03.09.2025
13:15
1197
Баланың сабақ оқуға ынтасын қалай арттыруға болады?

Баланың сабақ оқуға ынтасын қалай арттыруға болады?

Жаңа оқу жылының басталуы – әрбір отбасы үшін ерекше кезең. Балалар жазғы демалыстан кейін қайтадан мектеп партасына отырып, жаңа білім көкжиегіне қадам басады. Әдетте дәл осы оқу жылының алғашқы аптасы баланың сабаққа деген ынтасын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл уақытта ата-ана да, ұстаз да балаға барынша қолдау көрсетіп, оның оқуға ынтасын оятуға күш салуы тиіс. Өйткені білімге деген қызығушылық пен құлшыныс – табысты оқудың басты кепілі.

Мотивацияның маңызы

Баланың сабаққа ынтасын қалыптастыру үшін алдымен оның ішкі мотивациясын ояту керек. Көп жағдайда балаларға оқу тапсырмасын орындау ауыр міндет сияқты көрінуі мүмкін. Олар «неге оқуым керек?», «бұл пәндер маған не береді?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Егер бала білімнің мәнін, пайдасын сезінбесе, оны оқуға ешбір сыртқы ықпал қызықтыра алмайды.

Мотивацияны қалыптастыру үшін ең әуелі баланың болашақтағы армандары мен мақсаттарын анықтап алған жөн. Мәселен, егер ол дәрігер болғысы келсе, ата-ана оның биология мен химияны үйренуінің маңызын түсіндіруі керек. Егер балаға шет тілдері қызық болса, бұл оның болашақта шетелде оқуға, саяхаттауға немесе халықаралық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін айту қажет. Мұндай мысалдар оқушыға нақты бағыт беріп, білімнің өмірдегі қажеттілігін айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, мотивация әрдайым ұзақ мерзімді бола бермейді. Кейде балаға күнделікті ұсақ-түйек жетістік те жаңа серпін береді. Мысалы, күнделікті тапсырманы уақытында орындап, мұғалімнің жылы сөзін есту немесе сынып алдында мақтау алу – оның келесі күнге деген құлшынысын арттырады. Осылайша, жүйелі қолдау мен нақты мақсаттар баланың ынтасын ұзақ мерзімге сақтап тұрады.

Қолайлы оқу ортасын құру

Сабаққа деген ынтаның артуына тікелей әсер ететін тағы бір маңызды фактор – баланың айналасындағы орта. Үйде балаға арнап арнайы оқу бұрышының жасалуы оның сабаққа көңіл бөлуіне ықпал етеді. Оқу бұрышының жарық әрі тыныш болуы, үстел үстінің жинақы тұруы – баланың назарын сабаққа аударуға көмектеседі.

Сондай-ақ, баланың қолында барлық қажетті оқу құралдарының болуы да маңызды. Кітап, дәптер, түрлі-түсті қалам – осылардың барлығы оқуды жеңілдетіп қана қоймай, баланың қызығушылығын да оятады. Әсіресе бастауыш сыныптағы балалар үшін оқу құралдарының тартымды әрі қызық болғаны дұрыс. Өйткені оқушылар көбіне визуалды дүниелерді ұнатады.

Үйдегі гаджеттерді шектен тыс қолдану да сабаққа кедергі келтіреді. Сондықтан ата-ана оқушының күн тәртібін дұрыс құрып, уақытты тиімді пайдалануға үйреткені абзал. Мәселен, белгілі бір уақытта үй тапсырмасын орындап, кейін ғана теледидар көруге немесе телефон қолдануға рұқсат беру – балаға тәртіптілік пен жауапкершілікті сіңіреді.

Қолдау

Әр бала өзінің еңбегінің бағаланғанын қалайды. Кішкентай жетістіктің өзін ата-ана мен мұғалімнің байқауы – бала үшін үлкен қуаныш. Сондықтан оны мадақтап, қолдау білдіру – оқуға ынталандырудың тиімді әдісі екені анық.

Дегенмен, мадақтау мен қолдаудың да өзіндік шегі бар. Баланың әрбір ісіне асыра мақтау айту оның бойында жалған сенім қалыптастыруы мүмкін. Сол себепті шынайы жетістіктерін ғана бағалап, орынсыз мақтаудан аулақ болған жөн. Мысалы, «сен бүгін есепті өз бетіңше шығардың, жарайсың!» немесе «шығарманы өте жақсы жазыпсың, ойың анық көрінеді» деген нақты пікірлер баланың өзіне деген сенімін арттырады.

Қолдау тек сөзбен емес, іспен де көрінуі тиіс. Балаға қиын тапсырма берілгенде оны бірге талқылап, дұрыс бағыт-бағдар көрсету керек. Мұндай қолдау баланың жалғыз еместігін сездіріп, оқудан қашпай, қайта керісінше, жаңа қиындықтарды жеңуге үйретеді.

Сабаққа қызықты тәсілдерді енгізу

Баланың ынтасын арттыру үшін сабақтың мазмұнын қызықты ету аса маңызды. Құрғақ теориялық материалды ұзақ уақыт тыңдау баланы жалықтырады. Ал тәжірибелік жаттығулар, түрлі ойындар мен бейнематериалдар оқу процесін әлдеқайда тартымды етеді.

Мысалы, тарих сабағында белгілі бір дәуірді тек кітаптан емес, деректі фильмнен көру немесе әдебиет сабағында шығарманы сахналап көрсету – баланың есте сақтау қабілетін арттырады әрі сабақты қызықты етеді. Ал бастауыш сыныптарда математикалық ойындар, жұмбақтар мен суреттер арқылы тапсырма орындау – оқуды ойынмен байланыстырып, балаға жеңіл қабылданады.

Бұдан бөлек, заманауи технологияларды тиімді пайдалану да нәтиже береді. Білімге арналған мобильді қосымшалар, онлайн-викториналар немесе түрлі интерактивті тапсырмалар балалардың цифрлық ортаға бейімділігін ескеріп, сабақты қызықты әрі заманауи етіп көрсетеді.

Жауапкершілік пен дербестікті қалыптастыру

Балаға сабақ оқудағы жауапкершілік пен дербестікті үйрету – ұзақ мерзімді табысқа әкеледі. Үнемі ата-ананың бақылауында болған бала өздігінен әрекет етуге бейімделмей қалады. Сондықтан ата-ана біртіндеп баланы өз ісін өзі ұйымдастыруға үйретуі тиіс.

Мысалы, оқушының күнделікті тапсырмаларын өзі жазып, оны қадағалауы, сабақ кестесін бақылауы – оның тәуелсіз болуына көмектеседі. Бала жауапкершілікті сезінген сайын, өзінің оқуы үшін өзі жауап беретінін түсінеді. Бұл оны тәртіпке ғана емес, өзіне сенімділікке де тәрбиелейді.

Сонымен қатар, қателік жасауға да мүмкіндік беру керек. Егер бала белгілі бір тапсырманы орындауда қателессе, оны қатты сынамай, қайта оған дұрыс жолды көрсету қажет.

Баланың сабақ оқуға ынтасын арттыру – күрделі әрі ұзақ мерзімді процесс. Бұл жерде тек мұғалімнің ғана емес, ата-ананың да жауапкершілігі зор. Әр бала әртүрлі болғандықтан, оның ынтасын, қызығушылығын ояту үшін жеке тәсілдерді қолдану қажет. Бір балаға мадақтау әсер етсе, екінші балаға қызықты оқу әдісі маңызды болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін 13 жасында жеті тілде еркін сөйлейтін алматылық оқушы жайлы жазған едік.