Баланы балабақшаға қалай бейімдеуге болады?

30 Қыркүйек 2022, 19:41 4607

Астана қаласы әкімдігінің №15 қалалық емханасының балалар дәрігері   Дінмұхаммед Мирамбекұлымен сұқбат

Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып, олардың өнегелі әрі тәрбиелі болып өсуіне балабақшадағы тәрбиенің тигізер ықпалы зор. Осы орайда баланы неше жастан балабақшаға берген дұрыс? Бейімделу кезеңі қанша уақытты қамтиды? Қандай дайындық жұмыстары жүргізілуі керек? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде арнайы маманмен сұқбаттасқан болатынбыз. Сұрақтарымызға Астана қаласы әкімдігінің №15 қалалық емхана дәрігері Қазтай Дінмұхаммед Мирамбекұлы жауап берді.
 – Дінмұхаммед Мирамбекұлы баланы неше жастан бастап балабақшаға беру керек? Дәрігер ретінде пікіріңізді білсек. Тіптен бүгінгі таңда кейбір ата-аналар балаларын 6 айдан бастап балабақшаға беріп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?
 – Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенетін болсақ 2 жас пен 4 жас аралығы балабақшаға орналастыруға оңтайлы жас көрсеткіші болып табылады. Бірақ тәжірибе көрсететіндей егер де бала 3 жасқа тән уақытта балабақшаға барса, өзінің бойына тән дағдарыспен қоса жаңадан адаптация жүргізу өте қиын болады. Балалардың эмоционалдық қалыптаса бастауы өзінің әлеуметтік байланысқа түсуі немесе қалыптасу процестерінің барлығы бір сәтке сәйкес келіп қалады. Мұның барлығы балаға үлкен соққы болуы мүмкін. Сол үшін де осы тәжірибеге сүйене келе балалардың балабақшаға беру жасы үш жарым жастан асқан кез дұрыс деп есептеймін. Бұл жас баланың көп нәрсені үйренісуіне, жеңіп кетуіне адаптацияның қалыпты болуына әсер етеді.
 – Үш жас оңтайлы жас көрсеткіші деп жатырсыз. Осы орайда 3 жасқа дейінгі баланың даму ерекшеліктері жөнінде айта кетсеңіз.
 – Бұл жастағы балалардың дамуы психоэмоционалдық күйімен тікелей байланысты. Бұл кезеңді ауыспалы кезең деп айтсақ болады. Үш жастағы балалар көп жағдайда 80-90%  дағдарыс күйде болады. Олардың өздерінің бойындағы қалау ынтасымен сол жасқа тән мүмкіндіктердің бір-біріне ұштаспай қалуы орын алып жатады. Бала өзінің қасындағы үлкендердің қимыл-әрекетіне көңіл- күйіне қызығушылығымен қарай бастайтын кезеңі деп айтсақ болады. Балалар 10-15 минут ойнайтын болса, одан кейін ол ойын қызық болмай қалады. Сонымен қатар тез әрі жылдам бір нәрседен екінші нәрсеге ауысатын тұрақсыздық тән болады. Бұл жастағы балалар дағдарыс күйден өтемін дегенше жаңа әсердің барлығын игерумен, танумен және өзінің бойына жетілдірумен өтеді. Бұл балалардың психоэмоциналдық мінездемесін қалыптастыруға бірден-бір әсер етеді.


   – Балабақшаға берер алдында балалармен қандай да бір дайындық жұмыстары жүргізілуі керек пе? Маман ретінде пікіпіңізді білсек.
 – Балабақшаға баланы дайындау үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Себебі бала дүниеге келгеннен кейін оның өзі бір адаптациялық кезең. Ол өзінің ата-анасынан бөлек басқа ортаға түсу үшін ол жақта не болуы керектігі жөнінде аздап кішігірім ақпаратқа қанық болуы керек. Ол дегеніміз балаға жаңа дос табудың, жаңа нәрсені үйренудің дұрыс екендігі өмірдегі оңтайлы кезең екенін түсіндіруі керек. Баланың ең бірінші психологы  –  ата-анасы. Ата-анасымен болатын белсенді диалог пен белсенді байланыс балалардың балабақшаға тез үйреніп кетуіне орасан зор әсерін тигізеді.

 – Бала қанша жастан бастап тілі шығуы керек? Жасы 2-ден асса да өз ойын жеткізе алмайтын балаларды балабақшаға жіберу қаншалықты дұрыс?
 – Баланың тілі шығуы мәселесі қазіргі таңда өте белсенді түрде талқыланатын тақырыптардың бірі. Себебі көптеген ата-аналардың көзқарасына сүйенетін болсақ олар баланы белгілі бір межеге тіреп қояды. Осы жаста менің танысымның баласында осындай еді немесе алғашқы балаларымда осылай болды деп өзіндік шешім қабылдап жатады. Ол өте қате пікір. Себебі баланың сөйлеуге деген ұмтылысы, белгілі бір сөздердің айтылуы әр балада әр түрлі болады. Тәжірибеге сүйенетін болсақ балалардың жеке дамуына, ортасындағы әсерлі факторларына байланысты. Негізінен баланың тілі шығу мәселесі көп жағдайда қала тұрғындарының ішінде кездесуі мүмкін. Себебі баламен байланысу кей жағдайда уақыттың тапшылығына сәйкес болмай жатады. Сол үшін балалар осындай мәселемен жүретін болса, емханалық деңгейде дефектологиялық, логопедтік бөлімдер бар. Сол бөлімдер сәбидің сөздік қорын қалыптастыруға көмек береді.
 – Баланың бейімделу кезеңі қанша уақытқа созылуы мүмкін?
 – Баланың бейімделуінің нақты кезеңі жоқ. Бейімделу кезеңі бала тұлға ретінде қалыптасуы мен қандай эмоционалдық деңгейде екендігінің қарамағында болатын нәрсе.
 – Баланың денсаулығына кері әсерін тигізетін ойыншықтар туралы айта кетсеңіз.
   –  Балалардың денсаулығына, психологиясына, ментальды ойлауына әсер ететін ойыншықтар қазіргі таңда өте көп. Бұған себеп телевизиялық мақсатта, телевизиялық көкжиекте жүрген мульт сериалдардың, мультфильмдердің, ойындардың барлығының етек жая дамып кетуі дұрыс емес. Бұлар зиянды ойыншықтардың пайда болуына орасан зор әсерін тигізіп жатыр. Сәйкесінше менің дәрігер ретінде зиянды ойыншықтарға қатысты балалардың психологиясына әсер ететін үш топтамам бар. Ол ойыншықтардың алғашқысына трансформер роботтар немесе агрессивті ойыншықтар жатады. Бұл ойыншықтар балалардың кішкентай жастан бастап агрессияға үйренуіне септігін тигізеді. Бұзу, жару, сындыру, құрастыру және лақтыру, ашудың баспалдағы осы кезден пайда болады десек те болады. Ол негативті эмоцияның қалыптасуына бірден-бір әсерін тигізеді. Екінші орында интерактивті ойыншықтар. Олардың қатарына алфавиттер, есептеуіш ойыншықтар кіреді. Бұл ойыншықтар бір жағынан баланы оқуға бейімдеуі мүмкін. Екінші жағы балалардың бір пәрмен бір кнопка арқылы бола қалу мен ойлау қабілетінің этаптық кезеңінен секіріп тек ұсыныс, нәтижеге үйретеді. Ол баланың шыдамсыздығына ойының дамуындағы бірізділікті жояды. Үшінші ойыншық өздеріне тән емес форма мен түстегі, тән емес өлшемдегі ойыншықтар. Бұлардың барлығы балалардың танымдық қасиетін жоятын ойыншықтар қатарына екендігін естеріңізге салғым келеді.
 – Сұқбатыңызға рахмет!
             

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу: