05.10.2025
21:48
540
Баланы мектепке дайындаудың маңыздылығы

Баланы мектепке дайындаудың маңыздылығы

Баланың мектепке баруына байланысты болатын психологиялық өзгерістер баланың психикалық дамуының әрбір кезеңі оның іс-әрекетінің негізгі, жетекші түрімен сипатталады. Мектеп жасына дейінгі балалық шақта ойын іс-әрекеті жетекші болады. Бұл жастағы балалар үйреніп, шама-шарқынша еңбек етіп жүрсе де, олардың бүкіл болмысын анықтайтын шынайы стихия әр түрлі ойындар болып табылады. Ойын үстінде қоғамдық баға беруге тырысушылық пайда болады, қиял және символиканы пайдалана білуі дамиды. Осының бәрі баланың мектепке даярлығын сипаттайтын негізгі сәттер болып табылады.

Алты жасар бала мектеп табылдырығынан аттасымен-ақ оқушы болады. Оның өмірінде ойын әлі  маңызды  орын алғанымен,  осы уақыттан бастап,  ойын  біртіндеп  басымдылық ролін жоғалта бастайды. Бастауыш мектеп оқушысының жетекші іс-әрекеті оның  мінез-құлық мотивтерін елеулі  түрде өзгертетін,  оның танымдық және адамгершілік күштерін дамытудың жаңа көздерін ашатын оқу болады. Мұндай қайта өзгеріс процесінің бірнеше кезеңдері бар.

Әсіресе баланың мектеп өмірінің жаңа жағдайларына алғаш енуінде айқын аңғарылады. Балалардың көпшілігі бұған психологиялық жағынан даярланған. Олар бұл жерде үймен немесе балабақшамен салыстырғанда, әдеттен тыс бірдеңелер кездестіруді күте отырып, мектепке қуана барады. Баланың бұл ішкі позициясы екі жағдайда маңызға ие. Алдымен мектеп өмірінің жаңалығын алдын ала сезіну және қалау баланың сыныптағы мінез-құлық ережелеріне, жолдастарымен ерекше қарым-қатынас нормаларына,  күн тәртібіне қатысты мұғалімнің талаптарын жылдам қабылдауға көмектеседі. Бұл талаптарды бала қоғамдық маңызды және орындамауға болмайтын талаптар деп қабылдайды.

Тәжірибелі ұстаздарға белгілі психологиялық жағынан расталған мынадай қағида бар: баланың сыныпқа келген алғашқы күнінен-ақ оған оқушының сабақтағы, үйдегі және қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелерін айқын да нақты мағынада түсіндіру керек. Балаға оның жаңа көзқарасының, міндеттерінің және құқығының бұрынғы ол әдеттенген жағдайлардан айырмашылығын дереу түсіндіру маңызды.

Жаңа ережелер мен нормаларды сөзсіз орындауды талап ету - бірінші сынып оқушысына орынсыз қаталдық жасау емес, мектепке баруға даярланған балалардың өз түсініктеріне сәйкес олардың тіршілігін ұйымдастыруға қажетті шарт. Бұл талаптар орнықсыз әрі екі ұшты болса, балалар өз өмірінің жаңа кезеңінің өзіндік ерекшеліктерін сезбейді, бұл олардың мектепке деген ықыласын жоюы мүмкін.

Баланың ішкі позициясының екінші жағы оның білім мен іскерлікті игеру процестерінде ортақ дұрыс қарым-қатынасына байланысты. Бір кездерде, шын мәнінде, ойын кезінде өзі қалаған адам (ұшқыш, аспаз, жүргізуші) болуы үшін, оқудың қажет екендігі туралы пікірге, оның мектепке дейін-ақ бойы үйрене бастайды. Ол кезде бала келешекте қажет болатын білімдердің нақтылы құрамын, әрине, сезбейді.

Мектептегі оқуға баланың даярлығы мәселесі алты және жеті  жастағы баланың мектепке үйренуіне және үйренбеуіне теориялық талдау жасау арқылы ашылады.

Мектепке үйрену - баланың жүйелі мектептегі ұйымдасқан оқу іс-әрекетіне өту кезіндегі танымдық, мотивациялық және эмоциялық еріктік сферасындағы қайта құрылымдық өзгерістерге бейімділігімен сипатталынады.

Әлеуметтік сыртқы жағдайлардың жағымды сәйкестіктері үйренуге, жағымсыздары үйренбеуге әкеп соғады. Мектептегі жүйелі оқудың негізгі ерекшеліктеріне мыналар жатады:

  1. Баланың мектепке келуі - қоғамдың мәнді және қоғам бағалайтын іс-әрекетін жүзеге асыру басталады.
  2. Жүйелі мектептегі оқудың бір ерекшелігі – барлықтарына ортақ бірнеше ережелерді мiндеттi  түрде орындауды талап етеді, ал бұған мектепке келген балалардың барлығы тәуелді болады.

Мектепке келу баладан ойлаудың дамуының қандайда бір деңгейін, қарым-қатынас дағдыларын, мінез-құлқын ерікті реттей алуын талап етеді. Мектепте оқуға даярлық деңгейін бағалау төмендегідей блоктардан тұрады:

  1. Интеллектуалдық дамуы – жоғары психикалық функциялардың даму деңгейінен тұрады: мәлімет, оқуға қабілет баланың ақыл-ой іс-әрекетінің өзіндік реттеу қабілеті;
  2. Эмоциялық дамуы - баланың эмоционалдық-экспрессивтік даму деңгейін, олардың жеке тұлғалық өсуін көрсету;
  3. Коммуникациялық дағдыларының дамуы (6 жастағы дағдарыстардағы психологиялық қайта құрылуын ескере отырып, өзін-өзі бағалау және тартымдық деңгейін анықтау);
  4. Мектеп жасындағы даму кезеңдегі баланың мектептік сауаттылық деңгейі.

Г.М.Чуткинаның зерттеу нәтижелерінен-жоғарыдағы әрбір көрсеткіштерінің даму деңгейлерінде болатын мектепке әлеуметтік-психологиялық даярлықтың 3 деңгейін көрсетуге болады.

  1. Адаптацияланудың жоғарғы деңгейі.

1-сынып оқушысы мектепке жағымды қатынас құрады, қойылған талаптарды адекватты қабылдайды, оқу материалдарын жеңіл меңгереді, бағдарлама материалдарын игере алады және толық меңгереді, күрделі тапсырмаларды шеше алады, бұйрықтарды, мұғалімның айтқанын зейін қойып тыңдайды, берілген тапсырмаларды сыртқы бақылаусыз орындайды, оқу жұмыстарын өз бетінше орындауға үлкен қызығушылық көрсетеді, (үнемі барлық сабақтарды орындайды); қоғамдық жұмыстарды еркімен, ұқыпты орындайды, сыныпта жағымды, статусты орынға ие. Жоғарыда көрсетілген барлық көрсеткіштердің даму деңгейі жоғарыға сәйкес келеді.

Адаптациялануы жоғарғы деңгейдегі балаға сипаттама беретін болсақ, балалар мектепке даяр, 6 жастағы дағдарысты басынан өткізген бала сипаттамасымен сәйкес келеді, себебі, еріктің, оқу мотивациясының, мектепке жағымды қатынасының, коммуникативті дағдының дамығандығы көрінеді. 

  1. Адаптацияланудың орта деңгейі.

1-сынып оқушысы мектепке жағымды қатынас құрады, мектеп балаларға жағымсыз әсер тудырмайды, оқу материалын түсінеді, егер мұғалім оқу материалын тиянақты және көркем түсіндірсе, оқу бағдарламасының негізгі мазмұнын меңгереді, типтік міндеттерді өз бетінше шешеді; тапсырмаларды, ересектердің бұйрықтарын орындау кезінде зейіні тұрақты, дегенмен оны бақылап отыру қажет. Қоғамдық жұмыстарды өз еркімен орындайды, көптеген сыныптастарымен достас болады.

  1. Адаптацияланудың төмен деңгейі.

1-сынып оқушысы мектепте теріс және индифферентті қатынас құрады,  сырқаттанып қалу арызы жиірек болып тұрады, көңіл-күйінің жоқтығы басым келеді, тәртіп бұзушылық байқалады, мұғалімнің түсіндірген материалдарының кейбір бөліктерін ғана менгереді. Оқулықпен өз бетінше жұмыс істеуге қиналады, өз бетінше тапсырмаларды орындау барысында қызығушылық пен белсенділік танытпайды, сабаққа үнемі дайындалмайды, тек жүйелі ескертіп, ересектер мен мұғалімдер үнемі бақылау жасап отыруы қажет. Ұзақ демалыстан кейін жұмысқа қабілеттілік пен зейінділік сақталғанда үлгі бойынша жаңа тапсырманы түсіну және орындау үшін мұғалім және ата-аналардың едәуір көмегін қажет етеді. Қоғамдық жұмыстарды бақылау негізінде айрықша қалауды орындайды, енжар, жақсы достары жоқ, сыныптастарының кейбірінің ғана аты-жөнын біледі.

Ал бұл, яғни мектепке адаптацияланудың төменгі деңгейіндегі көрсеткіш – мектеп дезадаптациясының көрсеткіші болып табылады. Бұндай жағдайда жас ерекшелігін көрсету қиын. Себебі, баланың психикалық және соматикалық саулығының бұзылғандығы туралы сөз болып тұр. Бұл жалпылау процесінің дамуының адаптация көрсеткіші – психикалық процестер мен қасиеттер, функциялар, төмен деңгейі – негізгі фактор болып табылады.

Осыған байланысты педагог 6 жасар 1-сынып оқушысының жас ерекшелігіне тек оқу процесін және психологиялық дайындығын арнайы ұйымдастырмаса да мектепке адаптацияланудың орта деңгейі жойылуы мүмкін.

Тағы бір аспект – адаптациялану процесінің жағымсыз нәтижесі дезадаптацияға әкеп соғуыдың бір себебі болып табылады. Олай болса, дезадаптация және дезадаптациялық стилдер туралы теориялық талдаулар жасап көрелік. В.В. Коганның берген анықтамасы бойынша “мектептік дезадаптация – психогенді ауру және баланың жеке басының психогенді қалыптасуы, бұл оның мектепте және жанұяда объективті және субъективті статусын бұзады, оқушының оқу және оқудан тыс белсенділігін төмендетеді.

Бұл ұғымға мектеп іс-әрекетінің ауытқуын байланыстыруға болады. Мектеп оқушыларының негізгі іс-әрекетті меңгеруінде қиыншылықтар мен ауытқулардың байқалынуы ықтимал. Ал мұндай ауытқулар психикасы сау болса да немесе әртүрлі психикалық бұзылуы бар болса да байқалуы мүмкін. Дегенмен, бұл жағдай олигофенияны, органикалық бұзылулар, тәндік дефектісі бар балаға қатысы жоқ.

Мектептік дезадаптация-бұл баланың оқуды меңгеруінің, оның мінез-құлқының бұзылуын, конфликтті қатынастарды, психогенді аурулар мен реакцияларды, қорқыныш деңгейінің жоғарылауын, жеке басының дамуындағы тежелулер формасындағы баланың мектепке бейімделу бейадекватті механизмдерін қалыптастыруы мүмкін.

Баланың  мекепке келуінен бастап оның   өміріне  мүлдем жаңа кезеңі басталды.   Бұл кезеңге ол  тиісті дәрежеде даяр болуы  тиіс. Алдымен  бала оған жаңа праволар  ғана беріп қоймай, сонымен  қоса едәуір қиындығы бар   міндеттер артатын маңызыды іс-әрекет жасауға  даяр болуы тиіс. Кішкентай мектеп  оқушысы айналасындағылардан  өзінің  оқу сабақтарына  деген құрмет  күте отырып, өзі де  мұғалімнің  барлық тапсырмасын  жүйелі орындауға, сол сәтте қаласа да, қаламаса да, өзін мектеп ережелеріне  сәйкес  ұстауға міндетті  болып саналады.

Жасы  алтыға жеткен балалардың көпшілігі мектеп  оқушысының жағдайына көшуге  ұмтылады, алайда ол жағдайдың не  екенін олар барлық кезде  бірден айқын түсіне бермейді. Кейде оларды портфельге ие болғысы келу, өзін үлкен санау, бағалар алу және тағы басқа  тәрізді істің таза сыртқы жақтары  қызықтырады.

Оқушы  жағдайына шын  мәнінде даяр деп оны мектеп  қызықтыратын,  яғни  біршама дамыған  танымдық  ынталары бар баланы айтамыз. Тек осы  негізде ғана балалар  өздерінің мектептегі міндеттеріне тиісті  дәрежеде жауапкершілікпен  қарауға  қабілетті болады. Алайда мектеп  оқушысы болығысы келу тілегі мен  оқуға  байыпты  көзқарас   жеткіліксіз: мұнымен  қоса  осы  тілек, осы қатынасқа ситуациялық себептерді бағындыра  білу, сабақ үстінде өзін зейінді болуға көндіру, кейде жалықтыратын ережелерді жаттау, қиын есептің  шешімін   табанды  түрде ойластыру  қажет.

Тәрбие баланың өміріне және әрекетіне қолайлы жағдайлар туғызып, баланың бойына біткен мүмкіншіліктерді ақиқатқа айналдыру жолына әрекет етеді, оны ұйымдастырып, басқарып, оларға дұрыс бағыт беріп, жетекші болып отырады. Тәрбие процесінде ашылып, келешекке қабілетке  айналатын мүмкіндіктер, жаңа қабілеттер пайда болып отырады. Үлкендер бала тәрбиесінде бала психологиясын біліп,  олардың психикасының дамуын басқарып отырады. Ол үшін игілікті басқаруды көздеу үшін алға қойған мақсатты, тәрбиелеудегі бағытты білу керек. Үлкендерде  құрал ғана болмай, дамуға жетектеп отыратын ішкі күш болуы керек.

 

Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ

«Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогика»

кафедрасының аға оқытушысы

Ж.Б. Балажанова