Қазақстанда балалардың қосымша білім алуына қатысты мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін бірыңғай цифрлық портал іске қосылуда. Жоба қазір пилоттық режимде Қарағанды және Қызылорда облыстарында жұмыс істеп тұр.
Бұл туралы премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру, қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында 2025 жылғы 1 маусымнан бастап балалардың қосымша біліміне арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда, – делінген Аида Балаеваның депутаттық сауалға берген жауабында.
Қосымша біліммен қамту көрсеткіші
Естеріңізде болса, 2021 жылдан бері елімізде шығармашылық, спорттық және білім беру бағыттары бойынша мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылып келеді. Ал қаржыландыру көлемін, басымдықтарын және ваучер беру тәртібін жергілікті атқарушы органдар айқындайды.
2025 жылы бұл мақсатқа 113,4 млрд теңге бөлінді (2023 жылы – 91,5 млрд, 2024 жылы – 96,5 млрд). Нәтижесінде 497 мың бала үйірмелер және секциялармен қамтылған.
Білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді орталықтандыру мақсатында, Ұлттық білім беру деректер қорын дамыту аясында «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп Ұлттық білім беру платформасы құрылуда. Аталған платформада қосымша білім беру модулі әзірленген. 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап платформаны республика аумағында кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр, – деп нақтылады министрлік.
Бұл пилоттық жоба Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып, 2026 жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Жобаның жалпы қаржыландыру көлемі – 20,1 млрд теңге.
Қазіргі уақытта пилоттық өңірлердің тұрғындарына:
6 қаңтарда Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин спорттық және шығармашылық үйірмелерге төлем «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы жүргізілетінін хабарлаған болатын.
2021 жылдан бері Қазақстанда ваучерлік қаржыландыру жүйесі жұмыс істейді. Ол мемлекет басшысының тапсырмасымен балаларға тең мүмкіндік беру мақсатында енгізілген. Жүйенің қағидасы қарапайым: мемлекет әр балаға бір үйірме немесе секция үшін қаржы бөледі, ал ата-ана бағытты өзі таңдайды.
2025 жылы Астанада бұл бағдарламамен 25 мыңнан астам бала қамтылған. Республика бойынша қамту көрсеткіші 500 мыңнан асады.
Алайда бұрынғы жүйеде бірқатар мәселе анықталған. Мәселен, спорт, мәдениет және білім басқармаларының үш түрлі кезегі өзара синхрондалмаған, бұл ата-аналар арасында түсінбеушілік туғызған.
Енді өтінім қабылдау, ваучер бөлу және сабаққа қатысуды бақылау үдерісі толық орталықтандырылып, ашық әрі әділ форматта жүргізіледі.
Жаңа жүйенің негізгі ерекшелігі – әлеуметтік санаттау тетігінің енгізілуі. Енді өтінімдер тіркелу уақыты бойынша емес, әлеуметтік маңыздылығына қарай сараланады. Барлығы 12 санат бекітілген. Негізгі коэффициенттер:
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар – 5;
Мүгедектігі бар отбасынан шыққан, АӘК алатын, жетім балалар – 3-4;
Көпбалалы отбасылардың балалары – 2;
4-18 жас аралығындағы өзге балалар – 1.
Бұл тәсіл «кім бірінші тіркелді» деген жарысты болдырмай, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар енді ваучер нақты үйірмеге емес, баланың өзіне беріледі. Ата-ана ваучер алғаннан кейін қолайлы бағытты өзі таңдайды. Бұл жүйенің икемділігін арттырады.
2025 жылғы 15 желтоқсандағы жағдай бойынша:
14 155 үйірме мен секция – мектептен тыс ұйымдарда,
117 973 үйірме мен секция – мектептерде,
барлығы 132 128 үйірме мен секция 380 бағыт бойынша жұмыс істейді.
Қосымша біліммен 3,5 млн бала қамтылған, оның 2,2 миллионы тегін үйірмелерге қатысады.
Министрлік жаңа жүйенің мүмкіндіктерін де атап өтті:
Жүйе ата-аналарға үйірмені автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді, сабаққа қатысуды QR-кодтар немесе биометриялық сәйкестендіру арқылы есепке алуды қамтамасыз етеді, мемлекеттік шығындарды бақылауға жағдай жасайды әрі «Ата-ананың әлеуметтік әмияны» ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.
Ведомствоның бағалауынша, ваучерлік қаржыландыру балаларды тегін үйірмелермен қамтуды арттырып қана қоймай, қосымша білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Себебі қаржы енді мекемелерге емес, нақты балаға бағытталады.