Балаларын ұлттық спортқа баулып отырған Әділбаевтар әулеті

8 Қыркүйек, 10:00 564

Отбасы – әр адамның өмірінде маңызды орын алатын әлеуметтік институт. Қазақстанда отбасы құндылықтарын дәріптеп, оларды қоғамда сақтау және нығайту мақсатында жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Биыл атаулы күн 8 қыркүйекке тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мереке еліміздегі ең жас, бірақ маңызы зор күндердің бірі ретінде саналады. Оның негізі 2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған, себебі қоғамдағы моральдық-этикалық құндылықтарды жаңғырту, отбасы мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту қажеттілігі ерекше маңызды болды.

Жыл сайын елімізде Отбасы күні аясында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтеді. Биыл да бұл дәстүр өз жалғасын тапты. Нәтижесінде Астана қаласы бойынша Әділбаевтар әулеті үздік отбасы атанды. Мереке қарсаңында  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Әділбаевтар әулетімен тілдесіп, отбасы құндылықтары жайлы сұрады.

Отағасы Жасұлан Әділбаев – дене шынықтыру пәні мұғалімі, педагог-сарапшы, асық ату спортынан жаттықтырушы. Отанасы Жазира Сәтімбекова мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту маманы. Бүгінде Жасұлан мен Жазира 5 ұл мен 2 қыздың ата-анасы.

Әділбаевтар отбасы барлық баласын ұлттық ойындарға үйір етіп өсірген. Соның нәтижесінде бұл әулет көпке үлгі болып отыр.

Басты мақсатым – балаларды қазақы дәстүрге баулу. Отбасылық ұстанымым – ұлттық тәрбие мен ұлттық дәстүрді насихаттау. Биыл отау құрғанымызға 19 жыл болды. Отбасындағы татулық пен береке шаңырақтың берік болуына негіз болады. Сондықтан жарынды құрметтеп, балаларында тәрбиелеп, жетілдіру үлкен жауапкершілік, - дейді Жасұлан Әділбаев.

Жасұлан Әділбаевты «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға әріптестері ұсыныс білдірген екен. Көп ойланбастан байқауға қатысуға шешім қабылдапты. 

Әділбаевтар отбасы 2019 жылы Түркістан облысы Жаңаталап ауылынан Астанаға көшіп келген. Бүгінде Жасұлан Шыңғысұлы – №42 мектепте жұмыс істейді. Ал Жазира Бауыржанқызы бала күтіміне байланысты еңбек демалысында.  

Педагогика саласында қызмет етіп жүргеніме 20 жылға жуықтады. Шәкірттерімді түрлі спорт саласында тәрбиелеп волейбол, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ойындардан жарыстарға дайындаймын. Халықаралық деңгейде жоғары дәреже көрсеткен шәкірттерімнің қатары да аз емес. Оның барлығы балалардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен құрметі деп білемін. Өзімнің балаларым да спортқа өте жақын. Үлкен ұлым Ерұлан Шыңғыс 6 жылдан бері қазақ күресімен айналысады. Қазіргі таңда спорт шеберлігінен үміткер. Одан кейін Нұрмағамбет Шыңғыс деген ұлым асық атудан спорт шеберлігінен үміткер. Қыздарым тоғызқұмалақпен айналысады. Сауран балам фортепиано мен домбыраға қатысады. Асыл Өнер академиясында актерлік шеберлік үйірмесінде өзін шындап жүр. Ал Арман балам футболмен айналысады, - дейді кейіпкеріміз.

Жасұлан Әділбаев болашақ ұрпақты спортқа, оның ішінде ұлттық спортқа баулу маңызды екенін жеткізді.  

Мен үшін отбасы мен жұмыс бірге жүреді. Оқушыларым мен үшін балаларымдай және балаларым да оқышуларым. Оларды әрдайым ұлтжандылыққа тәрбиелеймін. Балаларыма «мен жетпеген асуға сендер жетіндер» деп айтамын. Басты құндылығым осы. Жете алмаған талай шыңым бар, солардан сүріндім. Маған сабақ болды. Шәкірттерім мен балаларым сол сынды көтеріп, мен сүрінген сыннан сүрінбей өтсе деп тәрбиелеймін, - дейді Әділбаев.

Кейіпкеріміз Жасұлан Шыңғысұлы асық ату жөнінде Бес кеней ойындары атты әдістемелік құрал жазған. Мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына және дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған еңбекте асықпен ойналатын ойын түрлері мен ережелері қамтылған.

Отбасылық құндылықты жоғары ұстайтын Әділбаевтар отбасы күнделікті кешкі астан соң бастарын қосып тоғызқұмалақ ойнауды әдетке айналдырған.  

Былтыр Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары аясында этно ауыл көрмесі ұйымдастырылған еді. Сол көрмеде Жасұлан Әділбаев шәкірттерімен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға асық ойынын көрсетті. 

Мені ол шараға спорт мектебі төреші ретінде шақырды. Шәкірттеріммен бірге дайындалып, арнайы шеберлік сыныбын өткіздік. Ұлым Нұрмағамбет те атсалысты. Президенттерге асық ату түрін көрсетіп, таныстырдық. Кейін өздері де ойнады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің бала кезінде асық ойнағанын да айтып берді. Макрон мырза да асық ойынына үлкен қызығушылық танытты. Осындай тұлғалардың алдында ұлттық ойынымызды шәкірттеріммен бірге көрсетіп, таныстыру мен үшін үлкен құрмет пен мәртебе болды, - дейді Жасұлан Шыңғысұлы. 

Қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай балаларының сана-сезіміне ұлттық мінез бен бітім болмысты сіндіре алған отбасыдан ғана елім деген ұрпақ шығатыны сөзсіз. Сондықтан Әділбаевтар отбасы көпке үлгі етуге тұрарлық. 

Қазақ халқының дәстүрінде отбасы ұғымы әрқашан маңызды болған. Халықтың негізгі тірегі де, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мұрасы да отбасы арқылы беріліп отырған. Отбасы – тұлғаның қалыптасуындағы ең маңызды орын. Әке-шешенің тәрбиесі арқылы бала өз халқының салт-дәстүрлерін, тілін, дінін, мәдениетін сіңіреді.

Отбасы күнінің тойлануы қоғамдағы жалпы моральдық-этикалық құндылықтарды қайта жаңғыртудың бір көрінісі болып табылады. Жаңа заманның талаптарына сай қоғамда отбасы бірлігі мен рухани құндылықтарын сақтау – басты міндеттердің бірі.

Қазақстандағы Отбасы күні – бұл тек мереке емес, ұлттың болашағы мен әлеуметтік тұрақтылығының кепілі ретінде отбасы институтын қолдау күні. Отбасы күні қоғамдағы моральдық құндылықтарды нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, ұлттық рухани байлықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды шара ретінде еліміздің әрбір азаматы үшін ерекше мағынаға ие.

Миражан Махан
Бөлісу: