Баланың сөйлеуі – ата-аналарды ең көп алаңдататын мәселелердің бірі. «Балам қашан сөйлейді?», «не себептен кешеуілдеп жатыр?», «қай әдіс тиімді?» деген сұрақтар күн сайын қойылады. Соңғы жылдары ерте жастағы сөйлеудің кешеуілдеуі жиілеп, ата-аналар да, мамандар да жаңа тәсілдерді іздей бастады.
Бүгінде балабақшадағы дефектолог мамандар сөйлеуді дамытуда классикалық логопедиялық тәсілдермен қатар нейросенсорлық әдістерді қолданып, баланың сөйлеуін табиғи жолмен іске қосуға жағдай жасауда. Осы орайда біз «Қарлығаш» балабақшасының «Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және инновацияны ендіру» басқармасының инклюзивті білім беру әдіскері Айжан Шырынханқызымен тілдесіп, заманауи тәсілдердің қалай жұмыс істейтінін, қандай белгілерге назар аудару керегін және ата-аналардың міндеті қандай екенін сұрадық.
El.kz: Бүгінде ата-аналар ең жиі қандай шағыммен келеді?
Айжан Шырынханқызы: Соңғы жылдары «баламыз сөйлей алмай жатыр», «сөздік қоры аз», «бізді түсінбейді» деген шағымдар көбейді. Бірақ мәселе әрдайым дыбыстан болмайды. Кей балалар ақпаратты қабылдау тәсілінен, зейіннің тұрақсыздығынан немесе сенсорлық интеграцияның бұзылуынан қиналады. Маман ретінде мен сөйлеуді ғана емес, баланың когнитивтік, моторлық және эмоциялық дамуын кешенді түрде қараймын. Кейде кішкентай өзгерістердің өзі сөйлеуді тездетуге көмектеседі.
El.kz: Дефектологтың жұмысы логопедтен немен ерекшеленеді?
Айжан Шырынханқызы: Логопед дыбысты түзетуге, артикуляцияға көбірек көңіл бөледі. Ал менің маман ретінде кеңесім, сөйлеуді тудыратын механизмдерді реттеу. Бұл – түсіну, зейін, есте сақтау, сенсорлық интеграция. Бала топта қалай әрекет етеді, нені байқайды, нені қайталайды – бәрі маңызды. Балабақшадағы ерекшелік – бала тек кабинетте емес, табиғи ортада, күнделікті ойынында бақылауда болуы қажет. Мұндай бақылау нақты, әрі шынайы картина береді.
El.kz: Нейросенсорлық әдістер деген не? Олар қалай көмектеседі?
Айжан Шырынханқызы: Бұл әдістер баланың сезім мүшелерін – көру, есту, қозғалыс сезімін – бір-бірімен дұрыс жұмыс істетуге көмектеседі. Мысалы, кей балалар дыбысты естиді, бірақ оны ажыратпайды, қозғалысты сезеді, бірақ бақылауы қиын. Мұндай кезде сөйлеу де кешеуілдейді.
Біздің балабақшада сенсорлық маршруттар, тактильді панельдер, тыныс алу жаттығулары, ұсақ моториканы іске қосатын ойындар қолданылады. Баланың сенсорлық профилін қарап, оған нақты сәйкес келетін әдістер таңдалады. Әр бала үшін бұл – жеке жол.
El.kz: Қандай белгілер сөйлеудің кешеуілдеуін көрсетеді?
Айжан Шырынханқызы: Ең жиі байқалатын белгілердің бірі – баланың қарапайым нұсқаулықтарды түсінбеуі. Мысалы, «алып кел», «қой», «аш» сияқты күнделікті сөздер оған түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Бұл оның ақпаратты қабылдау және өңдеу механизмдерінің әлі толық жетілмегенін көрсетеді. Келесі маңызды белгі – көзбен байланыс орнатудың қиындығы. Бала сізге қарайды, бірақ қарашығы ұзақ тұрақтамайды немесе мүлде назар аудармайды. Бұл көбіне сөйлеу дамуының эмоционалдық және әлеуметтік бөлігіне байланысты.
Кей балалар сөзді емес, тек қимылды қайталауға бейім болады. Олар сіздің сөзіңізді естиді, бірақ жауап ретінде әрекетті ғана орындайды: қолын көтереді, есікке жүгіреді, ойыншықты береді. Бұл – сөйлеудің пассивті кезеңінің ұзарып кетуінің белгісі болуы мүмкін. Сонымен қатар дыбыстарға, шуға немесе жанасуға шамадан тыс реакция беру – тағы бір жиі кездесетін көрсеткіш. Кей бала сыбырды да ауыр қабылдап, құлағын жауып алады немесе керісінше қатты дыбысқа селт етпейді. Сол сияқты кей балалар жанасуды жақтырмай, киім ауыстыру немесе жуыну кезінде мазасызданады. Мұның бәрі сенсорлық жүйенің әртүрлі тітіркендіргіштерге біркелкі жауап бермейтінін көрсетеді.
Көп ата-ананы алаңдататын тағы бір белгі – баланың сөзді айтпай, тек көрсетумен шектелуі. Бала қалаған затын қолымен нұсқап, сүйреп апарады, бірақ оны сөзбен білдірмейді. Бұл балада қажетті коммуникативтік ниет бар екенін, бірақ сөзбен жеткізу механизмі әлі толық қалыптаспай жатқанын білдіреді. Барлық осы белгілер әр балада әртүрлі көрінуі мүмкін және олардың пайда болуы міндетті түрде диагноз қоюды білдірмейді. Алайда мұндай көрсеткіштер ата-анаға баланың даму қарқынына мұқият қарау керегін меңзейді және маманмен ерте жұмыс бастау сөйлеуді уақытында іске қосуға көмектеседі.
Ең бастысы – ата-ананы қорқытпау. «Сөйлемейді» деген диагноз емес. Көп жағдайда дұрыс орта мен жүйелі жұмыс сөйлеуге көмектеседі.
El.kz: Ата-аналар үйде не істей алады?
Айжан Шырынханқызы: Баланы үйде қолдау өте маңызды. Мен үш қарапайым ережені ұсынар едім:
Қарапайым сөйлеп, баяу айту. Баланың миы ақпаратты өңдегенше уақыт керек.
Күнделікті әрекетті сөзбен сүйемелдеу. «Келдік», «аштым», «қойдым» – баланың түсінуін күшейтеді.
Тек мультфильм көрсетпей, қарым-қатынас орнату. Бала сөйлеуді экраннан емес, қарым-қатынас арқылы үйренеді.
Егер ата-ана мен маман жұмысы бір бағытта болса, нәтиже әлдеқайда жылдам көрінеді.
El.kz: Нәтиже қашан байқалады?
Айжан Шырынханқызы: Бұл баланың жағдайына байланысты. Кейде үш-төрт аптада алғашқы сөздер шығады, кейде бірнеше ай керек. Маңыздысы – жүйелілік. «Қарлығаш» балабақшасында логопед, дефектолог, психолог және тәрбиешілер баланы жеке түзету-дамыту бағдарламасын құрып, бірге жұмыс істейді. Әр маман өз саласынан үлес қосқанда, баланың сөйлеуі де тұрақты түрде дамиды.
El.kz: Сөйлеуді дамытудағы ең маңызды қағида қандай?
Айжан Шырынханқызы: Баланың өзін жайлы сезінуі. Яғни балаға сөйлеуіне көмектесемін деген ниеттің дұрыс болуы. Егер орта қауіпсіз, қызықты және сенсорлық тұрғыдан теңгерімді болса, бала сөйлеуге өздігінен ұмтылады. Ал біздің міндет – сол ортаны құру және баланың дамуын дұрыс бағыттау.
Бұл айтылған кеңестер болашақта сөйлеп кететін балаларға арналған. Ал егерде балада ерте жастан сөйлемейтін медициналық, логопедиялық диагноздар қойылса, онда міндетті түрде сөйлеуді алмастыратын коммуникацияны дамыту түрлері яғни PECS карточкаларына балаларды үйретуді сұраймын.
Сөйлеу – тек сөздерден ғана тұрмайды. Ол – түсіну, сезіну, қозғалыс, эмоция, әрекет. Заманауи нейросенсорлық әдістер мен дефектологтың кешенді көзқарасы баланың сөйлеуін табиғи жолмен дамытуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – ата-ана мен маманның бірлескен жұмысы және баланың жеке ерекшеліктерін ескеру.
El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!