Баланы ұрып тәрбиелеуге бола ма?

28 Тамыз 2023, 10:00 3417

Бала тәрбиесі – әлемде өзектілігін жоғалтпайтын мәселелердің бірі. Себебі баланың ата-анасынан алған тәрбиесі қоғамда қандай тұлға болып қалыптасатынына тікелей әсер етеді. Өкінішке қарай, бүгінде баласына зорлық-зомбылық көрсетіп тәрбиелегенді дұрыс деп есептейтін ата-аналар бар. Олар бүлдіршінді үркіту, ұрып-соғу арқылы жөнге сала аламын деп ойлайды. Алайда шын мәнінде балаға зорлық-зомбылық көрсету арқылы тәрбие беру дұрыс па? Бұл туралы психолог маман не дейді? Аталған сұрақтардың жауабын білу үшін балалар психологы Гүлнұр Бегжановаға сұрақтарымызды қойып, сұхбаттасып қайттық.

–  Гүлнұр ханым, сұхбатымызды алдымен ата-ананың балаға деген қарым-қатынасынан бастасақ. Жалпы ата-ана баласының тәрбиесіне қай жастан бастап көңіл бөлуі керек деп ойлайсыз?

– Өз басым ана ретінде ешкімді тәртіпке салған емеспін. Мен ең алдымен тәрбиені өзімнен бастадым. Себебі біз баланы тәрбиелемейміз, керісінше олар бізді тәрбиелеу үшін өмірге келген. Мысалы сіз өзіңіз алдап отырып, ұл-қызыңызға өтірік айтпа дейтін болсаңыз, сіздің айтқан сөзіңіз оған өтпейді. Өйткені бүлдіршін сіздің айнаңыз секілді. Өзіңіз жасаған іс-әрекеттерді олар да қайталайды. Сондықтанда ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі қажет. Ал балаларына тек махаббатын беріп, жақсы көрсе сол да жеткілікті.

Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Бала тәрбиесінде нені басты назарға алған дұрыс?

– Біріншіден, сіз балаға үлгі болуыңыз қажет. Оның ақылды, мәдениетті, жан-жақты болғанын қаласаңыз, ол қасиеттер сіздің де бойыңыздан табылуы тиіс. 

Бүлдіршіннің өскенде қатал не жұмсақ болуы да ата-анаға байланысты. Ол баласын қаталдыққа тәрбиелесе, қаталдық, мейірімділікке тәрбиелесе, мейірімділік алады.

Екіншіден, ұл-қызыңыз неше жасқа келсе де оған махаббатыңызды беруден жалықпаңыз. Кейде адамдар «үп-үлкен баланы несіне еркелетеді?» деп айтып жатады. Бірақ халқымыз «анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дейді емес пе? Мысалы, менің жасым 37-де, әлі күнге дейін анама еркелеймін. Бұл қалыпты жағдай.

– Соңғы уақыттары әлеуметтік желіде баласын ұрып-соғып жатқан ата-аналардың бейнежазбасы көп таралып кетті. Сонда бұл қазіргі балалардың тәртіпке бағынбай кеткендігі ме, әлде қоғамда безбүйрек ата-аналардың көбейгені ме?

– Иә, өкінішке қарай, соңғы кезде балаларды ұрып-соғу, оны бейнежазбаға түсіру арқылы хайп жинау сынды дүниелер көбейіп кетті. ­­Бұл мүлде дұрыс емес. Бейнені қарап отырғанның өзі жағымсыз әсер қалдырады.

Адамдардың бұған қатысы пікірі екіге бөлінген. Бірі, «бізді де ұрған» десе, екіншісі, «недеген масқара» деп нарызылығын білдіріп жатады. Бізді де ұрған деген адамдардың кейбірі одан еш әбестік көрмесе, басқалары «мен көрген зорлық-зомбылықты балаларым көрмей-ақ қойса екен» дейді. Демек, адамның мұндай оқиғаларға қарап, қандай қорытынды жасайтыны өзіне байланысты.

– Бой бермейтін, тым ерке, бұзық балаларды қалай тәрбиелеу қажет?

– Мұндай жағдайға тап болғанда біріншіден, ата-ана отбасындағы жағдайға қатты көңіл бөлуі керек. Екіншіден, баланы өз қалпында қабылдау қажет. Оның энергиясын барынша жақсы жаққа қарай бағыттауға әрекет етіңіз. Мейлінше өзіңіздің жылулығыңызды беріп, балаңызға жақсы көретініңізді сезіндіріңіз.

–  Зорлық-зомбылық көрсету балаға қандай психологиялық әсерін тигізеді?­­­­­­­

– Дәл қазір көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сізден екі есе үлкен алып адам келіп сілкіп-сілкіп жіберіп, ұрып-соғады. Сол кезде өзіңізді қалай сезінер едіңіз? Әрине, өте нашар күйді бастан кешіретін едіңіз. Сондықтан зорлық-зомбылық көрген бала психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алатыны анық. Мұндай жайтты басынан өткерген бала қорқақ, ынжық болып өседі.  

–  Зорлық-зомбылықтан қиналып жүрген баланы қалай байқаймыз?

–  Бала үйде ғана емес, балабақшада, далада, сондай-ақ одан басқа түрлі жерлерде зорлық-зомбылық көруі мүмкін. Өкінішке қарай, қазіргі таңда елімізде мұндай тіркелген фактілер жетерлік. Сондықтан кез келген адам, ол ата-ана, тәрбиеші, мұғалім болсын баланың көңіліне, жағдайына мұқият қарағаны жөн.

Ата-ана баласымен өзара сенім ұялату арқылы, сырласу арқылы ғана жан дүниесінде не болып жатқанын түсіне алады. Сол себепті жиі ұл-қызыңызбен сырласып отырыңыздар. Кейде бүлдіршіндер зорлық-зомбылыққа ұшыраса да қорыққаннан ешкімге шағымдана қоймауы мүмкін. Сіздердің балаға деген қолдауларыңыз әрдайым маңызды.

–  Бала тәрбиесіне қатысты ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

–  Ата-аналар баланың табиғатына мән беруі қажет. Кейбір бүлдіршін табиғатынан мейірімді, жұмсақ болып келеді. Ата-ана баланың бұл ерекшелігін назардан тыс қалдырып, оны бокс, күрес сынды физикалық жағынан ауыр спорт түріне беріп жатады. Сөйтіп, табиғаты бөлек баланың ішкі жан дүниесінде күйреу сезімі пайда болады. Бәлкім, бүлдіршіннің ауыр спорт түрлеріне икемі келмесе, ол керемет суретші, бір өнер иесі болуы мүмкін шығар. Бізде әйтеуір қоғамда ұл болса боксқа, қыз болса биге баруы керек деген пікір қалыптасқан. Десе де ең басты орында баланың өз қалауы тұруы қажет екенін ұмытпаған жөн.

Тағы бір берер кеңесім – балаларды ешқашан бір-бірімен салыстыруға болмайды. Кейде ата-аналар тарапынан «біреудің баласы керемет актер, әнші. Ал сен неге сондай болмайсың?» деген сияқты салыстырулар кетеді. Бұл мүлде дұрыс емес. Әр бала – бөлек тұлға. Ол актер, әнші болмаса да ертең ақылды бір ғалым немесе дәрігер болатын шығар. Егер сіз ұл-қызыңызды өзгелермен салыстыра беретін болсаңыз, оның өзіне деген сенімділігін төмендетіп жіберуіңіз әбден мүмкін. Сондықтан бала тәрбиесінде әрбір айтқан сөзіңіз бен іс-әрекетіңізді ескергеніңіз жөн.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: