12.11.2025
11:40
649
Балаларға смартфон ұстауға тыйым салына ма? Асхат Аймағамбетов Мәжілісте маңызды мәселе көтерді

Балаларға смартфон ұстауға тыйым салына ма? Асхат Аймағамбетов Мәжілісте маңызды мәселе көтерді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың әлеуметтік желілерге тіркелу жасы мен мектептерде смартфон қолдануға қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ол өз сауалын ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунға сұрақ қойды.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда балалар TikTok немесе Instagram секілді әлеуметтік желілерге ата-анасының келісімінсіз және ешқандай жас верификациясынсыз тіркеле алады.

Бала 5-6 жастан бастап кез келген контентке толық қол жеткізе алады. Ал көптеген елдерде бұл заңмен шектелген. Мысалы, Дания мен Австралияда тіркелу жасы 15-16, ал АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда тек ата-анасының расталған келісімімен ғана тіркелуге болады, – деді депутат.

Осыған байланысты ол Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрліктерінің бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымы бар-жоғын сұрады.

Вице-министр Дмитрий Мун бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық кодекс аясында бірыңғай талаптар мен стандарттар енгізу қарастырылған.

Қазір әлемде түрлі форматтағы шектеулер енгізілуде, бұл – балаларды белгілі бір контенттен қорғауға бағытталған шаралар. Бірақ сонымен қатар олардың цифрлық дамудан шет қалмауын да қамтамасыз ету қажет, – деді ол.

Депутаттың екінші сұрағы мектептерде смартфон қолдануға қатысты болды. Ол Англия, Нидерланд және әлем елдерінің шамамен 40%-ында мектептерде смартфон қолдануға ресми тыйым салынғанын атап өтті.

Қазақстандағы кейбір жетекші мектептер – NIS, БИЛ, «Дарын» желісі сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды, нәтижесінде оқушылар белсендірек болып, бір-бірімен жиі сөйлеседі, сабақта алаңдау азайды. Бірақ көптеген мектептерде жағдай басқаша, мұғалімдер қақтығыстан қорқады, ал балалар сабақ пен үзіліс кезінде TikTok-та сағаттап отырады, – деді Аймағамбетов.

Бұл мәселеге қатысты Дмитрий Мун министрліктің ұстанымын былай түсіндірді.

Қазіргі таңда цифрлық кодексте мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу қарастырылмаған. Біздің позиция — балаларды жаңа технологияларды дұрыс әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету. Біз оларды цифрлық сауатты, заманауи қоғамға бейім ұрпақ ретінде тәрбиелеуіміз қажет, – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады және алдағы уақытта цифрлық кодекс аясында нақты тетіктер қарастырылуы мүмкін.