Алматыда автобус жүргізушісін ұрған жолаушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының мәліметінше, 24 желтоқсандағы сот қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылып, күдікті А-ға қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
22 желтоқсан күні Алматыда №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. 3 адам қаза тауып, 4 адам түрлі жарақат алғаны белгілі.
Оқиғадан соң жанжал шығарған жолаушының қашып кеткісі келген сәтінен видео жарияланды. Ол "Балама баруым керек, балама баруым керек, кешірші", - деп сөйлеп жатыр. Басқа жолаушылар оны ұстап алып, адам өлгенін айтып жатыр.