Балам кәсіпкер болсын десеңіз

15 Қазан 2022, 09:21 3774

Әрбір бала сарапшы болуы тиіс

Бүгінде баланың бойына бесіктен сіңірілуі керек тәрбиенің бір тармағы – баланы бизнеске баулу. Бұл біз өкшесін басып келе жатқан жаһанданған әлемнің заманауи талабына айналды. Қаржыгер мамандар ел ғана емес, күллі әлемнің болашағы жеке кәсіпкерлердің уысында болатынын болжауда. Яғни кәсіпкерліктің тасы өрге домалайтың заман әлі алда деген сөз. Ал кім баласының болашақтың тұтқасын ұстағанын қаламайды дейсің. Әрі десе, балаға қазір салған инвестиция, сіздің жайлы әрі алаңсыз қарттығыңыздың кепілі екендігі де сөзсіз.

Баланы мақсат қоюға және оған қол жеткізуге үйрету тек бала үшін ғана емес, сондай-ақ, ересек үшін де яғни оның ата-анасы үшін де керемет мотивация сыйлайтынын сіз білмейтін де боларсыз. Қазір байқап қарасаңыз, кез-келген блогер, психолог немесе коуч өз мақсатыңды қағазға жазып қоюға кеңес беріп жатады, шын мәнінде мамандар да мидың командаға бағынатынын, және қағазға жазып, оны үнемі назарында ұстап жүретін адамдардың 80%-ның мақсаты орындалатынын айтуда. Бала ол әлі ештеңе жазылмаған ақ парақ деп біліңіз, сондықтан оны қандай мақсаттармен толтыратыныңыз, және қалай егетініңіз, күтіп-баптайтыныңыз өз қолыңыздан қазір келетін іс. Ел қыламын десеңіз, бесігіңізді түзеңіз.

Әрбір бала сарапшы болуы тиіс. Бірақ оны ойша қалыптастыру мүмкін емес. Кәсіпкерлік бір реттік инсайт емес, бұл күннен күнге белгілі бір жолмен жүру және соған дағдылану яғни, modus operandi (жұмыс режимі). Сарапшылар кәсіпкерлік дағдысын 25 жастан кейін қалыптастырудың қиынға соғатынын айтады, сондықтан оны ертерек қалыптастыру үшін балаға кішкентай кезінен тәрбие беру керек. Сонымен баланы қалайша кәсіпкер ретінде ойлауға және әрекет етуге үйретеміз?

Балаға өз «ойын» сатуды үйретіңіз

Бірінші кезекте балаға өз қалағанын алу үшін оның ақысын төлеу керектігін түсіндірген абзал. Егер бала ойыншықтың қымбатын сұраса, ақшаның бір бөлігін оның өзінің еңбектеніп табуына кеңес беріңіз. Және ол ойыншықты сатып ал үшін өзіңіздің қалтаңыздан қанша теңге шығара алатыныңызды жасырмаңыз.

Бала бір нәрсені алуға қатысты өз қалауын әдетте «маған осы керек» немесе «басқаларда да сондай бар ғой» дегеннен басқа нақты себеппен түсіндіре алмайды. Балаға өз ойын сізге «сатуды» үйретіңіз, сондай-ақ, ол бұл жағдайда сіздің ойыншықты алып беру арқылы қандай пайдаға немесе тиіміділікке қол жеткізетініңізді түсіндіре алуы керек. Бұл баланы қалағанына қол жеткізу жолында өзгелерге де пайда келтіру туралы ойлауға дағдыландырады. Келісімге келу және оның жолын іздеу – баланың ересек өмірде дипломатиялық қарым-қатынас құру дағдысын дамытады.

Балаңыздың серіктесі болыңыз

Баланың стартапына ақша салудан ат тоныңызды ала қашпаңыз. Есіңізде болсын, не нәрсені де іс жүзінде байқап көру, сынақтан өткізу өмірдегі ең үлкен мектеп. Егер балаңыз сізге қандай да бір азын-аулақ бизнес туралы көкейіндегісін айтса, өңменінен итермей, керісінше оны арқасынан қағып, оған инвестиция салыңыз. Мұны шын мәнінде баланың бизнесінің тасы өрге домалаған жағдайда сіз де өз үлесіңізді яғни дивидент алатыныңызды ескертіп, кәдімгідей инвестициялау процесіне айналдырыңыз. Бала сіздің оған қай уақытта да қолдау білдіретініңізді білсе, онда өзіне деген сенімділік пайда болады, және ол осы стартап арқылы баға жетпес тәжірибе алады. Балаға өзінің кішкентай ғана бизнесінен пайда табуға болатынын көрсету керек. Инвестицияның қалай жұмыс жасайтынын, алдағы уақытта одан пайда тауып, ақшаны еселетіп алу үшін қолда бар ақшаны қалай пайдалануға болатынын көрсеткен абзал. Егер сіз бизнес саласының ұршығын үйіріп жүрген жан болсаңыз, балаңызға оның қыр-сыры туралы айтып беру қиындық тудыра қоймасы анық. Бұл баланы бизнес жоспарлауға үйретеді.

Бизнес жүргізудің тәртібін түсіндірудің бірден бір жолы – үстел үсті ойындары. Мәселен, «Монополия» ойынын ойнап көрдіңіз бе, шынтуайтында ол жылжымайтын мүлікке инвестиция салудың негіздеріне баулиды. Сіздің міндетіңіз балаға бизнестің негіздерін үйрету. Мұның барлығын ойын түрінде де көрсетуге болады. Мәселен, балаңызға бизнеске инвестиция салу туралы айтып беріңіз, жабдықтар, матерриалдар алу керектігін түсіндіріңіз. Оған клиенттер келу үшін жарнама беру керек, осылайша баламен бірге маркетинг тұжырымдамасын ойластыруға болады. Балалар әдетте бір нәрсені құрастырғанды аса жақсы көреді. Балаға сол арқылы өз жобасын құрудың жолдарын түсіндіруге болады.

Бала ақшаны үнемдеуді және жинауды ата-анадан үйренеді

Ақша ұстай білу тіпті көптеген ересек адамдар үшін де бас қатырарлық мәселе. Адамдардың бірқатары жақсы табыс табу мүмкіндіге сенбейді, кейбірі байлықты жақсы көрмейді ал енді бірі керісінше, ақша табу жолында жанын береді. Мұның барлығының негізі бала кезден салынған. Баланың ақшаға қарым-қатынасы адекватты болуы сондықтан да маңызды.

Ақшаны жұмсау саналы түрде болуы керек және тек қана көңіл көтеруге, тәтті-дәмдіге жұмсалмауы керек, сондай-ақ, тиын жинағышта да жұмыссыз жатпауы тиіс. Өз инвестициясын бағалай білу – кәсіпкер үшін қажетті дағды. Бала да инвестициялау негіздерін кішкентай кезінен үйренуіне болады.

Кез-келген кәсіби инвестор, экономист, активтерді басқарушы немесе қаржы сарапшысы болсын, тіпті банк қызметкерінің өзі ақша жұмсаудың, жинаудың, үнемдеудің жолдарын бала кезден үйретуге кеңес береді. Бала бұл туралы сіз ұсынған бизнес әдебиеттерден оқыса да болады, бірақ іс жүзінде онымен бетпе-бет келудің, сабақ алудың жөні бөлек. Инвестициялаудың майын ішкен миллиардер Уоррен Баффетт CNBC-ге берген сұқбатында былай деген еді: «Ата-ананың міндеті – баланы ақшамен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрету. Бала болашақта табысты болуы үшін, қаржыға дұрыс қарауды мектепке дейінгі жастан бастап үйрету керек. Ақшаны үнемдеу және жинау – мен өз әкемнен үйренген ең маңызды іс болды».

Баланың өскеннен кейін нені күнкөріс көзі қылатыны бала кезіндегі берілген тәрбиеге, ақшаға қатысты қарым-қатынасына байланысты екені ақиқат.

 

Баланың өскенде кім болары ата-анаға байланысты

Бала әдетте тегіне тартады, яғни ата-анасына ұқсайтыны белгілі. Егер сіздің бизнесіңіз болса, бала өскен кезінде сіздің жолыңызды қууы мүмкін. Бірақ, отбасының барлық мүшелері бизнес әлемінен алшақ болған күнде де, балаңыздан болашақ бизнесмен жасап шығару өз қолыңызда.

Есіңізге түсіріңізші, сіздің ата-анаңыз сізге бала кезіңізде ақша туралы не үйретті немесе не айтты? Ақшаның қандай да бір жасалған жұмыс үшін ақы ретінде төленетінін айтқан болар. Көптеген ата-аналар баласына оның әрбір жетістігі немесе тындырған ісі үшін ақы төлеуді әдетке айналдырған. Мәселен, қоқыс шығарғаны, үй тазалағаны немесе күнделіктегі бестік бағасы үшін балаға ұсақ шығындары үшін ақша ұсынады.

Енді осы өзіміз ойлап тапқан жүйенің қаншалықты бала санасына әсер ететінін талдап көрелік.

Бұл ақиқат: жалдамалы жұмысшылар кәсіпкерлерге қандай да бір жұмысты атқару үшін өз уақытын сатады. Ол кеңсеге немесе жұмыс орнына келіп, кәсіпкер тапсырған жұмысты жасайды және сол үшін ақша алады. Жалдамалы жұмысшы үшін ол саудалайтын тауар оның уақыты болып табылады. Алайда бұл жерде бір мәселе бар, егер сіздің уақытыңыз болмаса (мәселен, ауырып қалсаңыз) сіз одан ақша жасай алмайсыз. Тіпті сіздің бойыңыз тұнып тұрған талант, он саусағыңыздан өнер тамған шебер болсаңыз да, егер компанияның сізге ұсынар жұмысы болмаса, сіздің уақытыңыз нарықта өтімсіз «тауарға» айналады.

Ал кәсіпкерлер болса өз идеялары мен өнімерін сатады. Оларға уақыты мен еңбегі үшін емес, олардың проблеманы шешу үшін ұсынатын идеясы үшін ақша төлейді. Олар өздерінің қатысымынсыз ақша жасайтын компаниялар мен жүйелерді құрады. Балаға үй тапсырмасын орындағаны үшін ақша төлей отырып, сіз әлбетте, оған ақша табу тапсырманы орындау мен оған уақытыңды жұмсаудан тұрады деген бизнес модельді ұсынып отырсыз.

Тағы бір шындық, бала кезде барлығы да тезірек ауладағы ойнап жүрген достарына барып қосылу үшін, ата-анасының тапсырмасын барынша жедел орындауға тырысады. Бала өзінің жасаған жұмысымен мақтанбайды. Себебі оған уақыт үшін ақы төленіп жатыр. Ата-ана өзінің тапсырған ісінің қалай болса солай жасалғанын айтып, баласына ұрсуы мүмкін, алайда, бұл ойынға асыққан баланың бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді.

Жұмысты орындауға бұлайша атүсті қарау, ересек өмірде де сол қалпы қалады: қызметкерлер жұмысты жанын беріп жасамайды, себебі оларға жұмыс уақыты үшін ақы төленеді, сондықтан олардың көбі жұмыстың түпкілікті нәтижесіне аса бас ауырта қоймайды.

Ал кәсіпкерлер болса, керісінше жұмысты жақсырақ жасауға бар күшін салады. Олардың өз жұмыстарына ынта-шынтасымен кірісуі және әр ісінің сапалы нәтиже беруі – бұл болашаққа салынған инвестиция. Олардың кіріс мөлшері істі қаншалықты тыңғылықты атқарғандығына байланысты болмақ.

Егер сіз атқарған тапсырмаңызға қарай ақы алатын болсаңыз, өмір екі бөлікке бөлінеді. Оның бірі өмірі бітпейтін күнкөріс қамы, екіншісі – көңіл көтеру.

Балаңызға қоқысты шығарғаны үшін ақы төлесеңіз, сіз дәл осы үлгідегі адамды қалыптастырып жатқаныңызды жадыңызда ұстаңыз. Адамның бақытты болуы үшін ол жасайтын жұмыс оған қуаныш сыйлауы керек екендігі бәріне де белгілі аксиома. Ал жалдамалы жұмысшылар арасында жұмыстан ләззат алатындар аса көп емес, олар апта бойы демалысты сарыла күтумен болады, ал дүйсенбіде жұмысқа өзін желкесінен біреу сүйреп алып келгендей болып келеді.

Ал кәсіпкер бұлай ойламайды. Нағыз бизнесмендер өзінің жұмысын құмарлыққа айналдырады және ешқашан, еш уақытта демалыс үшін жұмыс жасамайды. Олар проблемаларды шешу, жаңа мүмкіндіктер құру үшін өмір сүреді.

Міне, бұл сіздің балаңыздан кәсіпкер жасап шығарамын десеңіз, есте ұстау керек қағидалар.

Балаға үй жұмысын орындағаны үшін ақы төлегенше оған мұның отбасындағы міндетінің бірі екенін түсіндіру керек. Бала белгілі бір жастан бастап мүмкіндігінше тұрмыстық істермен өз бетінше айналыса бастауы керек. Ол өзінің жасаған жұмысының маңызға ие екенін және айналасына пайдасы тиіп жатқанын көруі керек. Ата-аналар да үй шаруашылығында белгілі бір жұмыстарды атқаратынын және балалардың үй тірлігіне қолғабыс қылуы әділеттілік екенін құлағына құюы керек. Бала ақша табумен қатар өз мойнына жауапкершілік алуға да дағдыланғаны жөн. Егер кәсіпкер тәрбиелегіңіз келсе, ол жасай алатын тірліктің барлығын өзіңіздің мойныңызға ала бермеңіз, жәй ғана балаға көмектесу туралы ұсыныс білдіріңіз.

 

Проблеманы шешетін жоба ұсынсын

Баланы кең ауқымда ойлауға, ақша табудың жолдарын іздеуге және табуға үйрету үшін оған қандай да бір проблеманы шешкені үшін ақы төлейтініңізді айтыңыз. Ол өзінің отбасындағы міндеттерінен басқа белгілі бір нәрсені жақсартудың жолын өзі тауып ұсынсын.

Мәселен, егер бала машинаңыздың ластанғанын көріп, оны жуу немесе қойманы ескі-құсқыдан тазалау туралы сізге ұсыныс білдірсе, бұл оның жобасы болмақ. Себебі, машинаның тазалығы баланың отбасындағы міндетіне жатпайды ғой. Сіз онымен қызметінің ақысы туралы келісіңіз. Қандай да бір проблеманы шешу үшін баланың ауланы тазалау, шарбақты жөндеу секілді жоба ұсынғаны дұрыс. Жәйлап бала өз бастамасы бойынша ақша табуды үйренеді. Көптеген балалар өздері қолдан жасаған бұйымдарды сатады, кейбіреуі көршілерінің ит-мысықтарын серуенге шығарып, ақша табады. Осылайша, бала ата-анасынан ғана ақша тауып қоймай, өзінің айналасындағы адамдарға белгілі бір ақы үшін қызмет көрсетуді үйренеді.

Мұндай бастамашылық ол үшін ересек өмірде үлкен көмек болады, себебі, кәсіпкерлер де дәл осымен айналысады: олар қиындықтар мен қолайсыздықтарды тауып, оларды жою арқылы пайда табады.

Бәлкім, балаңыз проблеманы шешу үшін ақша табудың жолдарын іздестіремін деп, бір нәрседен үздіксіз пайда табу жолын тауып алуы да мүмкін.

Баланың табандылығын қырсықтық деп қабылдамаңыз

Кәсіпкерлік бұл адамның қоршаған ортасын өзгерту қажеттігін сезінуі және соны сараптап жүзеге асыру туралы жаңаша ойлауы. Адам ешнәрсені өзгертуге құлықсыз болуы да мүмкін. Мұндай адамдар әдетте біреу жасап берген ортада өмір сүре береді, және үнемі бір нәрсеге көңілі толмай жүруі мүмкін. Балаңыздың осындай көңілсіз адамдардың қатарын толықтырмауы үшін де, оның бойында кәсіпкерлік ойлау қабілетін осы бастан дамыту керек.
Бала қателік жіберудің соншалықты қорқынышты емес екендігін түсінуі керек. Кейде ата-аналардың өздері де баланың қолынан бір нәрсені түсіріп, сындырып алғанын көрсе оның ебедейсіздігін көзіне шұқып, келесіде жауапты іс тапсырмайтынын айтып ұрсып жатады. Осылайша баланың бойында бір нәрсені дұрыс жасамау, сәтсіздікке ұшырау туралы қорқыныш пайда болады.
Ең сорақысы, бұл сәтсіздік – ата-ананың оның қылығына қарнының ашуынан туындайды, себебі белгілі бір жаста бала үшін әке-шешесі ол тыңдайтын, бағынатын идеал болып саналады. Ересек болғанда да осы қорқыныш бойынан кете қоймаған ол әр істі бастар алдында тәуекелге бел буа алмай, өзіндегі сенімсіздікпен алысып болады. Алайда, есте сақтаңыз, қателіксіз оқудың да тиімділігі болмайды. Джейсон Мозер есімді америкалық психолог мидағы сәтсіздік үшін жауап беретін нейрон сигналдарын зерттейдң. Мозер қателік жасаудан үнемі бойыңызды аулақ салып, сәтсіздікке ұшыраудан қашып жүретін адамдарда оқу тиімділігі айтарлықтай төмендейтінін дәлелдеген. Егер баланың бойында сәтсіздік үшін қорқыныш болмаса, ол белсендірек болады. Ата-аналар көбіне-көп баласының дұрыс емес жауапта табандап тұрып алатынына ашуланады. Алайда, сәтсіздіктерге қарамастан өз ойларын іске асырамын деп алған бетінен қайтпауы табысты адамның мінез-құлқы. Кішкентай балаңыз мінез көрсетіп, жастықтарды қайта-қайта еденге лақтырып жатыр делік. Сіз оны қайтадан керуерт үстіне көтеріп қойдыңыз. Бала қайта лақтырады. Сіз ашуланып, оның қолынан жастықты жұлып алдыңыз. Міне, осылайша, бала кішкентай кезінен өзінің табандылығының еш нәтиже бермейтінін түсініп өседі. Мұны ерте жастан түсінген адам алғашқы қиындыққа тап болған бойда ат тізгінін тартып, оны қайтып қолына алмайды.
Сондықтан баланы бетінен қағып, оның «табандылығын» қырсықтық деп қабылдамаңыз, кейбір кездерде баладан жеңіле салу, кейде өз дегеніңізден қайтпау да тәрбиенің бір түрі. Ол кей кездері табандылықтың нәтижеге жеткізетінін, ал кей уақытта жағдайдың оның қайтпас қайсарлығынан да зор болатындығын түсінуі керек.

Бала шешім қабылдап үйренуі керек

Барлық бала табиғатынан әр нәрсеге әуесқой, қызылшыл болып келеді. Ересек адамдар әр нәрсені сұрап мазасын алған баланы тиып тастауы мүмкін. Алайда, әлемдегі болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтардың барлығы зерттеуге құмарлықтың арқасында пайда болуда.
Себебі, өзгеріс бұл белгісіздікке қарай қадам жасау. Әрине, қорқыныш болады, бірақ балалардың бойындағы қорқынышты әуесқойлығы жеңіп кетеді.

Шешім қабылдау алдындағы қорқыныштың қандай болатыны бәрімізге де аян. Көпшілігімізде қорқыныш кішкентай кезімізден тамыр тартады. Белгілі бір жастан бастап адам өзінің саналы таңдауын жасай бастайды. Балаңыз өзі шешім қабылдап, оның нәтижесі үшін толықтай жауапкершілікті өзі алуы керек. Оның бойын алғашқы кезде үрей билеуі заңдылық, сондықтан әрдайым оның жанынан табылыңыз. Біртінден бұл modus operandi-ге айналып кетеді. Көптеген ата-ана баласының жауапкершілік алмайтынын және өз-өзіне сенімсіз екенін айтып жатады. Бірақ, бұлай дердің алдында бір сәт ойланып көріңіз, сіз қандай ата-анасыз? Балаңыздың өзінің шешім қабылдауына мұрсат беріп жүрсіз бе, әлде үнемі барлық мәселені өзіңіз баса көктеп кірісесіз бе?

Барлық кәсіпкерлер соңына қалың топты ерте алатын көшбасшы бола алмайды. Бұл көп адамға туабітті берілетін қасиет емес. Сондықтан баланы кішкентай кезінен бастап балалар лагеріне жіберіп отыру керек. Мектепте староста немесе лагерьде жетекші болған балалар ұжыммен жұмыс жасауды меңгереді.

Соңғы уақытта балалар мен жасөспірімдерге арналған кәсіпкерлік күллі әлемде жиі талқыланатын тақырыпқа айналып келеді. Мемлекеттер оқу бағдарламасына бизнес негіздерін үйретуді мектеп пәні ретінде енгізуде.

Әрине әр бала әртүрлі, сондықтан оларға ықпал ету жолдары да әртүрлі болмақ. Жоғарыда айтылғандардың барлығы дерлік балаңызды ынталандыру жүйесін құру үшін беріліп отырған бағыттар ғана.


Бөлісу: