Балалардың демалысын ұйымдастыруға білім басқармалары жауапты болады

23 Сәуір, 20:31 644

Бүгін Оқу-ағарту министрлігінің аппараттық кеңесінде өңірлік білім басқармаларымен, ведомстволық бағынысты ұйымдармен және әдістемелік кабинеттермен бірге «Жаз-2024» балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оқу-ағарту министрлігі ІІМ, ДСМ, ТЖМ, МАМ, ТСМ, ҒЖБМ, ЕХӘҚМ және ЭТРМ-мен бірлесіп заңнамалық нормаларды, бағдарламаларды, сондай-ақ мониторинг пен бақылауды қамтитын іс-шаралар жоспарын қабылдады. Биыл бірінші рет лагерьлердің әрбір түрі үшін бірыңғай талаптар әзірленді, қосымша білім беру бойынша еріктілер мен педагогтер жұмысқа тартылды, лагерьлерді қабылдау мен нұсқама өткізудің республикалық мониторингі құрылды. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдармен бекітілген балаларды сауықтыру орталықтарының тізілімі жолданды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, жазғы демалысты өткізу мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондықтан әріптестер, балаларды қорғау шараларын қатаң бақылауға алып, жұмысты күшейту керек. Сіздерге тиісті әдістемелік құралдар мен алгоритмдер жолданды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша білім басқармаларының басшыларына жеке жауапкершілік жүктеймін, - деп атап өтті оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Биылғы жазда барлығы 3,1 млн баланы, яғни оқушылардың 88,2%-ын демалыспен қамту жоспарлануда. Олар үшін 10 630 лагерь әзірленді.
Перизат Саденова
Бөлісу: