Балаларға берілетін жәрдемақы: кімге, қалай төленеді?

7 Қараша, 17:38 2725

Қазақстанда балаларға арналған жәрдемақы мен төлемдердің бірнеше түрі қарастырылған. Мәселен, декреттік демалыс, жүктілікке және босануға, бала күтіміне байланысты демалыс және тағысын тағы. 2024 жылы жәрдемақының көлемі біршама ұлғайды.  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі жас ата-аналарға мемлекет тарапынан қандай қаржылық көмек көрсетілетіні туралы мәлімет ұсынды.

2024 жылы балаларға арналған жәрдемақының көлемі қандай болды?

Еліміздегі балаларға арналған жәрдемақы мен төлемдер айлық есептік көрсеткіштерге байланысты төленеді. Оның көлемі қаржы туралы заңда тайға таңба басқандай көрсетілген.

2024 жылы АЕК мөлшері 7%-ға өсіп, 3 692 теңгені құрады. Бұл - жәрдемақаның мөлшері ұлғайды деген сөз.

Төлемдер бір реттік және ай сайынғы, белгіленген және арнайы формулалар арқылы есептелген болып жіктеледі.

Жүктілік, босану, жаңа туған сәбиді асырап алу мен бала күтіміне қатысты төлемдерден 10% көлемінде міндетті зейнетақы жарнасы ұсталынады. Олар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталады.

Балаға қандай жәрдемақы алуға болады?

Қазақстанда балаларға арналған жәрдемақылар мен төлемдердің бірнеше түрі беріледі. Мәселен,

  • Жүктілік және босану, жаңа туған баланы асырып алса;
  • Баланың туылуына;
  • Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне;
  • Көпбалалы отбасыларға;
  • Марапатталған аналарға;
  • Мүгедектігі бар балаларға.

Кей жәрдемақылар әйелдің босануға дейін жұмыс істеп, істемегеніне байланыссыз төленеді. Енді бірі жұмыс істейтін әйелдерге ғана беріледі.

Қаржылай көмектің түрлеріне толығырақ тоқталып өтейік.

Жүктілік және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс

Бұл төлемдер Әлеуметтік сақтандыру қорына аударым жасаған, жұмыс істейтін әйелдерге ғана тиесілі. Бір рет төленеді.

Төлем мөлшері былайша есептеуге болады. Соңғы жылдағы орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейтіп, міндетті зейнетақы жарналарын 10% мөлшерінде алып тастау қажет.

Айта кету керек, жүктілік пен босану демалысы 126 күнге рәсімделеді. Босану қиын болса немесе екі және одан да көп бала туылса 140 күнге беріледі. Еңбекке жарамсыздық коэффициентін есептеу үшін демалыс күндерінің санын 30-ға бөлу керек. Осылайша, босану қалыпты жағдайда болса коэффициент -  4,2, ал қиын болса 4,7 болады.

Мәселен, соңғы жылдағы орташа айлық табысыңыз 200 000 теңге болды делік. Бұл соманы 4,2 коэффициентіне көбейтеміз. Сонда 840 000 теңге шығады. Міндетті зейнетақы жарналарының 10%-ын алып тастағанда, 756 000 теңге аласыз.

Қазақстанда бала туғанға берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Қазақстанда бала туғанға берілетін жәрдемақыны барлық әйел алады. Олар жұмыс істегеніне немесе істемегеніне қарамастан беріледі. Төлемдер бір реттік және туған, асырап алынған, сондай-ақ қамқорлыққа алынған балаларға беріледі. Екі немесе одан көп бала туылса, әр балаға бөлек төленеді.

2024 жылы бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері:

бірінші, екінші және үшінші балаға ― 140 296 теңге (38 АЕК),

төртінші және одан көп балаларға ― 232 596 теңге (63 АЕК).

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы (1,5 жасқа дейін)

Бұл әлеуметтік көмек түрі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылмайтын, жұмыс істемейтін ата-аналарға арналып беріледі. Жәрдемақы туған, асырап алынған, қамқорлыққа алынған және өгей балаларға ай сайын төленеді. Бастысы басқа отбасында тәрбиеленбесе болды.

1,5 жасқа дейінгі әр балаға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады. 2024 жылы бұл жәрдемақының мөлшері АЕК-ке байланысты белгіленген еді.

Мәселен:

  • бірінші балаға – 21 266 теңге (5,76 АЕК);
  • екінші балаға – 25 143 теңге (6,81 АЕК);
  • үшінші балаға – 28 982 теңге (7,85 АЕК);
  • төртінші және одан көп балаға – 32 859 теңге (8,9 АЕК).

Бұл жәрдемақы түрі жұмыс істемейтін ата-аналарға тағайындалады.

1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер қандай?

Бала күтімі бойынша жәрдемақы мен төлемдер көмек көрсетудің түрлері болып саналады. Жәрдемақы жұмыс істемейтін ата-анаға тағайындалады. Сондай-ақ оның мөлшері АЕК-ке байланысты бекітіледі. Төлемдерді жұмыс істейтіндер ғана алады. Ал төлем мөлшері табысыңызға байланысты арнайы формула арқылы есептеледі.

Есептеу үшін соңғы екі жылдағы орташа айлық табысты 24 айға бөліп, табысты ауыстыру коэффициентіне көбейтіп, міндетті зейнетақы жарналарының 10%-ын алып тастау керек. Есепке жұмыс берушінің әлеуметтік аударымдар жасаған табыстары алынады.

Мәселен, бастапқыда жалақыңыз 100 000 теңге болса, екінші жылы 150 000 теңгеге өсті. Осылайша, соңғы екі жылдағы жалпы табыс мөлшері 3 млн теңгені құрады.

Бұл соманы 24-ке бөліп, 125 000 теңге аламыз. Бұл - кірістің орта айлық мөлшері.

Табыс алмастыру коэффициентіне көбейтілген сан:

125 000 × 0,4 = 50 000.

Алынған сомадан 10% зейнетақы жарналарын шегерсек, 45 000 теңге бала күтімі бойынша ай сайынғы төлемдердің мөлшері болып табылады.

Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем жұмыс істемейтін ата-аналар алатын жәрдемақыдан төмен болмауы тиіс. 2024 жылы төлемнің ең жоғары мөлшері 238 000 теңгеден аспауы керек.

Балаға бірнеше міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар күтім жасаса, күтімге байланысты төлем тек біреуіне тағайындалады.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы

Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы 4 және одан да көп 18 жасқа дейінгі (немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқудағы) балалары бар отбасыларға беріледі. Отбасы құрамында асырап алған балалар қоса есептеледі.

Көпбалалы отбасылар жәрдемақыны ай сайын алып отырады. Оның мөлшері бала саны мен АЕК коэффициентіне байланысты есептеледі.

2024 жылғы жәрдемақының мөлшері:

4 балаға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;

5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;

6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;

7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;

8 және одан көп баласы бар отбасыларға – 32,06 АЕК немесе 118 366 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК немесе 14 768 теңгеден қоса төленеді.

Марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы

Бұл жәрдемақыны ай сайын «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені барларға, сондай-ақ «Батыр ана» атағын алғандар алады. Төлемдердің мөлшері көпбалалы статусындағы анаға беріліп, айлық есептік көрсеткішке тәуелді болады.

«Алтын алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлеріне 7,4 АЕК көлемінде, яғни  27 321 теңге беріледі.

«Күміс алқасы» бар аналар 6,4 АЕК көлемінде 23 629 теңге жәрдемақы алады.

Мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы

Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар балалар мен олардың күтушілеріне ай сайын жәрдемақы төленеді. Төлемдердің сомасы күнкөріс минимумына байланысты 43 407 теңгені құрайды.

2024 жылы мүгедектігі бар балалар үшін төленетін жәрдемақы көлемі:

7 жасқа дейінгі балаларға – 69 885 теңге (1,61 КМ);

7-ден 18 жасқа дейінгі І топтағы мүгедектігі бар балаларға – 95 495 теңге (2,2 КМ);

7-ден 18 жасқа дейінгі ІІ топтағы мүгедектігі бар балаларға – 79 435 (1,83 КМ);

7-ден 18 жасқа дейінгі ІІІ топтағы мүгедектігі бар балаларға – 69 885 теңге (1,61 КМ).

Анасына, әкесіне, асырап алушысына немесе қамқоршысына мүгедек баланы бағып-қағуға төлем сомасы 69 885 теңгені (1,61 ЕТЖ) құрайды. Баланың мүгедектік тобына байланысы жоқ. Егер отбасында бірнеше мүгедек бала болса, әрқайсысына жеке күтім бойынша жәрдемақы төленеді.

Балаға төлемдерді қайда және қалай рәсімдеуге болады?

Балаға төлемдер мен жәрдемақыларды бірнеше тәсілмен рәсімдей аласыз:  

  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы,
  • Электронды үкімет порталы eGov.kz арқылы,
  • Проактивті қызмет арқылы.

Бала туғанда берілетін, әлеуметтік төлемдер мен бала күтіміне байланысты жәрдемақыны тағайындау үшін Kaspi, Halyk және Egov mobile банктерінің мобильді қосымшаларына жүгіне аласыз.

Төлемдер мен жәрдемақыларды проактивті қызмет арқылы алу - ең оңай тәсілі. Бастысы телефон нөміріңіз eGov.kz порталы, eGov mobile мобильді қосымшасы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының кеңселері арқылы Мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы қажет.

1414 нөмірінен алғашқы хабарлама бала туылған сәттен бастап бір тәулік ішінде келуі керек. Қызметті алуға келісімді растау және ақша аударылатын банк шотын көрсету үшін 3 күн ішінде жауап беру қажет. Басқа мәліметтерді көрсетудің қажеті жоқ: жүйе оларды мемлекеттік органдардан өзі сұратады.

Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақыны Egov порталындағы құрамдас қызмет арқылы рәсімдеуге болады. Өтініш толтырып, «Қазпошта» немесе Halyk Bank-тен ашылған есепшот нөмірін көрсеткен жөн.  Сондай-ақ, өтінішке электронды цифрлық қолтаңбамен қол қою қажет. Бала туғанда берілетін жәрдемақыны тағайындау туралы хабарлама 7 жұмыс күні ішінде келеді.

Жүктілікке, босануға немесе жаңа туған баланы асырап алуға байланысты әлеуметтік төлемдер еңбекке жарамсыздығы парағында көрсетілген демалыстың бірінші күнінен бастап беріледі. Осылайша, төлемді алу декреттік демалыс басталған күннен бастап бір жыл ішінде алуға болады. Бірақ уақыты осы мерзімнен асып кетпеуі тиіс.

Бала туғанда берілетін жәрдемақыны, сондай-ақ бала күтімі бойынша жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді бала туылған күннен бастап 18 ай ішінде рәсімдеуге болады. Егер әңгіме асырап алынған бала туралы болса, есептеу сот шешімінің күшіне енген күннен немесе қорғаншы тағайындалған күннен басталады.

Көп балалы отбасына және марапатталған анаға берілетін жәрдемақылар өтініш түскен күннен бастап төленеді. Егер тиісті төлемдер бірден рәсімделмесе, сома өткен уақыт үшін де есептеледі.  

Айнұр Оспанова
Бөлісу: