Балалықтың елінде бақыт орнасын

1 Маусым, 18:21 780

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романының басын: «Сен қайдан келдің? — дегенде, бір данышпан: — Мен балалықтың елінен келдім, — деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін», - деп бастайды. Иә, барлығымыз сол елден келеміз.  Бүгін сол балалықтың елінің тұрғындары – балалардың мейрамы,  Халықаралық балаларды қорғау күні. Сонымен қатар биыл Қазақстан Республикасында Бала құқықтары туралы Конвенцияның қабылданғанына да 30 жыл толып отыр.  Осы уақыт ішінде еліміз балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруда көптеген жұмыстар атқарды. Балалар құқығын қорғауда көптеген құжатқа қол қойып, жаңа заң жобаларын қабылдады.

Бұл күн қалай пайда болды?

Кішкене тарихи шолу жасасақ бұл күннің артында ХХ ғасырдағы  дүниежүзілік соғыстардан кейін үй-күйсіз, далада қаңғып, жетімдіктің ауыр азабын тартқан балалардың құқығы тұр. Сол себепті бүкіл адамзаттың алдында  балалардың құқығының тапталмауы, алаңсыз балалық шағын қайтаруы туралы мәселелерді шешу мәселесі тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1925 жылы Женевада арнайы Дүниежүзілік конференция өткен еді. Онда қаралған басты мәселе – соғыстан жапа шеккен балалардың тағдырына жауапкершілік алып, олардың әл-ауқатын көтеру мәселесі болды. Осы шақырылымнан кейін бірнеше жылдан соң өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтетін халықаралық балаларды қорғау күні бастау алды. Халықаралық балаларды қорғау күні күнтізбеде 1 маусым болып бекітілген. Бұл күнді таңдауға Сан-Францискода Қытайдың бас консулының жетім балаларға арнап айдаһар-кемелер мерекесін өткізуі де себеп болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де бұл мәселе дүркін-дүркін көтерілді. Күллі әлемге соғыстан кейінгі балалық мәселесін шешуге тура келді. 1940 жылдың соңы адам құқығын қорғау кезеңі ретінде тарихта қалды. Сол жылдары адамзат қауымы балалар құқығын қорғау ісін де қолға алып, бірқатар тиісті халықаралық құжатты әзірледі.  1946 жылы БҰҰ жанында балаларға көмек көрсетуге арналған арнайы ұйым – ЮНИСЕФ құрылды. Ұйым түрлі елдердің үкіметі мен жеке тұлғалардан қайырымдылық қаражатын жинады. Аталған қаржының барлығы балалар мәселесін шешуді көздейтін әлем бойынша арнайы қызмет жұмысын құру және оны жүзеге асыру ісіне жұмсалды. Ұйымның негізгі басты мақсаты балалардың өмірін жақсартуға оңтайлы жағдай жасау әрі оларға өмірдің түрлі қиын жағдайларында көмектесу, өмірі мен денсаулығын күту – вакцина салу және алғашқы көмек көрсету, дамуы артта қалған елдердің балаларына оқу ұйымдастыру, оларға оқу материалдарын ұсыну болды. Ал 1949 жылдың күзінде Халықаралық әйелдер демократиялық қауымдастығының конференциясы өтті. Онда балалардың бақытты болуының басты себебі тек әлемнің тұрақтылығында деген ой айтылды. Осылайша аталған конференцияда Балаларды қорғау күні ресми түрде бекітілді. Бұл шешімді сол жылдары енді құрылған  Біріккен Ұлттар Ұйымы да қолдады. Бұған қоса БҰҰ балалар құқығын қорғау мекеменің басты бағыттарының бірі болатынын мәлімдеді. 1950 жылдары ондаған елде Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіле бастады. Кейін 1959 жылы декларация қабылданып, онда балалардың өмір сүруі, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, мемлекет тарапынан олардың болашағының жарқын болуына атсалысу сынды қаулылар құжат жүзінде бекітілді. 20 жыл өткен соң яғни, 1979 жыл - Халықаралық балалар жылы деп жарияланды. 1989 жылы балалар құқығы туралы конвенция қабылданды. Бұл құжаттың мәртебесі бұрынғы құжаттарға қарағанда салмақтырақ болды. Ол декларациямен салыстырғанда, халықаралық құжат ретінде қарастырылды әрі ол өскелең ұрпақтың мүддесін қорғап, олардың құқықтарының қорғалуының кепілі ретінде бекітілді. Бұл кепілдіктің барлығын әлемнің көптеген елі мен БҰҰ-на мүше елдер қабылдады. Әлем халықаралық балалар күнімен қатар 20 қараша күні Халықаралық нәрестелер күнін, 16 маусым күні Африкада балаларды қорғау күнін де атап өтетінін де біле жүргеніміз абзал.

Қазақстандағы балалар құқығы қалай қорғалуда?

Осыдан 30 жыл бұрын, 1994 жылы 16 ақпанда, Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға (БҚК) қол қойды. Олардың басты талаптары елдегі балалар құқығын қорғау жүйесінің негізіне айналды. Аталмыш конвенция балалардың құқықтарын жан-жақты айқындайтын халықаралық деңгейдегі бірден-бір құжатқа айналды. Бүгінгі таңда БҚК бүкіл дүние жүзіндегі балалардың өмірін өзгертуде шешуші рөл атқаратын әлем тарихында ең көп ел қабылдаған құжат болып отыр. Конвенцияның негізгі қағидалары барлық балалардың өмір сүруге, дамуға, қорғауға және кемсітушіліктен бостандыққа тең құқықтарын қамтиды. Ақпан айында қол қойылған құжат көп ұзамай, 1994 жылдың 8 маусымында БҚК Қазақстанда Жоғарғы Кеңес Қаулысымен ратификацияланды. Осылайша Қазақстан өз еркімен әрбір баланың тең құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жаһандық міндеттемелерді мойнына алды. Конвенция Қазақстанда балаларға мейірімді қоғам құрудың жұмыс құралына және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Қазақстан Республикасының үкіметі арасындағы ынтымақтастық негізіне айналды. Осының арқасында соңғы үш онжылдықта Қазақстан бес жасқа дейінгі балалар арасындағы өлім-жітімді бес есе, ал жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітімді үш жарым есе төмендетуге қол жеткізді.

Республикада балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын мынадай заңдар қабылданды: ҚР Конституциясына сәйкес (27 бап) отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады. "ҚР балалар құқығы туралы" Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР "Неке және отбасы туралы" кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар құқығын қорғау комитеті құрылған. Ол аталған сала бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.

Президент жарлығымен 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды, ал 2022 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Қазақстанның әрбір өңірінде тағайындалды. Соның арқасында баланың құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда көмекке жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз етілді.

2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. 2022 жылдың желтоқсан айында Үкімет Парламентке ұсыну үшін жаңа әлеуметтік кодексті де аяқтады. Бұл Кодекс отбасын әлеуметтік қорғауды жақсарту, әлеуметтік қызметтерді қайта құру және әлеуметтік жұмыс функцияларын күшейту шараларын ұсынады. Осы 2022 жылы Қазақстан отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын 2030 жылға дейін жаңартып, оған гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасының тұрақтылығы мен оң тәрбиені қолдау жөніндегі неғұрлым қатаң міндеттемелерді енгізді. Сондай-ақ, елде балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау үшін жаңа заңдар қабылданды.

2022 жылы мектепке дейінгі білім беру ресурстарының жалпы көлемі 32%-ға өсті. Сонымен қатар, Үкімет 2025 жылға қарай 401 жаңа мектеп салатынын жариялады.

2022 жылы Қазақстан отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын 2030 жылға дейін жаңартып, оған гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасының тұрақтылығы мен оң тәрбиені қолдау жөніндегі неғұрлым қатаң міндеттемелерді енгізді. Сондай-ақ, елде балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау үшін жаңа заңдар қабылданды. 2020 жылдан бастап медициналық мекемеде туылған әрбір бала анасының құқықтық мәртебесіне қарамастан туу туралы куәлікті ала алады. Бұл өзгеріс 1500 балаға туу туралы куәлік алуға және көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2022 жылы ата-анасының қамқорлығынан айырылған 14 752 Қазақстандық бала интернат үлгісіндегі мекемелерде тұрды.

Былтыр Қазақстан БҚК-ның соңғы, үшінші факультативтік хаттамасын ратификациялады, аталмыш хаттама БҚК-да бекітілген құқықтар бұзылған жағдайда балалардың немесе олардың ата-аналарының жеке шағымдарын қарау механизмін белгілейді. Бұл оқиға мемлекет балалардың құқықтарын қамтамасыз ету және оларды құқықтық қорғау механизмдерін кеңейту бағытында бет алғанын растайды.

ЮНИСЕФ қолдауымен Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) жүргізген көпөлшемді балалар кедейшілігінің жуырдағы талдауы балалардың 28,5%, оның ішінде ауылдық жерде тұратын әрбір үшінші бала және қалалық жерде тұратын әрбір төртінші бала көптеген тауқыметке душар болатынын көрсетті. 2023 жылы Қазақстанда балаларға берілетін жәрдемақыны алу жасын он екі айдан он сегіз айға дейін ұлғайтатын және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын айтарлықтай жақсартатын Әлеуметтік кодекс қабылданды. Үкімет 2025 жылға қарай атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу критерийлерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен орташа табыс деңгейіне дейін өзгертуге міндеттенді. Осы шараның арқасында АӘК алуға құқылы балалар саны арта бастады.

Сондай-ақ Қазақстан «жастар» ұғымының заңды анықтамасын кеңейтіп, оған он төрт пен отыз бес жасты қамтитын жас аралығын қосты, соның арқасында қосымша 5,7 млн. адам мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қол жеткізуге мүмкіндік алды. Бір жыл ішінде 9000-ға жуық жас, оның ішінде осал топтардағы жастар, жеңілдетілген несие немесе бизнес-гранттар алды. Қазақстан мемлекеттік қызметтерді көрсетуді және азаматтармен өзара әрекеттесуді жақсарта отырып, электронды үкімет жүйелерін жетілдіріп жатыр.  2023 жылдың тамызынан бастап барлық жаңа туған нәрестелер туу туралы медициналық куәліктерді тіркеу жүйесіне сәйкес келетін жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алады. Сондай-ақ жүйеде туу туралы куәлік беру үшін аналардан алынатын қосымша ақпарат белсенді жиналатын болады. 2023 жылы Қазақстан 19,7 млн. адамды қамтитын «Отбасының цифрлық картасы» ақпаратты басқару жүйесін енгізді. Аталмыш жүйе отбасына мониторинг жүргізуді күшейтуге, әлеуметтік қорғауға қолжетімділікті жеңілдетуге және азаматтарды өз құқықтары туралы белсенді ақпараттандыруға бағытталған.

Өткен жылы Қазақстан сондай-ақ балаларға келтірілген залал орнын ұлттық сот төрелігі жүйесінен тыс толтыруға қол жеткізуге мүмкіндік беретін Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялады. Қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік күшейіп келеді. Президенттің 2023 жылғы қыркүйектегі Халыққа Жолдауы және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстандыру туралы қоғамдық пікірталас сол мәдени өзгерістердің айғағы. 2023 жылы елдегі заңнамаға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарлау және қылмыстық істерді қозғау процесін жеңілдететін өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде 2023 жылдың қазан айында полиция тіркеген тұрмыстық қылмыстардың саны 50 462-ге жетті, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 67,5%-ға көп. Алайда ыдыратылған әкімшілік деректердің, мамандандырылған қорғау қызметтерінің және істерді көп салалы қарау процедураларының жоқтығына байланысты құрбан балалар көзге көрінбейтін күйде қала береді.

Сәбилер мен балалар өлімінің көрсеткіштері 2012-2021 жылдар аралығында үздіксіз және айтарлықтай төмендегеннен кейін, COVID-19 салдарынан 2020-2021 жылдар аралығында, әсіресе, қалалық жерлерде қайта өсті. 2021 жылдың соңына қарай нәресте өлімінің көрсеткіштері 1000 тірі туылғанға шаққанда 7,8-ден 8,4-ке дейін өсті, ал балалар өлімінің көрсеткіштері 9,4-тен 10-ға дейін төмендеді. 2023 жылы нәрестелер мен балалар өлім-жітім деңгейі пандемияға дейінгі деңгейге (1000 адамға шаққанда 7,68 және 9,88) қайта оралды. Жаппай иммундауға қарамастан, Қазақстанда қызылшаның айтарлықтай өршуі байқалды, жыл соңына дейін шамамен 30 000 жағдай тіркелді. Аурудың өршуі COVID-19, вакцина туралы жалған ақпарат беру және вакцинаға күмәнмен қарау салдарынан жоспарлы иммундауда болған іркілістермен байланысты болды. Үкімет ақпараттандыру шараларын қамтитын Қазақстан Республикасының халқын иммундаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі 2023- 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Аталмыш жоспарға балалардың құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесін реттеу, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын күшейту, медициналық мекемелерден тыс жерде туылған балаларды тіркеу туралы заңнаманы қайта қарау, балалар еңбегі мәселесін талдау, гендерлік теңдікке септесу және инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау кіреді.

Өткен жылы Қазақстанда Әлеуметтік кодекс қабылданып, мемлекеттік жәрдемақылар мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін бала бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылды. Осы жылдың қарашасында Президент «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасын жасауды мақұлдап,  бұл жоба биыл қолға алынып бастады.

Ел болам десең – бесігіңді түзе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде атап өткендей, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек», – деді Президент. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арнап 369 мектеп ашу жоспарда бар. 1 қыркүйекке дейін 98 мектеп, 2024 жылдың соңына дейін – 110, қалғандарын 2025 жылдың соңына дейін ашу көзделген.

Сонымен бірге мемлекет талантты балаларға нақты материалдық көмек көрсетеді. Мәселен, халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 500-ден 1,5 мың АЕК-ке дейін біржолғы сыйақы қарастырылған. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Осылайша, білім беру саласында жүргізіліп жатқан саясат сапалы білім алуға және жан-жақты дамуға бағытталып отыр.

Сонымен қатар республикада мектепке дейінгі ұйымдардың бірнеше түрі жұмыс істейді. Олардың саны қазірдің өзінде 11,5 мыңға жетті, оларда 1 миллионға жуық бала тәрбиеленуде. 2025 жылға дейін бүкіл Қазақстан бойынша балабақшалар салу және қайта жаңғырту есебінен 300 мың жаңа орын ашу жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін 77,3 мың жаңа орын іске қосылады.

Бүгінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 91,5%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, кезекте тұрғандар саны – 107 мың. Мектеп жасына дейінгі балаларды есепке алу, кезекті орталықтандыру және мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру үшін Бірыңғай деректер базасы кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл отбасының өмірлік жағдайын ескере отырып, мектепке дейінгі ұйымға ашық кезекке тұруды қамтамасыз етеді. Балабақшалардың 97 мың тәрбиеленушісіне және халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан 5-11 сыныптардың 200 мың оқушысына тегін тамақ беріледі. 7,5 мың мектептегі барлық бастауыш сынып оқушысы күніне бір рет ыстық тамақ ішеді. Мектеп асханаларына қоғамдық бақылау ұйымдастырылды. Ведомствоаралық сараптамалық комиссиялар құрылған. 263 мектептің асханасы жаңартылды.

Биылғы көктемде су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың оқушылары үшін бірқатар жеңілдіктер жасалды. Атап айтқанда, емтихан мерзімдері кейінге шегеріліп, түлектерге алдыңғы ҰБТ-ның ең жақсы нәтижесімен жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік берілді. Су тасқынынан зардап шеккен және қашықтан оқытуға көшкен 2,6 мың мектептің 832 мың оқушысына білімдегі олқылықтардың орнын толтыру үшін «Жазғы мектеп» ұйымдастырылды.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда физикалық тұрғыда сау, әлеуметтік белсенді, үйлесімді дамыған тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін қолжетімді даму ортасы құрылды.

Сонымен қатар бүгінде мектептердің 86%-ында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған. Жыл сайын арнайы оқу ұйымдарының желісі кеңейіп келеді. Осындай 500-ге жуық нысан ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қызмет түрін көрсетеді. Еліміздің 4 өңірінде мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту ұлғайтылды, бұл 2 мың баланы қамтыды. Мектептерде 1051 инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті жұмыс істейді. 2,5 мыңнан астам педагог-ассистенттер оқушыларға оқу бағдарламасына және мектепке бейімделіп, әлеуметтенуіне көмектеседі.

Тағы 3 млн бала қосымша біліммен қамтылды. 2023 жылы балалардың өзін-өзі дамытуы үшін 2 балаларға білім беру орталығы (ББО) және 9 оқушылар сарайы пайдалануға берілді, ауылдық мектептерде 16 комьюнити-орталық ашылды. Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді, оның шеңберінде 50 ББО мен 100 жаңа ірі қосымша білім беру нысандарын құру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы колледж білім алушыларының 85%-ы тегін білім берумен қамтамасыз етілген. Қажетті техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс кезең кезеңімен ұлғайтылды. 2023 жылдан бастап жұмысқа орналастыру міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлау жүргізілуде. Бұл жыл сайын 10 мың адамды қамтуы тиіс. Бұл ретте 518 кәсіпорын 410 колледжге қамқорлық жасайды. Қосарлы білім беру 558 ТжКБ-ға енгізіліп, 85 мыңнан астам студентті қамтыды.

Мұқтаж отбасыларды қолдау шеңберінде жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға материалдық көмек алады. Орта есеппен әр оқушыға шамамен 45 мың теңге бөлінеді. Қаржылық көмекті жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ төтенше жағдайға тап болған мектеп оқушылары алады.

«Ұлттық қор – бала­ларға»

2024 жылдың басты бастамаларының бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Мемлекет басшысының бастамасын орындау мақсатында енді инвестициялық табыстың жартысы 18 жасқа дейінгі барлық қазақстандықтарға жыл сайын бөлінетін болады. Кәмелетке толған кезде, ақшаны білім алуға немесе үй сатып алуға жұмсауға болады. Ақпан айында «Ұлттық қор – бала­ларға» бағдарламасы аясында 2024 жылы 18 жасқа толған азаматтар үшін БЖЗҚ-дағы Нысаналы жинақ шотына (НЖШ) алғашқы төлемдер түсе бастады. Олар АҚШ дол­ларында сақ­талады. Ны­саналы жинақтарды алушылар кәме­летке тол­ған­нан кейін оларды көр­сетілген мақ­саттарға пайдалана алады. Жоба туралы мағлұматты іздеу барысында enpf.kz сай­тына бас сұқ­тық. Ақпаратқа сенсек, биылғы 1 мамыр­дағы жағдай бо­йынша «Ұлттық қор – ба­лаларға» бағ­дар­ламасы шеңберінде «БЖЗҚ» АҚ жалпы сомасы 585 641,64 АҚШ дол­ларына 5 845 өті­нішті орындаған (өтініш беру­шілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға ауда­рылды). Оның ішін­де тұрғын үй жағд­айларын жақсарту мақ­сатында 263 664,90 АҚШ долларына 2 634 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 321 976,74 АҚШ дол­лары көлеміне 3 211 өтініш орындалды. Ны­са­налы жи­нақтарды алушы өзіне тие­сілі барлық со­ма­­ны да, оның бір бөлігін де пайдалануға құқылы. Бұл ретте пай­да­ла­нылмаған сома­ның қалдығы нысаналы жинақтау шо­тында (НЖШ) қалады.Тұр­ғын үйге арнал­ған нысаналы жинақ­тарды пайдалану жө­ніндегі уәкілетті оператор – «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ болса, нысаналы жинақтарды білім алу ақысын төлеу үшін «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақ­стан Халық банкі» АҚ екі уәкілетті опера­торы арқылы пайдалануға болады.

Қаражатты тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану туралы шешім қабылдаған адамдар арасында Шымкент қаласының тұрғындары (52 870,40 АҚШ долларына 526 өтініш орындалды) асқан белсенділік танытты, екінші орын­да – Қызылорда облысының тұрғындары (35 582,52 АҚШ долларына 354 өтініш орындалды), үшінші орында –  Астана қаласының тұрғындары (20 399,30 АҚШ долларына 204 өтініш орындалды).

Өз қаражатын білім алу ақысын төлеу үшін пайдаланған ең белсенді отандас­тарымыз – тағы да  Шымкент қаласы­ның тұрғындары. Бұл шаһарда (58 613,30 АҚШ долларына 584 өтініш орындалды), екінші орында – Жамбыл облы­сы­ның тұрғындары (32 312,44 АҚШ долларына 322 өтініш орындалды), үшінші орын­да – Жетісу облысының тұрғындары (28 772,44 АҚШ долларына 287 өтініш орын­далды).

Осы бағыт бойынша ең танымал қо­салқы мақсаттардың ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қыз­меттеріне үлестермен (әрбір акаде­миялық кезең немесе оқу жылы үшін) не­месе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуді ерекше атап өтуге болады. Бұл ретте 269 052,22 АҚШ дол­ларына 2 684 өтініш орындалды. Таны­малдығы бойынша екінші орында – білім беру жинақтау салымы туралы шарт бо­йынша білім беру жинақтау салымын то­лықтыру (38 762,64 АҚШ долларына 386 өтініш орындалды), үшінші орында – шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір ака­де­миялық кезең немесе оқу жылы үшін) не­месе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (9 539,52 АҚШ долларына 95 өтініш орындалды).

Бағдарламаға қатысушылардың жал­пы саны 01.01.2024ж. – 6 919 131 бала. Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олардың бар­лығы­на 100 АҚШ доллары 52 цент мөл­шерінде бірдей нысаналы талап сомасы есептелген.

«ДосболLike» ұлттық антибуллингтік бағдарламасы әзірленді

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспановадан комитеттің жұмысы жөнінде пікірін сұраған едік. Комитет төрағасы балалардың құқықтарын қорғаудың маңызды аспектілеріне тоқталды. «Бүгінгі күні балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру үшін Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, іске асырылуда. Сондай-ақ, «ДосболLike» ұлттық антибуллингтік бағдарламасы әзірленді, 14 өңірде балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтары ашылды, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды анықтау және оларға көмек көрсету бойынша әдістеме қабылданды. Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» мемлекеттік бірыңғай сенім телефоны құрылды. Бұдан бөлек, балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтілді.

Сонымен қатар ол өңірлік балалар омбудсмендері институтының мәртебесінің бекітілгені туралы айтып берді. «Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер институтын енгізу - балалардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайтудағы маңызды қадам. Бұл балалардың құқықтарының бұзылуына жедел әрі сапалы ден қоюға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Насымжан Оспанова. Ол сондай-ақ 2023-2024 оқу жылында алғаш рет 1,6 млн-нан астам бала үшін мектептерде тегін тамақтандыру ұйымдастырылғанын айтып өтті.         «Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1,6 миллионнан астам қазақстандық оқушы, оның ішінде 1,4 миллион 1-4 сынып, әлеуметтік осал топтағы отбасылардан 200 мыңнан астам 5-11 сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. 2023-2024 оқу жылынан бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде әр балаға шабыт беріп, шығармашыл идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бастамалар мен жобалар қолға алынды. Елімізде 10 743 балалардың демалысын ұйымдастыру орындарында 2,9 млн бала жазғы демалысын өткізеді», - дейді комитет төрағасы.

Түйін: Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалар саны - 6 841 527. Оның ішінде 3,5 млн – ұл, 3,3 млн – қыз бала. Балалардың 59,7% қалалық жерде тұрады. Халықтың жалпы санында 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі 34,1% құрайды. Ресми болжамға қарасақ 2027 жылға қарай елдегі балалар саны 8 млнға ұлғаяды. Демек демографиямыз дамып келеді десек болады. Мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі — балаларды қорғау мен қолдау және солай болып қала бермек.

Наурызбек Сарша
Бөлісу: