Солардың бірі – «Астана Опера» театрының жетекші солисі Диас Құрманғазы. Балетке кездейсоқ келсе де, бүгінде кәсіби шеберлігімен көрермен көзайымына айналған өнер иесі El.kz интернет-порталына сұхбат беріп, өзінің өнерге келу жолы мен сахнадағы тәжірибесі туралы айтты.
«Балетке ата-анамның қалауымен келдім»
Диас Алматы қаласында дүниеге келген. Оны балетке кездейсоқ келді десе де болады. Төрт жыл жай мектепте оқып жүрген кезінде хореографиялық училищенің өкілдері келіп, балалардың дене пішімі мен икемін сараптайды. Сол таңдаудан Диас та өтеді.
Мектебімізге бір маман келіп, бізді таңдап алып, «сіздердің дене бітімдеріңіз балетке келеді, ата-аналарыңызбен сөйлесіңіздер» деп түсіндірді. Ата-анамыз Алматыдағы А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеге апарып, емтихандардан өткізді. Сөйтіп, бесінші сыныптан бастап кәсіби білім ала бастадым, – деп еске алады ол.
Училищеде білім алған соң Диас кәсібін елордада жалғастырады.
Басқа қалалардан ұсыныстар болды. Бірақ менің таңдауым – «Астана Операға» түсті. Астанаға арнайы келіп, мансап жолымды құрғым келді, – дейді солист.
Театрға қабылдау бірнеше кезеңдік іріктеумен жүзеге асқан. Әртістің сахналық дайындық деңгейі, пластикасы, техникалық мүмкіндігі, қабілеті сараланып, кәсіби комиссияның бағалауынан өткен.
Мұнда тек қимыл техникасын ғана емес, сахнада өзіңді қалай ұстайтыныңды, кейіпкерді қалай жеткізетініңді көреді. Осы тексерістерден кейін 2019 жылы театр құрамына қабылдандым. Содан бері осында жұмыс істеп келемін, – дейді Диас Құрманғазы.
Отбасы жөнінде сөз қозғағанда ол өзін үйдегі үлкен бала ретінде жауапкершілікті сезінетінін айтады. Анасы Талдықорғаннан, әкесі Семей өңірінен. Диас Алматыда дүниеге келіп, балалық шағы Семей қаласында өткен. Өзінен төрт жас кіші қарындасы да бар.
Арманындағы жұмысқа орналасуы
Диас Құрманғазы «Астана Операға» келген күннен бастап жетекші солист қатарынан бірден орын алмады. Кәсіби жолдың алғашқы сатысы кордебалеттен басталған.
Бірден солист болған жоқпын. Үш жыл кордебалетте жұмыс істедім. Кордебалет – ол біздің ансамбль, көпшілік сахналық көріністерде билейтін топ. Барлық партияларды сол жерден бастадым, – дейді ол.
Бұл сәт өнерпаз үшін тәжірибе жинайтын, сахнаны сезінуге мүмкіндік беретін кезең болды. Уақыт өте келе оның техникалық дайындығы мен сахнадағы шеберлігі байқалып, жеке өнер көрсете бастады.
Содан кейін ақырындап партиялар бере бастады. Бағым жанды деп ойлаймын. Жақсы көріне білдім деп есептеймін. 2022 жылдан бастап солист ретінде билей бастадым, – дейді ол.
Сахнаға шығу барысында бастан өткерген сезімдері туралы айтып берді. Бастапқыда қорқыныш болғанымен, ол уақыт өте жойылған.
Аса қиындықтар болды деп айта алмаймын. Бірақ алғашқы кезде сахнаға шығу қорқынышты еді. Әртіс үшін бұл қалыпты. Уақыт өте келе қорқынышым сейіліп, орнына жауапкершілік пен іштей жинақылық келеді. Қазір сахнаға шығар алдында қобалжу сезімі болады, бірақ бұрынғыдай қорықпаймын, – дейді Диас Құрманғазы.
«Басында кәсібімнен ұялатынмын»
Диас Құрманғазы балетке алғаш келген кезінде таңдаған мамандығын достарына ашып айта алмағанын жасырмады.
Басында ұялу болды. Кейін біртіндеп көтеріліп, нәтижелер көріне бастағанда, теледидарға шығып, сұхбат бергенде кәсібіммен мақтануға болатынын түсіндім. Ұялатын ештеңе жоқ, – дейді ол.
Дегенмен қоғамда әлі де ер адамның балетке келуіне қатысты біржақты пікірлер бар екені жасырын емес.
Жалпы бізде ер адам балетке бармауы керек деген стереотип бар. Бірақ бұл әркімнің ойлау деңгейіне байланысты деп ойлаймын. Балет – өнер. Ол екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл жерде күш те бар, тәртіп те бар, жарақат та көп. Сондықтан оны жеңіл нәрсе деп қарау қате, – дейді ол.
Балет киіміне қатысты пікірлер де қоғамда жиі айтылады. Диас мұның кәсіби талап екенін ашық жеткізеді.
Бізге «қыздар секілді лосины киесіңдер» деп айтатындар бар. Бірақ ол – біздің жұмыс формамыз. Бұл – қойылымның көркемдік бөлігі. Онда тұрған еш ұят нәрсе жоқ, – дейді ол.
«Өміріміз театр ішінде өтеді»
Балет әртісінің кәсібі сырт көзге әдемі, жеңіл көрінгенімен, оның артында үлкен еңбек жатыр. Диас Құрманғазының күнделікті режимі де осындай талапқа бағынады.
Таңертең жұмысымызды дене қыздырудан бастаймыз. Сағат 10:00-ден 11:15-ке дейін дене бітімімізді формада ұстайтын жаттығулар жасаймыз. Одан кейін қойылымдарға дайындық басталады. Алда қандай спектакль тұрса, соған қарай дайындаламыз. Гастроль болса, гастрольге дайындаламыз. Күн тәртібіміз кешкі алтыға дейін жалғасады. Қойылым күндері тіпті тоғызға дейін созылады. Уақытымыз өте тығыз. Сол себепті өміріміздің көп бөлігі театр ішінде өтеді, – дейді ол.
Балет өнерінде үзіліссіз қозғалыс пен бұлшықет тұрақтылығын сақтау маңызды. Сондықтан жұмыс аптасы ұзағырақ.
Аптасына алты күн жұмыс істейміз. Бір-ақ күн демалыс беріледі, – дейді Диас.
Сондай-ақ ол бұл жұмысты қызмет ретінде емес, сүйікті ісі ретінде қабылдайтынын айтады.
Мен үшін бұл – жай жұмыс емес. Шабытпен атқаратын іс. Тіпті хоббиім деп айтуға болады. Ұнатқан соң келіп істеймін, – дейді ол.
Соған қарамастан, өнерпаз өзіне уақыт табуға тырысады. Дене қозғалысын сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де жалғастырып отырады.
Бос уақытым табылса, футбол ойнаймын, қыдырамын. Серуендеуге тырысамын. Бірақ, әрине, уақыт өте тығыз, – дейді жас солист.
Диас бір жылда бір ай еңбек демалысына шығады.
Еңбек демалысын толыққанды демалу керек. Денені де, ойды да тынықтыру қажет. Бір жыл бойы үздіксіз формада жүру оңай емес. Сол себепті демалу да маңызды, – дейді ол.
Қойылымның көрерменге жетуі
Балет қойылымының көрерменге дайын күйінде жетуі – ұзақ әрі күрделі шығармашылық процестің нәтижесі. Әр партияның өз қиындығы бар. Диас Құрманғазы дайындық барысының әр қойылымда әртүрлі уақытты қажет ететінін айтады.
Қойылымға дайындалу рөлдің қиындығына байланысты. Кейбір партияларды екі аптаның ішінде дайындап шыға аламыз. Ал кейбіріне бір ай немесе одан да көп уақыт кетеді, – дейді солист.
Рөлдерді бөлу мәселесі театрдың балет жетекшілігінің шешімімен жүзеге асады. Әр партия әртістің орындаушылық мүмкіндігіне, пластикасына және эмоционалдық жеткізу қабілетіне қарай беріледі.
Рөлдерге таңдалу бізге емес, балет жетекшісіне байланысты. Әртістің қабілеті мен сол рөлге сәйкестігі есепке алынады, – дейді ол.
Балетте серіктестік үлкен маңызға ие. Қойылымдарда әртістер жұппен жұмыс істейтіндіктен, сахналық серіктес – сенім мен үйлесімнің басты кепілі.
Сахнада бірге билейтін серіктестеріміз әртүрлі. Кейде ол бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі әртіс болуы мүмкін. Ондай кезде серіктесің саған барынша көмектеседі. Ал кейде керісінше – сен тәжірибең молырақ болып, ал серіктесің жаңадан келуі мүмкін. Онда сен оны өзіңмен бірге алып жүруің керек. Қалай қимылдау, қай жерде ырғақ қалай түсетінін бірге үйлестіресің. Бұл жерде ең маңыздысы – бір-біріңе деген сенім және қарым-қатынас, – дейді Диас.
«Тамақтану режиміме талап қоймаймын»
Балет әртістерінің сырт келбеті мен салмағы туралы қоғамда қалыптасқан түсініктер аз емес. Көпшілік балет әртістерін қатаң диета ұстайды деп ойлайды. Алайда Диас Құрманғазы бұл пікірдің көбіне шындыққа жанаспайтынын айтады.
Бізде белгілі бір салмаққа байланысты шектеу жоқ. Көп адам балет әртістері өте арық болуы керек, диета ұстайды деп ойлайды. Бірақ біз керісінше көп тамақтанамыз. Бізге энергия, күш керек. Күнделікті репетицияда бәрін термен шығарып тастаймыз, – дейді ол.
Үздіксіз қозғалыс пен жоғары физикалық жүктеме балет әртістерінен ерекше төзімділік талап етеді. Сондықтан асқа шектеу қою – ағзаны әлсіретіп, қозғалысқа әсер етуі мүмкін.
Біз калория санамаймыз. Нанды да, басқа тағамдарды да жей береміз. Өйткені ағзаның қуаты үнемі толып тұруы тиіс, витаминдер ішіп, толыққанды тамақтану өте маңызды, – дейді Диас.
Ал қыз балет әртістері салмақты бақылауы қатаң деген пікір де жиі айтылады.
Қыздарда табиғатына, ағза ерекшелігіне байланысты өзгеше жағдайлар болуы мүмкін. Кейбіреулері толықтыққа бейім болса, сол кезде диета ұстайды. Мұның бәрі жеке организмге байланысты, – деп түсіндіреді солист.
Диас өзінің тамақтану режиміне қатаң қарамайды.
Менде тағамдарды шектеу, кешкі ас ішпеу деген талап жоқ. Тек газды сусындарды мүмкіндігінше азайтуға тырысамын. Оның өзінде қатты талап қоймаймын, – дейді ол.
Сахнадағы алғашқы рөлі
Балет өнеріндегі әр әртістің есінде мәңгі қалатын сәт – алғашқы басты рөлі. Диас Құрманғазы үшін ол – Адольф Аданның «Жизель» балетіндегі Альберт бейнесі.
Ең алғашқы рөлім – Альберт. Бұл өте қиын партиялардың бірі болды, үлкен еңбекті талап етті. Ол кезде мен жиырма бірде болатынмын. Дайындық кезінде қиындық қатты сезілмеді, бірақ сахнаға шыққанда оның салмағын бірден түсінесің, – дейді ол.
Балет әртісінің жұмысы тек іс-қимылмен шектелмейді, көрерменге сезімді де жеткізу маңызды.
Сахнада эмоцияға берілген сайын екі есе күш кетеді. Қозғалыс пен эмоция бір-бірімен үйлесімді болу керек. Кейде импровизация жасауға да тура келеді. Өйткені сахнада бәрі жоспарлағандай бола бермейді, – дейді Диас.
Қазіргі репертуары жайлы
Бүгінде Диас Құрманғазы «Астана Опера» театрындағы жетекші солистердің бірі. Соңғы маусымда ол бірқатар маңызды партияларды орындаған.
Соңғы қойылымдардың бірі – Морис Жаррдың «Париж Құдай анасының соборы» балетінде Фэб рөлін орындадым. Иржи Килианның «Кішкентай өлім» балетінде дуэт биледім. Сонымен қатар гала-балетте Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» қойылымында Ханзаданың рөлін сомдадым, – дейді ол.
Солист үшін әр рөл – жаңа ізденіс, жаңа қырынан ашылуға берілген мүмкіндік. Алайда өз жүрегіне жақын қойылымдар да бар.
Маған ең ұнаған рөлдер – Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» балетіндегі Зигфрид және «Щелкунчик» балетіндегі Ханзада. Бұл рөлдер маған ерекше жақын, себебі ол образдарда ер адамның мінезі де, сезімі де, ішкі күші де анық көрінеді, – деп бөліседі Диас.
Оған қоса Диас Құрманғазы маңызды сапарға дайындалып жатқанын айтты.
Жуырда бір аптадан кейін Мәскеуге жол тартамыз. Ол жақта Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» қойылымын көрсетеміз, – дейді солист.
Оның айтуынша, гастрольдік сапар барысында труппа үш жұпқа бөлініп өнер көрсетеді.
Сол жерде Базиль деген басты рөл бар. Сол бейнені орындаймын, – деп бөлісті ол.
«Бәріміз Айдос Заканға еліктейтінбіз»
Балет сахнасына көтерілген әрбір әртістің жүрегінде өзіне демеу болған, дұрыс бағыт сілтеген кумирлері болады. «Астана Опера» театрының жетекші солисі Диас Құрманғазы да өнер жолында өзін шабыттандырған тұлғалардың есімін ерекше құрметпен атайды.
Оның сөзінше, балет тарихында өз дәуірінің заңғар биі болған өнер иелері аз емес. Диас балет әртісі, хореограф Михаил Барышниковты ерекше бағалайды. Сонымен қатар ол қазақстандық балет өнерінде зор еңбек сіңірген Рамазан Бапов, Айдос Закан, Яссауи Мерғалиевті ерекше атап өтті.
Кішкентай кезде Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Айдос Закан жұмыс істейтін. Бәріміз соған еліктейтінбіз. «Осы кісі сияқты болсам екен» деп армандайтынбыз, – деп еске алады ол.
Балет саласындағы мәселелер
Диас бүгінгі қазақстандық балет өнерінің ахуалына да ой жүгіртті. Оның пікірінше, кәсіби деңгей бар, алайда насихаттау пен халықаралық байланыс орнату әлі де жетіспейді.
Қазақстанда мәселе көп. Театрдағы балет өнері бізде қатты дамымаған. Әлемге «бізде осындай жақсы труппа бар» деп паш етуіміз керек. Соңғы уақытта гастрольдер азайып кетті. Оны енді біз емес, басқа кісілер шешуі керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Бір қойылымда көрінетін әсемдік пен үйлесімділікке жету үшін әртістер күн сайын денесін тоздырып, күш-қуатын сарп етеді. Алайда олардың еңбегі қаржылай тұрғыдан әрдайым сәйкес бағалана бермейді.
Жағдайымыз өте жаман деп айта алмаймын. Бірақ айлығымыз, әрине, жеткіліксіз. Театр барынша көмектесуге тырысады. Соған шүкір дейміз, – дейді ол.
Кейде сахнадағы әр қимыл денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Балет әртістерінің тізе, аяқ, арқа жарақаттары – жиі кездесетін жағдай. Сол себепті бұл кәсіп тек талант пен еңбекке ғана емес, денсаулыққа да салмақ түсіреді.
«Күтпеген жерден марапат алдым»
Биыл Республика күні қарсаңында балет әртісі Диас үшін ерекше сәт туды. Ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Бұл марапат – сахнаға, өнерге, күнделікті қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға.
Мұндай марапат аламын деп мүлде ойлаған жоқпын. Бізге тек бір күн бұрын хабарласты. «Концерт болады, марапаттау рәсіміне келесіз» деді. Хабарды естігенде таңғалдым. Қуанышымда шек болған жоқ. Бірден үйдегілерге қоңырау шалдым, – деді ол.
Ата-анасы да бұл марапатқа ерекше қуанған.
Әрине, олар үшін бұл үлкен мақтаныш. Мен де алғашында сенбедім. Марапат қолыма тиген соң ғана бәрі шынайы сезіле бастады, – дейді ол.
Бұл Диастың өнер жолындағы алғашқы мемлекеттік марапаты.
Марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті. Көпшілік алдында оған және әріптестеріне сахнада құрмет көрсетілді.
«Астана Операдан» барлығы алты адам марапатталды. Бізді сахнаға шақырып, медальді табыстады. Сол сәттің өзі – үлкен эмоция, – дейді өнер иесі.
Сондай-ақ Диас Құрманғазы биыл тамыз айында жанындағы серігі Камила Шахмановамен бірге Қытайдың Шэньян қаласында өткен балет әртістерінің алғашқы халықаралық байқауына қатысып, үздік орындау үшін жүлдегер атанған.
Тамыздың бесі күні Қытайға бардық. Сол жерде өнер көрсеттік. Әрине, жүлделі орын бұйырмады. Бірақ біз үшін ең бастысы – Қазақстанда да талантты хореографтар мен кәсіби әртістер бар екенін көрсеттік, – дейді Диас.
Байқауда олар Петр Чайковскийдің «Щелкунчик», Рикардо Дригоның «Талисман» балеттерінен үзінділерді, сондай-ақ қазақстандық хореограф Сұлтанбек Ғұмардың «Аңсау» композициясын орындап, ұлттық өнердің сахналық деңгейін халықаралық аренада көрсетті.
Бұл – Диастың қатысқан жалғыз халықаралық шарасы емес.
Бұған дейін де жарыстарға қатысқанмын. Оқып жүрген кезімде Санкт-Петербургте байқауда болдым. Жұмысқа орналасқаннан кейін Финляндияның Хельсинки қаласындағы байқауға бардым. Сондай-ақ қойылымдармен Мәскеуде, Дубайда өнер көрсеттік, – дейді ол.
«Мінезсіз бұл өнерде алысқа бару қиын»
Диас Құрманғазы балетке келгісі келетін жастарға ең алдымен шыдамды болуға кеңес берді.
Бұл салаға келгісі келетіндер төзімді болуы керек. Ең бастысы – мінез. Мінезсіз бұл өнерде алысқа бару қиын. Қиындық та, шаршау да, жүктеме де болады. Сол сәтте ұстап тұратын да – мінез, – дейді ол.
Балет әртістері үшін дене бітімін сақтап, бұлшықеттерді дұрыс қалыпта ұстаудың маңызы ерекше.
Әр бұлшықетті тиянақты жаттықтырсаң ғана денең жарақатқа төзімді болады, – дейді Диас.
Көрерменнің ыстық ықыласы
Диас Құрманғазы үшін көрерменмен байланыс – өнердегі ең бағалы сәттердің бірі.
Көрерменнің мәдениеті бізге әрдайым қуат береді. Қойылым аяқталғаннан кейінгі сахнаға шығып, бас ию сәті бар. Сол кезде алған әсерді сөзбен жеткізу қиын. Шаршап тұрсаң да, көрермен сені жібергісі келмей, қол соғуын жалғастырып тұрса – сол ең үлкен бақыт. Сол қошемет үшін, сол сезім үшін аянбай жұмыс істейміз, – дейді ол.
Сахнада тұрған әртістің ішкі күйін сырт көз көп байқамайтыны бар. Әдемі пластика, үйлесімді қимыл, жинақы мінез – барлығы кәсіби дайындықтың нәтижесі. Ал сахнадағы сезім – мүлде бөлек әңгіме.
Сахнада жүріп ішкі қуанышты қатты байқата алмайсың. Өзіңді ұстауың керек. Бірақ сол сәтте іштей көбелектер ұшып жүргендей күй кешесің. Ол сезімді айтып жеткізу қиын, оны тек өзің бастан өткеруің керек, – деп түсіндіреді балет әртісі.
Сұхбат барысында Диас Құрманғазы алдағы жоспарлары мен кәсіби болашағына қатысты ой бөлісті. Оның айтуынша, балет әртісінің мансабы ұзаққа созылмайды. Сондықтан уақытылы білім алып, кейінгі кезеңге дайын болу маңызды.
Әзірге үлкен жоспарларым жоқ. Бірақ университетте білім алып шыққым келеді. Біздің мансабымыз қысқа ғой – шамамен 38-40 жасқа дейін ғана. Одан кейін де жұмыс істеу керек. Сол үшін оқуды аяқтау маңызды. Дипломсыз басқа салада жұмыс табу қиын. Сондықтан, қырық жасқа жақындағанда ұстаздық бағытқа ауысуға болады, – дейді ол.
Сонымен қатар Диас әзірге отбасы құру мәселесін нақты жоспарламағанын айтты.
Әлі отбасы құру туралы аса ойланбадым. Әрине, құру керек. Бұйырғаны болар. Белгілі бір талғамым жоқ. Әзірге тек кәсіби жолға басымдық беріп отырмын, – деп жауап берді балет әртісі.